АҚТАУ. 28 қаңтар. Ақтауда қарақшы құндақтағы сәбиге тапанша тақау арқылы анасын қорқытып, үйді тонаған. Бұл туралы tumba.kz сайтына сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Оқиға 27 қаңтарда Ақтау қаласының 1-шағын ауданында болған. «Ақтау қалалық газ қызметіненмін» деп есік қаққан қарақшы пәтерге кірісімен нәрестенің басына тапанша тақап, әйелден үйдегі барлық бағалы заттарды беруді талап еткен. Баланы сақтап қалу үшін қорыққан үй иесі әйел қолындағы бар мүлкін берген. Қазір Ақтауда қалалық газ қызметі мекемесі жоқ. Алайда, дәл сол күні «ҚазТрансГазАймақ» мекемесінің қызметкерлері аталған шағын ауданда жоспарлы тексеру жұмыстарын жүргізген.
Оқиғадан соң іске кіріскен жергілікті тәртіп сақшылары қарақшының фотороботын жасап, іздестіру жұмыстарын жүргізуде. Құқық қорғау орындарындағы дереккөздердің мәліметінше, күдікті бұрыннан полицияның деректер базасында тіркеуде тұрған Өзбекстаннан келген мигрант болуы мүмкін. Ол тоналған үйдің ауқатты екенін білген, сондықтан қылмыс ұйымдасқан сипатта, яғни, сыбайластармен бірге жасалуы мүмкін деп болжануда.
Гүлайым Шынтемірқызы.
Дерек: tumba.kz.
Сурет: nikpravda.com.ua, tumba.kz.