Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының өкілдері Алматыда «Жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің банкроттық жағдайы туралы» деген тақырыпта түрлі сала өкілдерінің басын қосып, қоғамдық мәселені кеңінен қозғайтын жиын өткізді.
Бұл тақырыпты тереңірек қозғауға әлемдік экономикадағы қазіргі ахуал мен барлық қоғамда кездесіп отырған өтпелі дағдарыс кезіндегі азаматтардың әлеуметтік құқықтарының шектелу көріністері себеп болды, дейді ақжолдықтар. Осы ретте, партия өкілдері қазіргі таңда көптеген азаматтар экономикалық құлдырау, жұмысынан немесе еңбекке қабілеттілігінен айырылу салдарынан өзінің қаржылық жағдайының нашарлауына, несиелік және сатып алу мүмкіндігінің төмендеуіне, қажеттілік үшін несиеге мұқтаж болу және қаржы ұйымдарының жоғары пайыздық мөлшерлеме ұстануы кең етек алғандығын тілге тиек етеді.
Жиында кей жағдайда әлеуметтік күйзелістің артуын ескере отырып, банктер қарыз алушыларға белгілі жеңілдіктер жасайтындығы, алайда, банк тарапынан жүргізіліп отырған несие алушының өтінімін қайта қарау жеңілдігі тұтынушының жағдайын қысқа мерзімде жақсартып, белгілі уақыт кезеңі аяқталғаннан кейін жаңа қиыншылықтармен бетпе-бет қалатындығы, қолданыстағы заңнама берешектің туындау тәсіліне қарай оны өндіріп алудың бірқатар әдістерін көздейтіндігі айтылды.
Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы ұсынып отырған заң жобасының түпкілікті мақсаты берешекті өндіріп алудың контрпродуктивті тетігін қолдануды тоқтату және адал, бірақ жолы болмай қалған қарыз алушыларға жаңа мүмкіндік беру, сондай-ақ, республика азаматтарының төлем қабілетсіздігін ретке келтірудің өзекті мәселесін тиімді шешу жолдарын қарастырады.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.
––––––––––
Суретті түсірген
Борис БУЗИН.