• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Қаңтар, 2016

Елімен етене партия

469 рет
көрсетілді

Алда – асқаралы асулар

Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс  ХVII съезі өтеді.

Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XVIІ съезі өз жұмысын бастайды. Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтетін алқалы жиынға еліміздің барлық өңірінен 2200 адам келді. Олардың 600-ден астамы саяси ұйымның аймақтық филиалдары саяси кеңестерінің кеңейтілген отырыстарында сайланған делегаттар. Съезд барысында партияның сайлауалды бағдарламасы қабылданып, Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлаудың партиялық тізімі бекітілмек әрі партия Саяси кеңесінің құрамындағы өзгерістер қаралмақ. «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XVIІ съезінің шақырылуы қоғам тарапынан саяси мәні зор оқиға ретінде қарастырылуда. Өйткені, Елбасы саясатын қол­дауда, мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық бағытын айқын­дауда өзінің белсенді әрекетімен таны­лып, халық сеніміне селкеу түсір­мей келе жатқан партияның съезіне ешкім де бейжай қара­май­тыны анық. Қоғамды одан әрі демократия­лан­дыруды көздейтін экономи­калық және саяси реформаларды жүзеге асыруды, азаматтардың өмір сүру деңгейін көтеруді, тұрақ­тылық пен орнықты дамуды қам­тамасыз етуді, ұлтаралық және кон­фессияаралық келісімді нығай­туды, өскелең ұрпақты ел-жұр­тымызды сүюге, ұлттық құнды­лық­тарымызды бағалап, қадірін білуге үндеуді басты мақсаты санайтын, сондай-ақ, осы бағыттағы нәтижелі жұмыстарының арқасында ел сеніміне ие болған «Нұр Отан» партиясы қазіргі дағдарыс жағ­дайында халыққа одан сайын жақындап, елмен етене бола түсуі көңілге жылылық ұялатпай қоймайды. Әсіресе, партияның көп­теген жасампаз істердің бас­тама­шысы болып отырғаны да назар аудартады. Сондай-ақ, партия­ның қоғамымыздағы түрлі мәсе­лелерді халықпен бірге шешу ісін­де тәжірибесі мол. Міне, бұл атал­ған жағдаяттар, іргелі істер бар­ша қазақстандықтардың осынау саяси ұйымға деген сенімін нығай­та түсетіні анық. Әлемдегі қалыптасып отырған эконо­микалық жағдайдың ауыр­лығына қарамастан Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алға үлкен міндеттер қоюы саяси ұйымның жауапкершілігін арттыра түсері сөзсіз. Сондықтан да нұр­отандықтарға, әсіресе, съез­ге қатысушы делегаттарға көбі­рек салмақ түсетіні анық. «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XVIІ съезіне қатысып отыр­­ған ай­мақтық филиалдар саяси кеңес­терінің кеңейтілген оты­рыс­­тарында сайланған делегаттар, барша нұротандықтар бұл жауап­­кер­шілік жүгін абыроймен көтереді деп ойлаймыз. Айта кетейік, съезге қатысу үшін республикамыздың барлық өңір­­лерінен келген делегаттарды күтіп алу ісі өз деңгейінде ұйым­­дас­тырылды. Мәселен, кеше Қос­танай облысынан келген делега­ция­ны күтіп алуға біз де куә бол­дық. Қостанайлық делегат­тар­мен сұх­бат­тасу барысында олар­дың съезд жұ­мысына қызу дай­ындық­пен кел­гені анық аңғарылып тұрды. Олардың барлығы да осынау айтулы жиынға қатысуға мүм­кін­дік алғандарына дән риза екендерін сөз ете келіп, ондағы қаралатын мә­се­­лелердің еліміздің бүгіні мен ер­теңі үшін өте маңызды екенін жеткізді. «Осымен «Нұр Отан» партия­сының бес съезіне қатыс­пақ­пын. 2000 жылдан бері партия мү­ше­сімін. Бұл жолы да халқымыз үшін аса маңызды, жауапты сұрақтар тал­қы­ланатын жиынға қатысып, өз дауы­сымды беремін», – дейді «Нұр Отан» партиясы Федоров аудан­дық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Евгения Жданова. Жалпы, елімізге танымал беделді азаматтар, «Қазақстанның Еңбек Ері», «Халық Қаһарманы» атақ­тарының иегерлері, әр­түр­лі сала мамандары, ірі кәсіп­­орын­дар жетекшілері, ғылым және шы­ғармашылық интел­ли­ген­­ция, үкіметтік емес және жас­тар ұйымдарының өкілдері, «Үз­дік бастауыш партия ұйы­мы» республикалық байқауы жеңім­паз­дары, партия филиалдарының бел­сенді қызметкерлері қатысып жат­қан «Нұр Отан» партиясының кезек­тен тыс XVIІ съезінен кү­те­рі­міз көп. Ал әзірге съезд жұмысы қалай түйінделетінін тоса тұрайық. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан».

Партиямыз бен халықтың мақсат-мүддесі үндес

Жамбыл жерінен «Нұр Отан» партия­сы­ның кезектен тыс XVII съезіне қатысу үшін 44 делегат келдік. Ұлты­мыздың сим­волына, Ота­нымыз­дың жүрегіне, Тәуелсіз­ді­гі­міздің тірегіне айналған Астана төрінде өткелі отырған бұл съезде біздің партия алдағы 5 жылдыққа жаңа мақсаттар мен міндеттер қоюды көздеп отырғаны анық. Өт­кен кезеңдерді саралайтын бол­сақ, партия өзінің алға қойған міндет­терін орындап, көптеген мәселе­ні мерзімінен бұрын шешті. Елба­сы, «Нұр Отан» партиясының Төр­ағасы Н.Ә.Назарбаев еліміз тәуел­сіздік алған алғашқы сәттен бастап мемлекеттің өркендеуі мен қоғам­ның жан-жақты дамуына айрықша мән беріп келеді. Осы жылдар ішінде Қазақстан барлық салада қарқынды даму жолынан өтті. Еліміздің әлем мемлекеттері арасындағы беделі артып, бастамашылық бейбіт идея­лары үлкен қолдауға ие болды. Осының барлығы – Елбасының дара саясатының жемісі, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарған жасампаз халқымыздың ерен еңбегінің жеңісі. Сондықтан, еліміздегі ең ірі саяси күш ретінде бұл сайлауға міндетті түрде қатысуды көздеп отыр. Алғашқы құрылған күнінен бастап біздің партия тың бастамалар көтеріп, мемлекеттік жауапты шешімдердің қабылдануына ұйытқы болып жүр. Ол елдің мүд­десін қорғайтын, халықтың керегін жоқтайтын нағыз халықтық партия екенін көрсетіп келеді. Сол себепті де, өткен сайлаулардың бәрінде көп­шіліктің сеніміне ие болды. Уақыт – зымыран. Бүгінгі күн­нің талабы ырғалып-жырғалуды кө­термейді. Міне, осы кезеңде «Нұр Отан» шын мәнінде халық мүд­­десі жолындағы партия екен­дігін дәлелдеді. Бұл орайда да­му қарқынын үдете тү­су­ге жамбыл­дық­тардың да қосып отыр­ған үлесі зор. «Нұр Отан» партиясы – халық­тың қамын ойлаған саяси күш. Бұл – нұротандықтар үшін өте жауапты науқан. Осы съезде халықтың көбірек сеніміне ие бо­лу мәселесі жан-жақ­ты талқыланып, зерде­лене­ді және меже­лі мін­дет­тері белгі­ленеді. Бү­гінде барша қазақстан­дықтардың сенімді серігіне айналған «Нұр Отан» партиясының елі­міздің әлеуметтік-эко­номикалық тұрғы­дан дамуына және өсіп-өркен­деуіне қосқан үлесі сүбелі. Нұрлы болашаққа жол бастаған «Нұр Отан» бүгінде халқының қамын, жұртының мұқтажын, жастардың бола­шағын әріден ойлайды. Өйт­кені, партия – қазіргі таңда өзін­дік бет-бейнесі мен саяси ұста­нымы орныққан еліміздегі жетекші сая­си ұйым. Ендеше, бұл съезде пар­тия мүшелері тарапынан үл­кен белсенділік күтеміз. Өйтке­ні, ішкіпартиялық жұмыстар әрқа­шанда жаңа бастамалармен және тың ой­лармен сабақтасып, дамып оты­рады. Бұл іс-шара партия жұ­мысын жандандыруға бағытталған ұтымды ұсыныс-пікірлер айтуға мол мүмкіндіктер береді деп ойлаймын. Мемлекет басшысы айт­қан­дай, «бойдың емес, биік ойдың» шараларын ұйымдастыру кезек күттірмес тірлік болғалы тұр. Қалай айтсақ та, «Нұр Отан» партиясының мақсат-мүддесі Қазақ­стан халқының мақсат-мүдде­сімен үндес. Өйткені, партия­ның тілегі – бірлік, тілеуі – бере­ке, мақсаты – ынтымақ, көзде­гені – ұлт тұтастығы мен елі­мізде­гі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақ­тылығы. Сонымен қатар, көпұлт­ты Қазақстан халқының жар­қын өмір сүруі мен әлеуметтік-тұрмыс жағдайын көтеру, құ­қық­тық әділ­діктің әлеуетін орнықтыру болып табылады. Сембек СЕЙДӘЗІМОВ, «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты, съезд делегаты.  Жамбыл облысы.

Өзара іс-қимыл келісімі

Елбасы «Ұлт Жос­пары – қазақстандық ар­ман­ға бастайтын жол» атты ба­ғ­дар­лама­лық мақала­сында жаңғыр­тудың тек қуатты мем­лекет пен ұлттың топ­тас­қандығы жағдайында ғана табыс­ты болатынын естен шығармау тиіс­тілігін, ол тәртіпке бас­тайтынын атап көрсеткен бола­тын. Соған орай, алда Бес инсти­тут­тық реформа бойынша «100 нақты қадамды» жүзеге асыру нұротан­дықтар үшін де негізгі іс-қимыл ар­қауына айналып, күнделікті қыз­метінде көрініс тауып отыр. Өйткені, бүгінгідей жаһандық экономикалық қиындықтардың дүмпуі ерекше сезіліп тұрған кезеңде партияның тарихи жауаптылығы артумен қатар, ел тағдыры үшін зор талаптар жүктелетіні айтпаса да түсінікті. Саяси ұйымның негізін қалаушы Елбасының басшылығымен Қазақ­стан халқы экономикасы серпінді дамыған қоғам және демократиялық мемлекет құрып, ХХІ ғасырдың ортасына таман отыз елдің қатарына кіру секілді ұлан-ғайыр тарихи міндеттер тұр. Осы ретте «Нұр Отан» партиясы Отанымызды мекен ететін жүздеген ұлт пен ұлысты ұйыстыратын, Президентіміздің мемлекеттік бағытын орындауды қамтамасыз ететін бірегей сая­си күш ретінде танымал екенін ай­та кеткен жөн. Партияның ХV съе­зін­де қабылданған «Нұр Отан. Нұр­лы болашақ жолында!» тұғырна­масында анық жазылғандай, бар бақы­тымыздың бастауы, негізгі жетіс­тігіміз Тәуелсіздік болса, басты идея­мыз – Қазақстанды өркендету. Қазіргі таңда елімізді серпін­дірек, дәулеттірек өркендетудің ал­ғышарттары жан-жақты жасалғанын күнделікті өмірде айқын сезініп жүрміз. Алысқа бармай-ақ, университет өмірінен мысалдар келтіруге болады. Республикадағы іргелі оқу ордасы Қазақстанның аккредиттеу және рейтинг агенттігі кеңесінің шешімімен 5 жыл мер­зімге аккредиттеуден сәт­ті өтті. Демек, осы уақыт ішінде өзінің жоға­ры мәртебесін сақтай алады деген сөз. Ел­басы ұсынған өзара іс-қимылдың жаңа қағидат­тарында білімді ұрпақ дайындауға ерекше мән берілген. Универ­ситет түлектері еңбек нарығын­да сұранысқа ие, бәсекеге қабі­летті болу жұмыстарын жан-жақты жүргізуге ерекше мән беріп отырмыз. Өткен жылы радиотехника, электроника, ақпараттық жүйе (бакалавриат пен магистратура), информатика (бакалавриат) мамандықтары бойынша әлемдік стандартқа сай дипломдар алу құқығын иелендік. Университет тәжірибесінде қазіргі білімнің озық дәстүрлерін терең меңгеру мақсатымен озық технологиялар жүйелі қолданылады. Бұл қадамдар ғылыми-зерттеу жұ­мыс­тары аясында инновациялық жүйені енгізуге, экономикалық білікті кадр­лар әзірлеуге, білім сапасын жетілдіруге оң ықпал етері сөзсіз. Жалпыға ортақ табыстың басты факторлары – бірлік пен келісім, төл мәдениет пен руханилық, әділетті әлеуметтік саясат, зияткерлік ұлт. Тиімді мемлекеттік басқару жолында «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс форумы нақты бағыт-бағдар ұстап, мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара тиімді іс-қимыл бағдарламасын тағы бір айқындап беретіні анық. Жанар ТАЛАСБАЕВА, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ жанындағы Тіл институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, съезд делегаты. Солтүстік Қазақстан облысы.

Жаңа бағдарлама қабылданады, жаңа идеялар айтылады

Қазір әлем елдерінің қаржылық ахуа­лы да, экономикалық өркендеуі де баршаны алаңдатып отыр. Өйткені, әлемдік экономиканың өрге басуына өзіндік әсері мол мұнай бағасының біресе қымбаттап, біресе арзандап, сан құбылуы жаһан жұртын ғана емес, көптеген елдерді де тығырыққа тірей бастады. Бұл, әрине, экспортқа мұнай тасымалдаушы елдер қатарындағы біздің отандық экономикаға әсер етері даусыз. Дегенмен, Қазақстан халқы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қаржы дағдарысына қарсы іс-шаралар жасақтап, отандық экономиканы өркендеу ырғағынан жаңылдырмайтын саясатының жемісін көріп отыр. Жалпы, әлем елдері қаржы дағдарысы мен мұнай бағасының құлдырауынан зардап шекті дегенімізбен, мұның салқыны отандық экономикаға тие қойған жоқ. Тәуелсіз Қазақстанның болашағына сенетін отандастарымыз «Нұр Отан» партиясының съезінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық өркендеу көкжиегін одан әрі кеңейтуді көздеген бағ­дар­ламалық құжат қабылда­нарына үміт артады. Өйткені, ел-жұрт «Нұр Отан» партия­сын халыққа жақын партия деп таниды. Оның басты себебі – «Нұр Отан» үшін өтініш айтушылардың бәрінің талабы маңызды, соның ішінде, қарапайым тұрғындарды толғандырған мәселелерге ден қойып, оң шешімін табуына атсалысады. Осыған дәлел ретінде, соңғы жылдары «Нұр Отан» партиясына өтініш айтушылар, қоғамдық қабылдау бөліміне келушілер қатары еселеп артқанын айтуға болады. Елдің ықыласы жетекші партияның бағдарламасына ауып отыр. Осы жолы да қарапайым тұрғындар «Нұр Отан» съезінде Елбасы, партия Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұл съезде елімізді әлемдік қаржы дағдарысына ұрындырмай, аман алып шығатын бағдарлама ұсынады деп зор үміт артып отыр. Өзім де дәл солай боларына сенемін. Өйткені, партия Төрағасы бұған дейін де бір­неше бағдарламалардың іске асуы­на ұйытқы болып келеді. Мәсе­лен, соның бірі ретінде «Мәң­гі­лік Ел» құжатын әзірлеуге бер­ген тапсырмасын айтуға болады. Тегінде «Мәңгілік Ел» болу бабаларымыздан жеткен аманат болуымен ұлтымыздың ұлы мұратына айналды. Енді осы ұлы мұратты іске асырудың практикалық кезеңіне қадам басумен бірге, осы мақсаттағы Ұлт Жоспары да жасақталды. Ұлт Жоспары барша қазақстандық үшін темірқазықтай бағдарлы құжатқа айналып отыр. Бұл жоспардағы бес институттық ре­форма отандық экономиканы жаңа деңгей­ге көтеруге, жалпы, ел игілігі үшін жұмыс істейді деп ойлаймын. Сонымен бірге, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру – елдің ертеңі үшін маңызды қадам болмақ. Мұның әр өңірде, әр ауданда, әр ауылда жемісті іске асырылуына «Нұр Отан» партиясы атсалыса береді. Өйткені, біздің партияның басты мақсаты – ең алдымен, әрбір аймақта, елді мекенде, кентте және ауылда тұрғындардың әл-ауқатын арттыру мен шағын және орта кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтуді, инфрақұрылымдардың жаңаруы мен әр тұрғынның өркениетті қоғамда өмір сүруін көздейді. Ең бастысы, бұл съезде елімізді дағ­дарыстың құрсауында қалдырмайтын жаңа бағдарлама, жаңа идея қабылданады, Парламант Мәжілісінің депутаттығына партиялық тізіммен сайланатын кандидаттар талқыға түседі. Бұл тізімге елдің мүддесіне қызмет ететін отаншыл, заң шығару ісінде кәсіби біліктілігі жоғары партия мүшелері таңдалады деп сенемін. Ерболат БЕКТЕМІРОВ, «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, съезд делегаты. Атырау облысы.