• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
28 Қаңтар, 2016

Маңғыстауда жолаушылар пойызы мен газ тиеген көлік соқтығысты

326 рет
көрсетілді

АҚТАУ. 28 қаңтар. Маңғыстау облысында жолаушылар пойызы мен газ тиеген көлік соқтығысты. Бұл туралы lada.kz сайтына сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Оқиға бүгін Маңғышлақ-Бейнеу учаскесінің №6 бекеті маңындағы өткелде күндізгі сағат 15:50 шамасында болған. Апатқа ұшыраған пойыз сол күні таңертең Маңғышлақ стансасынан аттанған «Маңғышлақ-Алматы» жолаушылар пойызы, ал газ құйылған цистерналы көлік «ҚарақұдықМұнайГаз» АҚ-на тиесілі болып шықты. «Мен жақын маңнан өтіп бара жатып, апатты өз көзіммен көрдім. Пойыз машинисі ұзақ дабыл қақты, бірақ газ тасушы көлік тоқтамады. Нәтижесінде екеуі соқтығысып, пойыз көлікті 40 метрдей жерге ысырып әкелді. Өрт болған жоқ, бірақ оқиға орнына жақын бару мүмкін болмады. Себебі, газдың иісі қатты шығып тұрды», – дейді оқиға куәгері. Оқиға орнына «ҚарақұдықМұнай» ЖШС және «Кенесары» ЖШС құтқарушылары мен өрт сөндірушілері келіп жеткен. Апат салдарынан 1963 жылғы автокөлік жүргізушісі мерт болып, машинистің көмекшісі жарақат алған. Сондай-ақ, локомотивтің бір секциясының алдыңғы бөлігі жапырылған. Өткел алдында тұрған автокөліктің кенет қозғала бастағанын көріп, сағатына 50 шақырым жылдамдықпен келе жатқан пойыз машинисі шұғыл тежегішті басуға шешім қабылдағанымен, арақашықтықтың аз болуына байланысты соқтығысудың алдын алу мүмкін болмағандығын айтқан. Қазіргі таңда оқиға орнында тергеу жұмыстары жүргізілуде. Еске сала кетейік, 2013 жылы 16 қарашада Ақтау қаласынан қашық емес жерде тауар тиеген пойыз бен жүк көлігінің соқтығысуы салдарынан тепловоз машинисінің көмекшісі қаза тапқан болатын. Гүлайым Шынтемірқызы. Дерек, сурет: lada.kz.