«Қазақстан темір жолы» АҚ президенті Асқар Мамин жақында «Рохи охани Точикистон» («Тәжікстан темір жолы») мемлекеттік унитарлық кәсіпорнының басшысы Комил Мирзоалимен кездесіп, келіссөз жүргізді.
Кездесу барысында, теміржол көлігі мен логистикасы саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Қазақстан астығын экспорттау мен Тәжікстанда жасақталған жолаушылар пойызының Қазақстан аумағында жүру шарттары мәселелері қарастырылды.
Келіссөз қорытындысы бойынша, теміржол әкімшіліктерінің басшылары А.Мамин мен К.Мирзоали 2016 жылы Тәжікстанға теміржол машина жасау өнімдерінің кең көлемін сату туралы келісімге қол қойды.
Қол қойылған келісім шеңберінде тараптар тепловоздар, теміржолға қажетті басқа да құрал-жабдықтар мен жөндеу кешендері, жүк және жолаушылар вагондарына арналған доңғалақтар сату саласындағы ынтымақтастықты жалғастыратын болады. Құжаттың бір пункті Ақтөбе рельс арқалықтары зауытында шығарылатын Р-65 рельстерін Тәжікстан теміржолына сату болып табылады.
Астанаға сапары шеңберінде «Тәжікстан темір жолы» кәсіпорнының өкілдері «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ-та, «Тұлпар Тальго» ЖШС-інде болды. Олар Қазақстандағы алдыңғы қатарлы технологиялармен, теміржол машина жасау саласын әрі қарай дамытудың перспективалы жоспарларымен танысты.
Тәжікстан делегациясы, сондай-ақ, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-тың филиалдары – «Көліктегі технологиялар орталығы» мен «Тасымалдауларды басқару орталығында» болды.
«Егемен-ақпарат».