• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
11 Ақпан, 2016

Тұрмыс тұрақты болуы тиіс

186 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысты, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Отырыс барысында 2015 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қо­ры­тын­дылары шығарылып, эконо­ми­калық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі шаралар айқындалды. Мемлекет басшысы 2016-2018 жыл­дарға арналған Дағдарысқа қар­сы іс-қимыл жоспары аясындағы не­гіз­гі жұмыс бағдарының бірі қаржы тұ­рақ­ты­лығын қамтамасыз ету екенін атап өтті. – Ұлттық банк теңгенің еркін айырбас бағамы деңгейін сақтап, бағамның күрт ауытқуына жол бермей және долларсыздандыруды жалғастыра отырып, тиімді ақша-несие саясатын жүргізуді қамтамасыз етуге тиіс. Бүгінде банктердің өтімділік алуына шектеу жоқ. Ұлттық банк қазіргі жағдайда дұрыс саясат жүргізіп отыр деп санаймын. Қаржы ахуалына күн сайын мониторинг жасауды жүзеге асырып, Үкіметпен бірге жедел шаралар қабылдаған жөн, – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы Жол» және индустрияландыру жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды орындау, агроөнеркәсіп кешеніндегі басымдығы бар жобаларды жүзеге асыру, шағын және орта бизнесті қолдау арқылы жұмыспен қамтуды және іскерлік белсенділікті қамта­ма­сыз ете отырып, экономиканы одан әрі әртараптандыруға айрықша назар ау­дару қажеттігін атап өтті. Қазақстан Президенті қаржылық мүмкіндіктерді, соның ішінде тең­генің айырбас бағамын өзгерту есе­бінен болған үнемдеуді ескере отырып, төмендегідей бағыттар бойын­ша дағдарысқа қарсы қосымша шараларға қаражат бөлу жөнінде шешім қабыл­данғанына назар аударды. Тұрғын үй құрылысын жандандыру Саланың одан әрі дамуына қолдау жасау үшін «Нұрлы Жол» бағдарламасын 2017 жылы жүзеге асыруға жоспарланған қаражатты 2016 жылға ауыстыру есебінен 360 миллиард теңге бөлу жөнінде тапсырма берілді. Осы қаражаттың 53 миллиард теңгесі «Бәйтерек» холдингі желісі арқылы жалға берілетін тұрғын үй құрылысын жалғастыруға, 149 миллиард теңгесі несиелік тұрғын үй құрылысына, соның ішінде 22 миллиард теңге салымшыларды жергілікті атқарушы органдар мен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы несиелеуге бағытталады. Сонымен қатар, жекеменшік құрылыс компанияларын қолдау үшін «Самұрық-Қазына» АҚ арқылы қайтарымды негізде 97 миллиард теңге бөлінеді. Бұл ретте құрылысшыларға қойылатын талаптар бірлесіп қаржыландыруды, жері мен жобалық-сметалық құжаттарының, жүзеге асыру ісінің бекітілген бағасының болуын қамтуы тиіс екендігі атап өтілді. Мемлекет басшысы жаппай тұр­ғын үй салынатын жаңа аудандарға инфра­құ­рылым тарту үшін әкімдіктер арқылы 61 миллиард теңге бөлінетінін айтты. – Бұл жұмыстардың жауапкершілігі осы қызмет жүргізілетін өңірдің әкімдеріне тікелей жүктеледі. Баспана құны әлеуметтік сипатта болуға тиіс екендігіне айрықша назар аударғым келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті бұл шаралар 2016 жылы қосымша 1,5 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруге және ІЖӨ өсіміне үлес қосуға мүмкіндік беретінін айтты. Инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруды жеделдету Мемлекет басшысы 2016 жылы «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдар­лама­сын жүзеге асыруға жоспарланған, Ұлттық қор қаражатының бағам айырмасы есебінен қалыптасқан 194,5 миллиард теңгені бөлуді тапсырды. Осы қаражаттың 78 миллиард теңгесі «Нұрлы Жол­да» 2016 жылға қарастырылған инфра­құрылымдық жобаларды жеделде­туге, соның 28 миллиард теңгесі апат жағ­дайындағы мектептерден және үш ауы­сымда оқытудан 2017 жылдың аяғына дейін толық арылу үшін 42 жаңа мек­тептің құрылысын салуға бағытталады. Шағын және орта бизнесті, экономиканың базалық салаларын қолдау Қазақстан Президенті жеке ком­па­ния­лардың басқаруына берілгенге дейін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының қаражаттарының сақталуы мен табыстылығын қамтамасыз етуді, бос зейнетақы жинақтарын 2016 жылы 1 триллион 450 миллиард теңге сомасында бірқатар бағыттар бойынша инвестициялауды тапсырды. Атап айтқанда, 500 миллиард теңге БЖЗҚ қаражатының әртараптылығын қамтамасыз ету және азаматтардың зейнетақы жинақтарының табыстылығын арттыру мақсатында сырт­қы нарықтарда инвестициялау үшін шетел валютасына ауыстыруға бағыт­талады. Сондай-ақ, 600 миллиард теңге екінші деңгейлі банктер мен ұлттық холдинг­тердің шартталған облигацияларын қайтарымды негізде және зейнетақы активтерінің сақталуы мен табыстылығын арттыру үшін нарықтық пайыздық мөлшерлеме арқылы сатып алуға жұмсалады. Бұдан әрі аталған қаражат экономиканың маңызды секторларын ынталандыру үшін инвестицияланады. Негізі бағыттардың қатарында, біріншіден, шағын және орта бизнес қажеттіліктерін айналым қаражаты арқылы шарттық негізде қаржыландыру және қарыздарын қайта қаржыландыру мәселесі бар. Бұл кәсіпкерлердің 700 жобасын қаржыландыруға, 14 мың жұмыс орнын ашуға, 540 миллиард теңгенің өнімін өткізуге және бюджетке шамамен 60 миллиард теңге салық түсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Екіншіден, Қазақстанның оңтүстігіндегі энергия тапшылығын азайту мақсатында «KEGOC» АҚ-тың «Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» жобасын жүзеге асыруды жеделдету. Үшіншіден, АӨК-тің басымдығы бар жобаларын, соның ішінде ет және сүт өндіру мен өңдеу жөніндегі жобаларды қаржыландыру. Төртіншіден, 3456 ауылдық елді мекеннің кеңжолақты интернет желісіне қол жеткізуін қамтамасыз ету. Халықтың іскерлік белсенділігіне және жұмыспен қамтылуына баса назар аудару Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтік саясаттың басымдығы бар міндеті жұмыс орындарын сақтап, жаңа жұмыс орындарын ашу болып саналатынына назар аударды. Осыған байланысты 2016 жылы Үкіметтің арнаулы резервінен қосымша 100 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлу тапсырылды. Аталған қаражаттың 63 миллиард теңгесі маңызы арттырылған Жұмыспен қамтудың жол картасын жүзеге асыруға бағытталады. Ол 2009-2010 жылдардың Жол картасындағыдай әлеуметтік инфрақұрылымды және Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын жөндеу ісін, шағын несие беру ауқымын ұлғайтуды, жұмысшы жастар үшін жатақханалар салуды, сондай-ақ, жұмыс берушілердің жұмыс орындарын сақтау жөніндегі шығындарын субсидия­лау ісін қамтиды – Бұл 60 мыңға жуық адамды жұ­мыс­пен қамтуға, соның ішінде мыңға жуық инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру арқылы 18 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы. Бұдан бөлек, шағын және орта бизнес нысандарына жетіспей жатқан инфрақұрылым желісін тарту үшін «Биз­нестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қосымша 15 миллиард теңге бөлуге тапсырма берілді. Қазақстан Президенті дағдарыс уақытында отандық экономиканы қолдауға елеулі қаражаттың бөлінуі Ұлттық қорды дер кезінде құрудың, зейнетақы жүйесін және жалпы экономиканы реформалаудың, сондай-ақ, теңгенің еркін бағамына көшудің арқасында мүмкін болғанын атап өтті. – Аталған шараларды жүзеге асыру үшін бөлініп отырған қаражатты толықтай және тиімді игеру 2016 жылы экономикалық белсенділікті арттырып, жұмыспен қамту ісіне қолдау көрсетіп, экономика өсіміне 1 пайызға дейін үлес қосуды қамтамасыз етеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қалыптасып отырған сыртқы жағдайды ескере отырып, Үкіметке қаражаттың жұмсалуын қатаң қадаға­лауды қамтамасыз ету тапсырылды. Мемлекет басшысы өңірлердегі берілген тапсырмалардың орындалуының маңыздылығына, сондықтан облыстардың әкімдері бөлініп жатқан қаражаттың тиімді игерілуін қадағалау үшін қолда бар барлық ресурсты жұмылдыруға тиістігіне назар аударды. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау қажеттігіне және мемлекеттік, салалық бағдарламаларға тиісті өзгерістер енгізу мәселелеріне тоқталды. Президент Әкімшілігіне аталған тапсырмалардың орындалуын қадағалау міндеті жүктелді. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан қолданып отырған дағдарысқа қарсы шараларға өзге мемлекеттердің шамасы жете бермейтінін айтты. – Көптеген елдер қиын жағдайда қалды және әлеуметтік кірістерін қысқартуға, жобаларын тоқтатуға мәжбүр болып отыр, нәтижесінде жұмыссыздық өсуде. Біз индустриялық нысандар салуды жалғастырып, жаңа нарықтарға жол ашып отырмыз. Дағдарысқа қарсы біздің экономикалық саясатымыз тек экономикалық өсімнің жаңа жолдарын іздеу мен табуға ғана бағытталып отырған жоқ. Менің тапсырмаларымның бәрінің түпкі мақсаты – қарапайым адамның мұң-мұқтажы, оның әл-ауқаты мен тұрмысының тұрақтылығы, – деді Қазақстан Президенті. Жиын барысында елдің 2015 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және биылғы жоспарлар туралы Ұлттық экономика министрі Е.Досаев, мемлекеттік бюджеттің 2015 жылғы атқарылуы жөнінде Қаржы министрі Б.Сұлтанов, ақша-несие саясаты жөнінде Д.Ақышев баяндама жасады. Сыртқы жағымсыз факторлар ықпа­лына қарамастан, 2015 жылы негізгі макро­экономикалық көрсеткіштер оң дең­гейде сақталды, деді Е.Досаев әлеу­мет­тік-экономикалық даму қоры­тын­­дылары туралы баяндай отырып. Қазақ­станның негізгі сауда серіктестік­теріндегі, әсіресе, Ресей мен Қытай­дағы экономикалық жағдай негізгі экспорттық тауарларға сұраныстың төмен­деуіне алып келді. 2015 жылы шикі­зат тауарларының бағасы төмендеді. Мәселен, бренд маркалы мұнайдың орташа жылдық бағасы 47 пайызға арзандап, барреліне 52 доллар 40 центті құрады. Металдарға әлемдік баға 21 пайызға, ал бидайға 29 пайызға төмендеді. Осындай сыртқы қолайсыздықтар аясында Сіздің тапсырмаңыз бойынша 2015 жылы қабылданған «Нұрлы Жол» бағдарламасы мен өзге де салалық бағдарламалар, сондай-ақ, Үкіметтің экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі шұғыл шаралар жоспары экономикалық өсім мен тұрақтылықты қамтамасыз етуге жағдай жасады. 2015 жылы ІЖӨ өсімі 1,2 пайызды құрады. Өсім ауыл шаруашылығы, құрылыс өнімдерін шығаруды ұлғайту, көлік қызметі есебінен қамтамасыз етілді. Әлемдік рыноктағы сұраныстың баяулау­ынан және баға конъюнктурасының нашарлауынан Қазақстанның сыртқы сауда айналымы өткен жылы 37 пайызға азайып, 75,9 млрд. АҚШ долларын құрады. Экспорт 42,5 пайызға немесе 45,7 млрд. АҚШ долларына дейін қысқарды. Импорт 27 пайызға қысқарып, 30,2 млрд. АҚШ долларын құрады. Сонымен бірге, министр тұрғын үй құрылысына салынған инвестициялардың 14,4 пайызға артып, 720 млрд. теңгені құрағанын атап көрсетті. 2016 жылдың 1 қаңтарына қарасты Ұлттық қордың активтері 63,5 млрд. АҚШ долларын құраған. Осылайша қор активтерін ескере келгенде, еліміздің халықаралық резервтері, бүтіндей алғанда, 91,6 млрд. АҚШ долларына жеткен. Сондай-ақ, министр өз сөзінде әлеуметтік саладағы жағдайдың тұрақты екенін айта отырып, халықтың номиналды ақшалай табыстарының 7,3 пайызға, ал нақты табыстарының 0,7 пайызға ұлғайғанын да атап көрсетті. Өткен жылғы мемлекеттік бюджеттің орындалуы сыртқы факторлардың нашарлауы жағдайымен, әлемдік рыноктардағы ұлғая түскен құбылмалылықпен және белгісіздіктермен қоса жүрді, деп бастады сөзін Қаржы министрі Б.Сұлтанов. Бұл фактілер біздің сауда әріптестерімізбен арадағы тауар айналымының төмендеуін ескере келгенде, ішкі факторларға өз әсерін тигізбей қала алған жоқ. Бюджетті төмен бағаларға бейімдеу үшін жүйелік шұғыл шаралар өз уақытында қабылданды. Сіздің тапсырмаңыз бойынша бюджет мүмкіндіктері ағымдағы кезеңнің нақты ахуалына және алда тұрған сын-қатерлерге сәйкестендірілді. Бұл 2015 жылғы бюджеттің орын­далуының төмендегідей сипаттамаларын қамтамасыз етуге жағдай жасады. Біріншіден, бюджеттің ел экономикасына оң ықпалы сақталды. Бюджеттік бағдарламаларды қатаң оңтайландырумен бірге күрделі шығындарды «Нұрлы Жол» бағдарламасының дағдарысқа қарсы шараларымен алмастыру нәтижесінде мемлекеттік бюджет шығындары деңгейін өткен кезеңмен салыстырғанда 2 пайызға артық мөлшерде сақтауға мүмкіндік туды. Екіншіден, бюджеттік жүйенің тұрақтылығы мен бүкіл міндеттемелердің, әсіресе, әлеуметтік саладағы міндеттемелердің орындалуы қамтамасыз етілді. Оған бюджеттік процедуралар мен мемлекеттік сатып алуларды бейтараптандыру және барлық қолма-қол ақша ағымдарын тиімді басқарып, еурооблигацияларды уақытылы шығару жағдай жасады. Үшіншіден, біз қаржы жылын айтарлықтай беріктік қорымен аяқтадық. Азия Даму банкінен қолдау займдарын тарту және теңге бағамына түзету енгізу нәтижесінде бюджеттің кірістілігін асыра орындау арқылы өткен желтоқсан айында біз қосымша 300 млрд. теңгеге қол жеткіздік. Мұның өзі қазынашылық есепшоттарда үстіміздегі жылдың басында 260 млрд. теңгеден асатын еркін қалдық ақшаның болуын қамтамасыз етті. Республикалық бюджеттің кірістері 4 пайызға асыра орындалды, деп жалғады сөзін Қаржы министрі. Салықтар 320 млрд. теңгеге асыра орындалды. Ол корпоративтік табыс салығы мен экспорттық кедендік баж салықтары есебінен болып отыр. Республикалық бюджеттің шығыстары 99,8 пайызға орындалды. Мұндай жоғары көрсеткішке 20 жылда алғаш рет қол жеткізіліп отыр, деді Б.Сұлтанов. Министрдің айтуынша, орталық деңгейде игерілмеген қаржы соммасы 7,3 млрд. теңгені құрап, 2014 жылмен салыстырғанда 5 есе дерлік қысқарған. Одан әрі Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышев Елбасына ақша-несие саясаты жөнінде баяндады. Теңге бағамына енгізілген түзетулер бағаға тікелей пропорционалды ықпал етпейді, деп бастады сөзін бас банкир. 2015 жылы теңге 86 пайызға құнсызданған кезде инфляция 13,6 пайызды құрады. Ұлттық банктің басты міндеті инфляция деңгейін тұрақтандырып, 2016 жылға белгіленген 6-8 пайыз дәлізіне тезірек оралуды қамтамасыз ету. Ұлттық банк теңгенің еркін айналым бағамын жүргізу саясатын одан әрі жалғастыра беретін болады. Өйткені, бағамның еркін айналымда болуы қазіргідей ахуалда неғұрлым тиімді әрі сәйкесті шара болмақ. Бізге бір жағынан алтын-валюта активтерін сақтап қалудың сәті түссе, екінші жағынан, отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігіне қолдау жасауға мүмкіндік болды, деп атап өтті осы орайда Д.Ақышев. Қазіргі уақытта теңгенің айырбас бағамы күн сайын өзгеріп отыратын іргелі факторлар негізінде қалыптасуда, ал Ұлттық банктің қатысуы болса трендтер негізін өзгертпестен тербелістерді мүмкіндігінше «тегістеп» отыруға бағытталған. Рынокқа қатысушылар валюта бағамының құбылмалылығына біртіндеп дағдыланып келеді. Ұлттық банк өткен жылдың қараша айынан бастап теңгенің айырбас бағамының лайықты бағаланбауы салдарынан 2015 жылдың тамызынан кейін орын алған валюта және ақша рыноктары арасындағы қиғаштықтарды жою бағытында айтарлықтай жұмыстар жүргізді. Теңгенің айырбас бағамы Ұлттық банктің қатысуынсыз сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігі негізінде қалыптаса бастағаннан кейін банктерді өтімділікпен қамтамасыз етудегі және айырбас бағамына қысым көрсету тәуекелін туындатпастан пайыздық мөлшерлемелерді реттеудегі біздің рөлімізді күшейту мүмкіндігі арта түсті. Қазіргі уақытта Ұлттық банктің операциялары банктердің қысқа мерзімді өтімділікке деген бүкіл қажеттіліктерін толық қанағаттандырады, деп атап көрсетті бас банкир. Сонымен бірге, Д.Ақышев Ұлттық банктің ең төменгі резервтік талаптарды орындаған жағдайда қолма-қол ақшаны пайдалану бөлігіне қатысты шектеулерді алып тастағанын айтты. Мұның өзі қосымша 140 млрд. теңге өтімділікті босатуға жағдай жасамақ. Осы орайда, бас банкир үстіміздегі жылдың 1 ақпанынан бастап жеке тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері бойынша ең жоғары сыйақы мөлшерлемесін 10 пайыздан 14 пайызға дейін көтергенін, ал шетелдік валютадағы депозиттер бо­йынша сыйақы мөлшерлемесінің 3-тен 2 пайызға төмендегенін атап көрсетті. Осы арқылы біз болашақта ұлттық валютадағы депозиттер үлесінің ұлғаятындығын күтіп отырмыз, ал оның өзі несиелеу үшін қажетті теңгелік өтімділікті қамтамасыз етуге жағдай жасайтын болады, деді Ұлттық банк төрағасы. Сөз соңында бас банкир Ұлттық банктің өз жұмысын ақша рыногындағы барлық құралдарды жетілдіру тұрғысында одан әрі жалғастыра беретінін жеткізді. –––––––––––––––––––––– Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.