• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
11 Ақпан, 2016

«Бірлік» партиясының өкілдерімен кездесті

334 рет
көрсетілді

Кеше Астанада Қазақстан Республикасында Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия мүшелерінің (СБРҚК) «Бірлік» партиясы сайлауалды штабының өкілдерімен кездесуі болды. Кездесуге қатысушылар ағым­дағы сайлау науқанына байла­нысты мәселелердің кең ауқы­мын талқылады. Үнқатысу шең­берінде СБРҚК мен «Бірлік» пар­тиясы сайлауалды штабының арасында сындарлы өзара іс-қимыл орнату мәселесіне баса назар аударылды. СБРҚК төрағасы Нұрлан Ерімбетов өзінің сөзінде транс­па­рентті және әділ сайлауды, азаматтардың еркін таң­дау жасауларын, барлық сайлау үдерісіне қатысушылардың құ­қық­тарын сақтаудың, заң бойынша белгіленген рәсімдердің орындалуын қамтамасыз етудің маңызы аса зор екеніне тоқталды: – Комиссия құрылып, өз мін­детін атқаруға кіріскен жылдар бедерінде үлкен тәжі­рибе жинақталды, біздің ұсы­ным­дамаларымыз Қазақстандағы сайлау үдерістерін жетілдіруге оң ықпал етті. Тұтастай алғанда, СБРҚК қызметі мен басқа да байқаушылық миссиялары электоралды үдерістерге сүбелі үлес қосып, халықтың саяси-құқықтық мәдениетін жоғарылатуға оң әсерін тигізіп келеді, – деді Н.Ерім­бетов. СБРҚК мүшесі Аманқұл Серік­баевтың сөзіне қарағанда, сай­лау науқанының барлық кезең­дері ұзақ мерзімді байқаумен қамтылатын болады. – Байқау шараларын бүкіл республика бойынша әр сайлау учаскесінде жүзеге асыру жоспарланып отыр. Біздің жұмысымыздың басты қағидаты – ашықтық, әділеттілік, бәсекеге қабілеттілік және заңдылық, – деді А.Серікбаев. «Бірлік» партиясы төраға­сының орынбасары Болат Бай­қа­дамов өздерінің партиясы Парламент Мәжілісі мен бар­лық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлаулары үдеріс­теріне алғаш рет қатысып отырғанын атап көрсете келіп, осы себепті, партия үшін СБРҚК-мен өзара ынтымақтасу және өзара іс-қимыл таныту құнды мүмкіндік екенін жария етті: – «Бірлік» партиясы мен біз­дің депутаттыққа кандидаттары­мыз салмақты да ашық жұмысқа иек артып отыр. Біз тәуелсіз қоғамдық байқау секілді осыншалықты маңызды миссияны жүзеге асыратын Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссиямен ынтымақтастығымызды қуана қолдаймыз, – деді Б.Бай­қадамов. Сәулебек БІРЖАН. АСТАНА.