• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
28 Қаңтар, 2016

Ақ үйдің алдында – отыз жыл

306 рет
көрсетілді

өмірін пикетте өткізген әйел дүниеден озды АҚШ-тың Вашингтондағы Ақ үйдің алдында 30 жылдан астам уақытын пикетте тұрумен өткізген әйел қайтыс болды. Ол осы жылдардың бәрінде биліктен бейбітшілік үшін күрес пен ядролық қарусыздануды талап етіп келіпті. Washington Post газетінің мәліметінше, Кончита Пиччотто есімді бұл әйел дүйсенбі күні бақилыққа аттанған. Бірақ оның нақты жасын ешкім білмейді, тек 80-нің маңайында екені ғана айтылып отыр. Бейбітшілік жолындағы кү­рескер әйел жөнінде бұдан бас­қа да дерек аз. Ол 1960 жылы Ис­паниядан АҚШ-қа қоныс аударып келген. Содан кейін италиялық жігітке тұрмысқа шығып, бір қыз­ды асырап алады. Алайда, кейін Пиччотто күйеуінің бала асырап алуда алаяқтыққа барғанын біліп қойып, одан ажырасады. Ал қыз бұрынғы күйеуінде қалады. Содан кейін олардың жолдары қайтып ешқашан тоғыспайды. Кончита Пиччотто 1981 жылы бейбітшілік жолында күресушілер қозғалысына қосылады. Ол өзінің екі серіктесімен бірге АҚШ президенті резиденциясының солтүстік жақтағы есігіне қарсы бетте бекет құрады. Дегенмен, олардың қарусыздануға шақырған көптеген петицияларының бірде-бірі конгресте қарала қоймайды. Сонымен бірге, Ақ үйдің полициясы мен күзеті бұлардың бейбіт түрде қарсылық ниетін білдіріп жатқанына кедергі де келтірмейді. Алайда, заң бойынша, пикет жасаушы адамның бір өзін қалдыруға болмайтын еді. Сондықтан соңғы жылдары пікірлестерінен айрылған әйелдің жанына жас белсенділер келе бас­тады. Олар ұдайы бір-бірін алмастыратын еді, тек Кончита сол қалпы тұра берді. Мұрат АЙТҚОЖА.
Соңғы жаңалықтар