ҚАРАҒАНДЫ. 10 ақпан. Жезқазған қаласында көрпенің астында тұншыққан жеті айлық нәресте шетінеп кетті. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Қайтыс болған нәресте үшемнің бірі екен. Анасының айтуынша, нәрестелер төсекте ұйықтап жатқан. Өзі үй шаруасымен айналысып, балаларды әлсін-әлсін қарап қойып жүріпті. Содан, қайта айналып бір келгенінде нәрестелердің бірінің көрпе астында тұншығып жатқанын көреді де, жедел түрде кеудесіне массаж жасай бастайды. Алайда нәресте соңғы рет терең тыныстаған да, қайтыс болып кеткен.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.
Қайрат Әбілдинов.
Дерек, сурет: Қарағанды облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.