• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
28 Қаңтар, 2016

Атыраулық отбасы шатырсыз, еденсіз баспанада тұрады

395 рет
көрсетілді

АТЫРАУ. Атырау облысының Шоқпартоғай ауылында бір отбасының шатырсыз, еденсіз үйде тұратыны анықталды. Бұл туралы azh.kz сайтына сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Жылыой ауданындағы елді мекеннің бірі – Шоқпартоғайдың тұрғыны Гүлжан Қожанова ІІ топтағы мүгедек қызымен бірге атасынан мұраға қалған баспанада тұрады. Алайда, 1944 жылы қабырғасы қаланған үйдің не шатыры, не едені жоқ. Бір сөзбен айтқанда, лашық тәріздес баспананың төбесіне сабан төселіпті. Үй иесінің айтуынша, бұрын күйеуі бұл үйді майлап, төбесінен су өткізбеудің амалын жасаған екен. Күйеуі өмірден өткен төрт жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Гүлжан Қожанова әкімдікке бірнеше рет шағым айтып, бір жыл бұрын Құлсары қаласындағы көп қабатты үйден уақытша бір бөлмелі пәтер алған. Бірақ, оның коммуналдық төлемақыларына төленетін шығынның көптігінен бұрынғы баспанасына қайта оралған. Қызының мүгедектігіне ай сайын 35 мың теңге алады. Жаңа баспана сатып алатындай қаржысы жоқтығына налиды. Осы отбасы мекен еткен Қараарна округінің әкімі Ерболат Елеусінов те шатырсыз, еденсіз үйдің тұруға жарамсыз екенін растапты. Сол себептен Құлсары қаласынан бір бөлмелі пәтер уақытша берілген. Бірақ мүгедек қызы бар Гүлжан Қожанова өз ауылынан кеткісі келмейді. Округ әкімі шағын болса да үй тұрғызып беру үшін кәсіпкерлерден көмек сұралғанымен, ешқайсысы көмек қолын созуға ынта таныта қоймағанын айтты. Жолдасбек Шөпеғұл. Дерек, сурет: azh.kz.