• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
11 Ақпан, 2016

Құрылыс қалыпты жүруде

374 рет
көрсетілді

Жаңаөзенді дамыту мәселесі күн тәртібіне қойылғалы бері, қаланың сырт келбеті қалыпқа келіп қалды. Ал жұмыспен қамту, тұрғын үй секілді ішкі мәселелердің орындалуы жөнінде «Нұр Отан» партиясы өкілдері баяндады. «Қаланың тыныс-тіршілігін қадағалап, тиісті мәселелерге атсалысып, араласып отырамыз» деген партия өкілдерінің айтуынша, өткен жылы қалада жалпы ауданы 92 мың шаршы метрден асатын тұрғын үйлер пайдалануға берілген. Биыл қаланы көркейтуге бөлінетін 14,2 млрд теңгені игеру барысында орталық қазандық кіші жылу энергия орталығына ауыстырылып, қайта жаңғыртылмақ. Сондай-ақ, 50 орынды медициналық емдеу орталығы салынады. Тұрғындардың арыз-шағымы мен талап-тілегін тыңдау үшін «Нұр Отан» партиясы қала ішіне 20-дан астам жәшік орнатыпты, оған 60-тан астам ша­ғым жиналған. Тұрғындар тарапынан көп көтерілетін мәселе – баспана, жер телімі және ауыз суға қатысты екен. 140 мыңнан астам халқы бар Жаңа­өзенде ауыз су тапшы. Қазіргі таңда қала халқы құбыр арқылы келетін Түйесу, Сауысқан жерасты сулары мен Волга өзенінің суын пайдалануда. Бұл көздерден су келмей қалған жағдайда тұрғындарды сумен қамтамасыз ету үшін су жинайтын сыйымдылығы әртүрлі көлемдегі 6 резервуар бар, мамандардың айтуынша, бұл жиынтық су тек үш күнге ғана жетеді деп есептелген. Су жинау қоры 50 мың адамға лайықталғандықтан қазіргі қала халқы санының өсуі ауыз су мәселесін күн тәртібіне шығарып отыр. Сондықтан, Жаңаөзенде қазіргі таңда франциялық «Дегремон» компаниясының қондыр­ғылары орнатылатын жаңа су тұшыту зауыты құрылысы жүруде. 2014 жылы басталған құрылыста 50 адам жұмыс жасауда, биылғы жылдың соңына таман пайдалануға беріледі деп саналатын жоба құрылысына 2 млрд. 101 мың теңгені құрап, қазіргі таңда қаражаттың 1 млрд.-ы игерілген. Әрқай­сысы 10 мың текше метр сыйым­дылықтағы 4 резервуары бар, тәулігіне 30 мың текше метр аузы суын тұшытып, қолданыстағы ауыз су көлемін екі есеге дейін арттыратын зауыт іске қосылған соң 30 жұмыс орны ашылады. – Бұл жобаның әлеуметтік маңызы зор, яғни бұл арқылы Жаңаөзендегі ауыз су мәселесі шешімін табатын болады. Біз мемлекеттен қаржы бөлініп, қолға алынған жобаларды қадағалап отырамыз. Зауыт құрылысына бөлінген қаржының 70 пайызы республикалық бюджеттен, 30 пайызы жергілікті бюджеттен бөлінді, қазіргі таңда зауыт құрылысының қарқынын бәсеңдетпеуі бақылауда тұр. Жаңаөзенде жыл басында 3 мыңнан астам жұмыссыз адам болған еді, оларды әлеуметтік қолдауға 345,7 млн. теңге жұмсалмақ. Жалпы, кешенді даму бағдарламасы аясында 46 жоба қаралған. Олардың уақтылы қолданысқа берілуі партияның қатаң назарында болады, –дейді «Нұр Отан» партиясы Жаңаөзен қалалық филиалы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы І.Кеңесов. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы.