Ақмола облысының әкімі С.Кулагин мен Қазақстан іскер әйелдері ассоциациясының төрайымы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Р.Сәрсембаеваның қатысуымен Целиноград ауданындағы Қосшы ауылында «Қазына-SP» ЖШС жиҺаз цехының салтанатты ашылу рәсімі болды.
«Қазына-SP» бас директоры Сайра Матайбаева жұртшылыққа арнаған сөзінде «Біз бұрын да 10 жыл бойы жиҺаз шығарып келдік, – деді. Алайда, өндірісті кеңейту ниетіміз енді жүзеге асып отыр. Өңірлерді дамыту бағдарламасы шеңберінде Целиноград ауданының әкімдігі жер телімін бөліп, инвестициялық жобамызды жүзеге асыруды бастадық. Жобаның жалпы құны 378 миллион теңгені құрайды. Оның ішінде жабдықтар сатып алу үшін «Өндіріс» бағдарламасы аясында 110 миллион теңге қаржы бөлініп отыр. Облыс әкімі Сергей Витальевич тарапынан қолдау білдірілгеніне де ризамыз».
Бізге берілген мәліметке қарағанда, кәсіпорын бүгінгі күні экологиялық таза материалдардан дайындалған кеңсе, білім және денсаулық сақтау мекемелеріне қажетті жиҺаздарды Қазақстан нарығына шығаруда. Ал, мұнда жұмыс істейтін 60 адамның айлық жалақысы 100 мың теңгеден асып түсуде. Жаңа цех жылына 30 мың дана сапалы өнім дайындай алады.
Салтанат соңында «Қазына-SP» ЖШС қызметкері қоныстанатын тұрғын үй кешенінің таныстырылымы болып, жиналған қауым кәсіпорын дайындаған өнімдер көрмесін тамашалады.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы,
Целиноград ауданы.