• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
11 Ақпан, 2016

Тараз ТАМАШАЛАРЫ

906 рет
көрсетілді

Өткен жылдың соңына таман Тараз төрінде тойланып өткен Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы көне шаһар басшысының жұ­мысын ширатып, іскерлік қасиетін таныта түскендей. «Сайгез» сайты облыс орта­лығы әкімдерінің жұмысын сараптай келе, Тараз қала­сының әкімі Нұржан Ка­лендеровтің жұмысын оң ба­ғалап, өз әріптестері ішінде үшінші орын қойыпты. Бұл, әрине, жасыл қала әкімінің жыл өткен сайын шыңдалып, тәжірибесі толысып келе жатқанын байқатса керек. Қайбір жылдары Тараз қаласының қақ ортасынан «Атшабар» деген тұрғын үй кешені пайда болған-ды. Биік, еңселі әрі өзгеше кейіппен салынған бұл әсем үйлер талайдың түсіне де кіргені анық. Әйтсе де қарқынды бас­талған құрылыс неге екенін қайдам, соңына жетпей тоқтап қалды. Әлде қаржысы жетпей қалды ма, әлде бас­қаша себептері болды ма, әйтеуір әдемі ғимараттарға ел қоныстанбай, бірте-бірте сиқы қаша бастады. Бірақ, осындай құрылыс­тың елдің көз алдында құрып бара жатқаны жергілікті басшылардың да жандарына батты-ау деймін. Қала басшылары бұл тығырықтан шығудың жолдарын қа­рас­­тырып, нәтижесінде құ­рылысқа қайтадан жан бітті. Өткен жылдың соңында «Атшабар» тұрғын үй ке­ше­нінен «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы бойын­ша бірқатар отбасы­ларға жаңа пәтер кілті табыс етілді. Құрылысты «Қазақстан ипотекалық компания­сы» АҚ аяқтады. Пайдалануға берілген көп жаңа қабатты үй 210 пәтерлі. Жалпы алғанда, өткен жылы Тараз қала­сындағы құ­рылыс жұмыстарының көлемі 28 млрд. 271 млн. теңгені құрады. 2015 жылы бес қабатты 4 үй пайдалануға беріліп, тұрғындар қоныс той тойлады. «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша 2012-2014 жылдары республикалық және жергілікті бюджет есебінен 4 985,4 миллион теңге қаражат бөлініп, 56,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Сөйтіп, негізгі индикатор 109,7 пайызға орын­далып отыр. Соңғы төрт жылда қалада 151 көп қа­батты тұрғын үйге күрделі және ағымдағы жөндеу жұ­мыстары жүргізілді. Ал қай­тарылған 258 миллион теңге қаражатқа қосымша 19 үй қайта жаңғыртылды. Үш жылдың ішінде қала сыртындағы бірнеше тұрғын алқапқа ауыз су құбырлары тартылды. Инженерлік инфра­құрылымдарды дамытуға бө­лінген 6765,1 миллион тең­ге қаржыға газ, электр же­лілері жүргізілді. Жалпы, соңғы жылдары мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшалармен толық қамту жөніндегі мемлекет ұстанымына сәйкес өңірдегі балабақшалар са­ны жылдан-жылға артып келеді. Жақында «Бәйтерек» шағын ауданында жобалық-см­та­лық құны 472,9 миллион теңгені құрайтын «Еркеназ» балабақшасы 280 бүлдіршінге есігін айқара ашса, «Арай» тұрғын үй алқабында 280 орын­дық тағы бір бала­бақша ғимараты пайда­лануға берілді. Сондай-ақ, «Жігер», «Проектировщик», «Рассвет» тұрғын алқаптарына 19 ша­қырым су құбыры жүргізіліп, пайдалануға тапсырылды. «Барысхан» тұрғын алқабына 23 шақырым газ құбыры тартылып, алқап тұрғындары көгілдір отынмен қамтамасыз етілді. «Ақжол» алқабын элек­трмен, «Мичуринец» ал­қабын электр және газбен, «Қайнар» алқабын электр және газбен қамтамасыз ету құрылыстары жүргізілуде. «Төрткөл» алқабында 12,5 шақырым электр жүйесі қай­та жаңғыртылды. Тағы да сол «Арай» ал­қа­бындағы тұрғын үй ке­шеніне 22 шақырым телефон, су, кәріз, жылу және газ жүйелерінің магистральды және жақындату желілерінің құрылысы салынды. «Бәйте­рек» шағын ауданына 22 шақырым магистральды телефон жүйесінің құрылысы жүр­гізіліп пайдалануға бе­рілді. Халқы еңбекшіл елдің экономикасы өрісті, қоғамы тұрақты, тұрмысы түзу бола­тыны белгілі. Осылайша та­ту­лықтың ордасы болған кө­не Тараздың тірлігі алға ба­сып, тасы өрге домалап тұр. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.