• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
01 Ақпан, 2016

Қостанайда екі қабатты жатақхана жанып кетті

307 рет
көрсетілді

ҚОСТАНАЙ. 1 ақпан. Қостанай қаласындағы Ахмет Байтұрсынов атындағы орталық көшеде орналасқан екі қабатты жатақхана күлге айналды. Абырой болғанда, қызыл өрттің құрбаны болған ешкім жоқ, тұрғындар тез арада қауіпсіз жерге көшірілді. Бұл туралы ng.kz сайтына сілтеме жасаған egemen.kz тішісі хабарлады. Жатақханада жалға тапсырылған 26 бөлме болған. Оның әрқайсысында бір отбасыдан тұрған, кішкентай балалар көп. Куәгерлердің айтуына қарағанда, өрт түстен кейін сағат 15:00-де басталған. Жатақхана көкбазармен іргелес орналасқандықтан оның айналасында адам да, көлік те көп. Өрт сөндіру машинасы қаптаған көліктен жатақханаға өте алмай біраз уақыттан ұтылған. Ең бастысы, жатақханадағы тұрғындар дүние-мүлкін алмаса да, өздері далаға шығып үлгерген. Олардың киім-кешегі, заттары, құжаттары түгел жанып кетті. Тұрғындар 25 градус аязда желең жейделерімен далада қалды. Жатақхана тұрғындарының барлығы да газ баллонын немесе электр плиталарын пайдаланған екен. Олар өрт қауіпсіздігіне жатақханада жағдай болмағанын, әйтеуір ертелі-кеш өрт болатынын айтты. №1 өрт сөндіру бөлімшесінің қызметкері Самрат Нұркин: «Өртті сөндіру өте күрделі, өйткені, үйдің салыну құрылымының өзі түсініксіз. Жатақханада газ баллоны көп, міне, екі баллон жарылды», – деді. Тұрғындар жатақхана иесіне айына 25 мың теңгеден төлеп тұрған. Нәзира Жәрімбетова. Дерек, сурет: ng.kz.