«Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің бюро мүшесі, партияның Алматы қалалық филиалының төрағасы және қала әкімі Бауыржан Байбектің басшылығымен партияның кезекті ХVІІІ конференциясы болып өтті.
Конференция барысында «Нұр Отан» саяси партиясының «Қазақстан-2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру және Алматы қалалық мәслихаты депутаттығына түсуге үміткерлердің кандидатураларын бекіту туралы мәселелер қаралды.
Қала әкімі әрі «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы Бауыржан Байбек өзінің сөзінде партияның «Қазақстан-2017 мақсаттары. Ұлттық іс-қимыл жоспары» сайлауалды тұғырнамасы мерзімінен бұрын орындалғанын атап өтті.
– Қалада 2016 жылға дейін жоспарланған жаңа мектептер артығымен салынып, тапсырма асыра орындалды. Денсаулық сақтау нысандары да жоспардағыдан көп салынды. Ана өлімі 17,4 пайыздан 12,3 пайызға төмендеді. Тұрғын үй салу 2017 жылға дейін 24,3 миллион шаршы метр көлемінде көзделсе, міндет 30 миллион шаршы метр деңгейінде орындалды деп күтілуде. Бұл – тек негізгі көрсеткіштердің бір бөлігі ғана, – деп атап өтті Б.Байбек.
Мұндай жоғары жетістіктер мен тұрақты көрсеткіштерге алматылықтардың ынтымақ, бірлігі мен еңбекқорлығының, партия мүшелері мен мемлекеттік органдардың өзара жүйелі жұмыс жүргізуінің нәтижесінде қол жеткізгендігін айта келе, партия қалалық филиалының төрағасы халықтың «Нұр Отанға» деген сенімі мен қолдауының зор екендігін де жеткізді.
Шара барысында партияның қалың бұқараға қазіргі жағдайдың шынайы көрінісін жеткізуі, жаңа экономикалық бағдарламаны жан-жақты түсіндіруі, дағдарысқа қарсы бағытты сезінуі, көпшілікті күрделі мәселелерді шешуге жұмылдыруы тиіс екендігі айтылды.
Сонымен бірге, әкім «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық мәслихаты V шақырылымындағы фракция мүшелерінің жемісті қызметіне алғыс білдірді.
Қала әкімінің мәлімдеуінше, өткен 5 жыл аралығында қаланың экономикалық, әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуына, тұрғындардың әл-ауқатының артуына депутаттардың зор ықпалы тиген. Фракцияның 48 отырысы ұйымдастырылып, фракция мүшелері партияның сайлауалды бағдарламасының, бюджеттің, «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясындағы құрылыстардың жүзеге асырылуын, басқа да қалалық жоспарлардың тиімді орындалуын қадағалаған.
Осы уақыт аралығында 53 басқарма басшысы мен мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын өкілетті органдар жетекшілерінің есебі тыңдалған. Фракция бастамасымен 87 нұсқаулық беріліп, оның 79-ы орындалған, 9 нұсқау жұмысы қаралу үстінде екен.
Конференция қорытындысында «Нұр Отан» саяси партиясы атынан Алматы қалалық мәслихаты депутаттығына түсуге үміткер 37 адамның кандидатурасын бекіту туралы қаулы қабылданды.
Конференция жұмысына партия қалалық филиалы саяси кеңесінің, Алматы қалалық мәслихатының депутаттары және фракция мүшелері, партияның аудандық филиалы мен бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері қатысты.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
Алматы.