• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
28 Қаңтар, 2016

Йозеф Блаттер ФИФА президенті болып қалуы мүмкін

256 рет
көрсетілді

АСТАНА. 28 қаңтар. Спорт арбитражды соты Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) президенті Йозеф Блаттердің апелляциясын қанағаттандырса, жемқорлық дау-дамайына және футболға қатысты іс-әрекеттерден 8 жылға шеттетілгеніне қарамастан, ол өз қызметінде қалуы мүмкін. Бұл туралы ТАСС ақпарат агенттігіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Швейцарияның Sport Information агенттігінің мәлімдеуінше, егер сот Блаттердің пайдасына үкім шығарса, 26 ақпанға жоспарланған ФИФА президентін сайлау іс-шарасы заңды күшін жояды. «Әзірге Йозеф Блаттер отставкаға кеткен жоқ. Сондықтан ФИФА жарғысына сәйкес жаңа президенттің сайлануы мүмкін емес», – деп жазады аталған агенттік. Сонымен қатар, жемқорлыққа қарсы Transparancy International ұйымының өкілі Сильвия Шенк те Германияның Sport Bild журналына берген сұхбатында бұл мәселеге назар аударды. Ол ФИФА-ның ақпанда өтетін конгресінде Блаттерді қызметінен босатуды күн тәртібіне енгізу керектігін айтып: «Егер Арбитражды сот Блаттерді ақтап шықса, жаңадан сайланған президенттің барлық шешімдері негізсіз болады», – деді. Әзірге 26 ақпанда өтетін жиында бұл мәселе қарастырылатыны туралы ешқандай ақпарат тараған жоқ. Сондай-ақ, мамандар Блаттердің де өз еркімен қызметінен кету жөнінде өтініш жазуы екіталай екенін айтып отыр. Бір сөзбен айтқанда, ол соттың шешімін күтіп, соған дейін өзі президент болып қала береді. Еламан Қоңыр. Дерек: ТАСС. Сурет: rbc.ua.