АСТАНА. 29 қаңтар. Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XVII съезі өтеді. Оған еліміздің әр өңірінен 2 200 адам қатысады деп жоспарланған. Олардың 600-ден астамы – партия аймақтық филиалдары саяси кеңестерінің кеңейтілген отырыстарында сайланған делегаттар. Бұл туралы партияның ресми сайты nurotan.kz-ке сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Айта кетейік, 21 қаңтарда Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласында партияның кезектен тыс XVII съезін шақыру жөнінде Қаулыға қол қойған болатын. Соған орай партияның Орталық аппараты мен филиалдарына съезд өткізуге қажетті барлық ұйымдастыру шараларын қабылдау тапсырылды.
Бүгінгі съезде партияның жаңа сайлауалды бағдарламасы қабылданып, Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлауға қатысты партиялық тізім бекітіледі. Сондай-ақ, партияның 2021 жылға дейінгі негізгі бағыты айқындалып, сол бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру шаралары қамтамасыз етіледі. Одан бөлек, «Қазақстан 2050» стратегиясы мен «Нұрлы жол» бағдарламаларын жүзеге асыру тетіктері және тағы басқа мәселелер қарастырылады.
Еламан Қоңыр.
Дерек, сурет: nurotan.kz.