• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
11 Ақпан, 2016

Жұмыспен қамтуда жыл жемісті болды

200 рет
көрсетілді

«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 156 мыңға жуық қазақстандық жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 53%-ы жұмыссыздар болса, 47%-ы өз бетінше жұмыспен қамтылғандар болып отыр. Бұл бағдарламада бірінші кезекте әйелдер мен жастарға басымдық беріледі. Қазіргі таңда жастардың оған қатысу үлесі 47%-ды көрсетсе, әйелдердікі 50%-ға жетті. Бұл жөнінде Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов мәлім етті. Оның айтуына қарағанда, қазіргі уақыттарда орын алып отырған эконо­микалық ахуалдар жағдайында кәсіпорындарда жұмыс орындарын сақтап қалу мәселелері бүгінгі күннің басты тақырыбы деуге болады. Сол себепті, осы мәселенің мәні, қазіргі таңда жұмыспен қамтамасыз етудің пәрменді құралдарының бірі – «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы. Осы ретте 2015 жылғы жалпы жұмыспен қамтылғандар жайында қорытынды есеп пен биылғы жылға арналған алдағы жоспарларын атап өткен вице-министр өткен жылдың жұртшылықты жұмыспен қамтамасыз ету барысында жемісті болғанын жеткізді. Оған дәлел 150 мыңнан астам жұмысқа орналастырылғандар ішінде 142 мыңға жуығы, яғни 91%-ы тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Және де олардың қатарында 4400 мүмкіндігі шектеулі жандар, 3 мың­нан астам мектеп түлектері мен бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан 300-дей азамат, 280 оралман, 200-ге жуық балалар үйінің тәрбиеленушілері, жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар бар. Осы бағдарламаның бірінші бағыты аясында 2015 жылы 565 жоба жүзеге асырылып, 8,6 мың адам құрылған жұмыс орындарына орналастырылды. Ал екінші бағыт бойынша 6 мыңнан астам азаматтар кәсіпкерлік негізінде оқытудан өтіп, микрокредит алды. Оның ішінде 4,1 мыңға жуығы алғаш рет өз істерін ашып, кәсіпкер атанды. Нәтижесінде, ағымдағы жылы қосымша 6,1 мың адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар, осы бағдарламаның үшінші бағыты шеңберінде тегін оқумен 14 мың азамат қамтамасыз етіліп, оның 10,7 мыңы оқуларын тәмамдап, жұмысқа тартылды. Ал 20,7 мың азамат жастар тәжірибесі аясында әлеуметтік жұмыс орындарымен қамтылса, 2015 жылы аталған үшінші бағыт аясында экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерден 1200 адам көшірілді, деп атап өтті. Елбасының тапсырмасына орай, 2015 жылдан бастап бүкіл өңірлерде жұмыс­пен қамту жөнінде кешенді жоспар іске асырылуда. Ол дегеніміз, біздің айтып отырған «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасымен қоса, елімізде жүзеге асырылып отырған басқа да мемлекеттік, салалық және өңірлік бағдарламалардың мүмкіндіктерін пайдалана отырып жұмыспен қамту шараларының есебін жүргізу. Оның барлығын қосар болсақ, өткен жылы жұмыспен қамту шара­ларының аймақтық кешенді жоспарын жүзеге асыру нәтижесінде, 423 мың адам қамтылса, оның 396 мыңы жұмысқа орналасты. Оның ішінде тұрақты жұмыспен қамтылғандар 218 мыңды құрады. Бұл жоспарланған көрсеткіштің 131%-ын құрағанын аңғартады. Сонымен қатар, Мемлекет басшы­сының 2015 жылғы 30 қарашадағы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауындағы жұмыссыздыққа жол бермеу бойынша берілген тапсырмасын орындау мақсатында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мамандары «ЖҚЖК-2020» бағдарламасын жандандыру бойынша жұмыстар жүргізгенін атап айтты. Бұл ретте, кәсіпорындарда жоғары білікті мамандардың жұмыс орындарын сақтау мақсатында жұмыс уақытының қысқаруына байланысты еңбекақының 2/3 бөлігін уақытша субсидиялау тетіктері енгізілетінін, сонымен қатар, кәсіпорын жұмыс орнын сақтаған жағдайда қызметкерлерді, оның ішінде, жұмыс істейтін жастарды жұмыс берушілер тарапынан қоса қаржыландырумен немесе толық мемлекет есебінен оқытуды ұйымдастыру қарас­тырылып отырғандығын көлденең тартты. Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан».