• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Қаңтар, 2016

Зика безгегі Еуропа елдеріне жетті

307 рет
көрсетілді

АСТАНА. 28 қаңтар. Зика безгегін жұқтырған науқас Данияда тіркелді. Бұл туралы Euronews телеарнасына сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Індетті Орталық және Оңтүстік Америкаға барған ер адам жұқтырған. Қазіргі таңда бұл аймақтың көптеген елдерінде зика эпидемиясы өршіп тұр. Бұдан бұрын безгекті жұқтырудың екі дерегі – Швейцарияда, төрт жағдай – Италияда, тағы екі оқиға АҚШ-тың Вирджиния және Арканзас штаттарында тіркелген болатын. Індетті жұқтыру оқиғаларының барлығында дерлік ауырған адамдар вирус шалған елдерге барған. Ал, бұл індет адамға маса арқылы жұғады. Зика безгегі әсіресе жүкті әйелдер үшін өте қауіпті болып саналады. Себебі, ауру іштегі баланың бойында ауытқушылықтар тудыруы мүмкін. Кейбір ғалымдар індет пен Бразилияда ми дертімен дүниеге келген сәбилер санының өсуінің арасындағы байланысты жоққа шығармайды. Сол себепті мамандар аяғы ауыр әйелдерді бұл аймаққа барудан бас тартуларын сұрап отыр. Зика індеті бүгінге дейін 20-дан астам елде тіркелген. Ал, Бразилия әлем бойынша ең ірі эпидемияны басынан өткеріп отыр. Осыған орай Халықаралық Олимпиада комитеті өз алаңдаушылығын білдірді. Себебі, биылғы Олимпиада осы елдің Рио-де-Жанейро қаласында өтетіні белгілі. Еламан Қоңыр. Дерек: Euronews. Сурет: ilpost.it.