• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Қаңтар, 2016

Жастар – елдің ертеңі

639 рет
көрсетілді

Ақтөбе өңіріндегі жұмыс сапарының екінші күні Мем­лекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова мен облыс әкімі Бер­дібек Сапарбаев алдымен 2013 жылы пайдалануға берілген 155 кереуеттік «Дару клиникасы» медициналық оңалту орта­лығы» ЖШС-іне барды. Серіктестіктің бас директоры Ғалымжан Елеуов орталық жұ­мы­сымен таныстырды. Бұл жоба­ның құны – 774154,296 мил­лион теңге. Орталық осы заман­ғы озық медициналық қондыр­ғы­лармен және аппараттармен жа­рақ­тандырылған. Мұнда балалар мен ересектерге көптеген ауру түр­лері бойынша арнаулы амбу­ла­ториялық және стацио­нарлық медициналық көмек көр­се­тіледі. Мұнда Германиядан, Швей­цариядан, Израильден, Чехия­дан, Түркиядан, Кореядан кәсі­би біліктілігін жетілдіріп кел­ген маман дәрігерлер жұмыс істей­ді. Оңалту орталығында еңбек ете­тін 303 қызметкердің 102-сі дәрі­гер, оның он төрті медицина ғы­лым­дарының докторы мен канди­даты, отыз алтысы жоғары санат­ты дәрігер болып табылады. Орта­лық пайдалануға берілгеннен бері 4277 адам медициналық оңал­ту­дан өткен. Бұл мемлекет-жеке­меншік әріптестігі негізінде іске қосылған медицина мекемесі. Алдағы уақытта осындай тағы екі емдеу мекемесі мемлекет-же­кеменшік әріптестік негізінде пайдалануға берілмек. Өңірде медициналық кластер құру және медициналық туризмді дамыту көзделуде. Содан кейін Мемлекеттік хат­шы «Каспий плюс» ЖШС-і­не атбасын тіреді. Кәсіпорын тау-кен және өндіру өнеркәсібі үшін әртүрлі бекіткіш бұйымдар өндірісімен айналысады. Серік­тестік директоры Жандос Пангереевтің мәлімдеуінше, кәсіп­орын жылына 10 мың тонна бекіт­кіш бұйымдар шығарады, 1000 тонна металл өңдейді. Жоба­ға 500 миллион теңге қаржы са­лынған. Қазір мұнда 30 адам еңбек етеді. Кәсіпорындағы зама­науи станоктардың әрқайсысы оннан астам темір өңдеу және жону операцияларын атқарады. Қазір кәсіпорынның қуаты қандай да күрделі қосалқы бөлшектерді шығаруға, металл өңдеу саласында Қазақстанның аумағында бәсекеге қабілеттілікті және импорт алмасуды ұлғайтуға мүмкіндік береді. Мемлекеттік хатшы мен өңір басшысы Қ.Жұбанов атын­дағы өңірлік мемлекеттік универ­ситетінің Студенттер сарайында өткен «Менің жетістігім – Тәуел­сіздіктің жетістігі» атты ай­мақ­аралық жастар форумына қатысты. Форумға еліміздің батыс аймақтарынан, көршілес Қы­зыл­орда, Ресейдің Орынбор облыстарынан делегаттар келді. Аймақаралық жастар кездесулерін өткізу – жас­тар саясаты бағытындағы Қа­зақстан мен Ресейдің екіжақты инте­грациясының жарқын үлгісі деуге болады. Жастар жиынының шымылдығы егемен еліміздің тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде жүріп өткен жолы мен қол жеткен табыстары туралы бейнефильммен ашылды. Онда әлем мойындаған Қазақстанның экономикалық-саяси даму бағыттары баяндалған. Форумды кіріспе сөз сөйлеп ашқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бүгінгі жастар жиынын Нұрсұлтан Назарбаев айқындап берген басым бағыттарды орындау, аймақтардың экономикасын да­мыту, аймақтар арасында ын­тымақтастықты нығайту мақса­тында жасалған маңызды қадам ретінде бағалады. Елбасының бас­тамасымен қолға алынған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының бес институттық реформасын жүзеге асыруға жастарды белсенді тарту және олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға ықпал ету- мемлекеттік органдардың бас­ты міндеті екенін атап өтті. Мем­лекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баевтың «Қазақстан жаңа жа­һандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауында атап көр­сетілгеніндей, жастарға зор жауап­кершілік жүктелетінін алға тарта сөйледі. Сондай-ақ, ел келешегінің кемелділігі жастардың терең білім алып, білікті маман болып шығуы, сөйтіп, Тәуелсіздіктің тұғырлы болуына елеулі үлес қосуы арқылы қалыптасатынын жеткізді. Бұл бағытта елімізде жастарға қолайлы жағдайлар туғызылып отырғанын атап өтті. Соның бір көрінісі ретінде «Болашақ» мемлекеттік бағ­дарламасына тоқталып, көп­теген жастардың шетелдерде білім алып келгенін, жастардың қо­ғамға қажетті азамат болып қалыптасуына алғышарт жасайтын басқа да бағдарламалардың жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті. –Тәуелсіздік жылдары егемен елге аянбай қызмет ететін, алғыр да жүректі жастардың тұтас толқыны өсіп-жетілді. Сондықтан да әлемдегі өркениетті елдер қа­тар­ында болу үшін жігерлі, жаңа­шыл идеялармен қаруланған, білім­ге құштар, ұлттық құндылық­тарды бойына сіңірген жастарды тәрбиелеу қажет. Бұл елімізді әлем­дегі дамыған 30 елдің қа­тары­нан орын алуға жеткізеді, – деді өңір басшысы. Мемлекеттік хатшы Г.Әб­ді­қалықова мемлекет тарапынан өскелең ұрпақты тәрбиелеуге баса назар аударылып отырғанын, елімізде жастардың жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдайлар мен тиімді жұмыс істеу үлгісі жасалғанын, қала мен аудандарда жастардың ресурстық орта­лықтары құрылғанын атап өтті. Ол елімізде «Болашақ», «Жасыл ел», «Дипломмен –ауылға!», «Жастар тәжі­рибесі» «Серпін» жобалары табыс­ты жүзеге асырылғанын, Елба­сының қолдауымен 2017 жылы тегін кәсіптік-техникалық білім беруді көздейтін жаңа жоба­ның бастау алатынын мәлімдеді. – Елбасы адами капиталды дамыту – Қазақстанның қазіргі заман­ға сай қалыптасуы мен өсуінің басты шарты ретінде әр­дайым жастардың рөлін ерекше атауда. Бәсекеге қабілетті ада­ми капиталды тәрбиелеу, әсіре­се, жастардың белсенділігі арқы­лы «Қазақстан-2050» Стратегия­сында белгіленген мақсаттар­ға қол жеткізе аламыз. 25 жыл­дық Тәуелсіздік тарихында Қазақ­стан халқының әлеуметтік-эконо­ми­калық әл-ауқаты артып, ішкі саяси, ұлтаралық, дінаралық тұрақтылық қамтамасыз етіліп, халықаралық қаты­настарды нығайта отырып, білім, ғылым, мәдениет салаларын­да толағай табыстарға қол жет­кіздік, – деді Гүлшара Наушақызы. Форумда студенттік, жұмысшы және ауыл жастарының, этно­мәдени бірлестіктердің өкіл­дері, жас кәсіпкерлер мен тәуел­сіз­дік құрдастары сөз алып, Тәуел­сіздік жылдары қол жеткен жетіс­тіктер жайлы әңгіме өрбітті. Тәуел­сіз­дік­тің 25 жылдығына арнал­ған шара­да ел, Отан, туған жер ту­ралы пат­риоттық әндер шырқа­лып, жастар жүрегіне жол тапты, отаншылдық сезімге жігерлен­дірді. Шара барысында респуб­лика­­лық деңгейде өткізілетін «Спорт­­сыз бір күн жоқ» спорт­тық, «Бола­шақтың 25 идеясы» ғылы­ми, «25 қайырымды іс» қайырым­дылық, «Экотренд-04» эколо­гиялық және «Бабалар ізімен» ұлт­тық мәдени шығармашылық мара­фон­дары бастау алды. Алқалы жиын соңында форумға қатысу­шылар еліміздің жастарына Үндеу қабылдады. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.