• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
11 Ақпан, 2016

Қазақстандық арман және жастар

1439 рет
көрсетілді

Жыл басындағы жарқын күндердің бірінде Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты бағдарламалық мақаласы жария­ланды. Мақалада 5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарын орындаудың практикалық кезеңі 1 қаңтардан басталғаны туралы баян­далады. Осы орайда көптеген нақты жұмыстар атқарылып, тиісті құжаттар қабылданды. Мемлекеттің, экономика мен қоғамның дамуы үшін жаңа құқықтық ортаны құрайтын 59 заң күшіне енді. Бұл жоспардың орындалуы біздің қазақстандық арманға жетуімізге жол ашады. Ал ол арман – ХХІ ғасырдың отыз көшбасшы ұлттарының қатарына ену. Мақалада Президент ұлттық эко­номика жаһандық экономика­лық қиын­шылықтар қыспағында қалған кез­дегі реформалардың маңыздылығын қадап айтады. Бес институттық рефор­ма экономикалық өсудің нақты қар­қы­нын қалыптастыруға және мықты әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттің дағдарысқа қарсы пәрменді құрал-жарақтардың бірі ретінде қарастырылады. Нақ осы тұрғыдан келгенде, қазіргі таңда жастарды патриоттық рухта тәр­биелеу Қазақстанның болашақ даму басымдылықтарының негізгі тиянағы болып табылады. Патриотизм бірден-бір тарихи оптимизмнің көзі деп саналатын Мәңгілік Ел ұлттық идеясымен бай­ланысты. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың айтуынша, «Мәңгі­лік Ел» – халық үшін ұлттық тарихтың, ата-баба тегінің қазыналы тереңдігін байыптайтын ынта. Бұл – Мәңгілік Елдің Ұлы Даласы мен Ұлы Отанының көрінісі. Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласындағы пайымдар «Мәңгілік Ел» идеясында халықтың болашаққа деген жалпы сенімі көрініс табатынын айқындайды. Жасампаздық халықтың ұлы істері мен береке-бірлігі арқылы қазақстандық патриотизмнің негізі ретінде қалыптастырылды. Оны тек бекітіп толықтыру ғана емес, ұрпақтан ұрпаққа, дәуірден дәуірге сабақтастыра табыстау қажет. «Мәңгілік Ел» пат­риот­тық актісінің тарихи және рухани күш-құдіреті осылайша байқалмақ. Шынында, «Мәңгілік Ел» – өз Ота­нына, туған халқы мен жалпыұлттық құндылыққа адалдық танытудың аза­маттық серті. Сондықтан, жаңа қазақ­стандық патриотизм мемлекеттік саясат пен идеологияның парадигмасы болып табылады. Әрине, оның пайда болуы мен бекітілуі ел Тәуелсіздігінің нығаюымен байланысты. Біздің қоғамның алдына ортақ бола­шаққа ие біртұтас ұлтты қалыптастыру міндеті қойылып отыр. Бұл мәселені шешуде ерекше рөл өсіп келе жатқан ұрпаққа, жастарға жүктеледі. Жастарға зор сенім артылуда. Елбасы Мағжанның сөзімен «Мен жас­тарға сенемін», деді. Демек, жастар Қа­зақ­станның болашағын айқындайтын болады. Олардың алдында маңызды міндет тұр, ол – еліміздің тәуелсіздік кезінде жеткен жетістіктері мен жаса­ған құндылықтарын жоғалтпау. Жастар ұзақ мерзімді саяси және эконо­микалық жобаларды, оның ішінде «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыруды жалғас­тыруы қажет, өйткені Қазақстан Рес­публикасының болашағы нақ осы жобаға кіндігімен байланған. Патриоттық тәрбие берудің мәні неде, ол не үшін қажет және оны тәрбиелеудің қандай тәсілдері мен әдістері бар? Алдымен, жастардың бойына балалық шақтан бастап ел тарихына, халық тарихына, оның мәдениеті мен салтына қызығушылықпен қарау сезімін сіңі­ру қажет. Тәуелсіздікті алғанға дейін біз­­­­дің халық шынайы тарихты, ата-бабаларымыздың, ұлт қаһармандарының бостандық пен тәуелсіздік үшін, өз мемлекетімізді құру үшін жүргізген күресін жан-жақты білген жоқ. Орта мектепке арналған оқулықтарда халқымыз бен жалпы ел тарихы қысқаша түрде сипатталған, көптеген тарихи кезеңдер бұрмаланып, шындық жасырын-жабық қалған болатын. Мұның барлығы қазақ халқы дамуының шынайы тарихына жағымсыз әсерін тигізгені анық. Қазіргі таңда ел жағдайы түбегейлі өзгерді. Ғасырлар қойнауынан ұр­пақтан ұрпаққа жеткен тарихи құнды­лықтарымыз қайта орала бастады. Жас­тар аға буынның ықылас-жәрдемі­мен өткенге тиянақты қарай бастады, ұмы­тылған салт-дәстүрлерге, адами ізгілік, өнегелерге қызығушылық танытты. Өзінің төл тарихына, ұлты мен халқына қатыстылық сезімі өткен белестерге мақтанышпен және құрметпен қарау арлы азаматтың, зиялы тұлғаның қалыптасуына үлкен әсер етеді. Өйткені, өткен тарихсыз халық қалыптаспайды. Менің пайымдауымша, бұл сезімді патриоттық сезім, туған ел мен Отанды қорғауға, білім алып жұмыс істеуге ынталандыратын адамның патриоттық рухы деп айтуға болады. Патриоттық рухы көтеріңкі әр адам адал жұмыс атқаруға, білім алуға ынталанады, халыққа деген адал сезімді көрсетеді, өз елінің ұлттық құндылықтарын қорғайды. Бұдан басқа, тарихтан белгілі, жастар Отанның шақыруына әрқашан дайын және жаңа зауыттар салу, жаңа өңірлерді игеру, қалалар салу, жаңа мамандықты меңгеру сияқты бүкілхалықтық істерге белсенді қатысады. Бұл әрқашан жастарға тиесілі қасиет болатын. Сонымен қатар, әрқашан да негізгі мәселелердің бірі кадр мәселесі болып табылады. Стратегияда белгіленген күр­делі мақсаттарды шешу үшін, яғни отыз дамы­ған елдер қатарына кіру үшін қазіргі заман талаптарына сәйкес бәсекеге қабілетті, жоғары кәсіби деңгейлі кадр­лар қажет. Тек осы жағдайда жалпы елдің бәсекеге қабілеттілігіне жетуге болады. Мысалы, біз, соғыстан кейін қиын жағдайда өмір сүрдік, компьютерсіз мектептерде оқыдық, бір нәрсе құрастырып шығаруға болатын шеберханалар, өн­дірістік базалар мүлдем болған жоқ. Мұндай жағдайларда біз мұңайған жоқпыз, жайшылық өмірді арман еттік және біздің де ауламызда той-думан болатынына сендік. Шынымен, жайшылық күндердің басталғаны есімде. Бұл кезде біз орта мектеп тү­лектері болуымызға дайындалған едік. Қазақстан комсомолының Орталық комитеті Теміртау қаласында салынып жатқан Қарағанды металлургиялық зауытына жұмыс атқаруға шақырған еді. Өзі­міздің болашақ мамандығымыздың ауқымын елестетуге біз әлі де жас бол­дық, бірақ бүкіл елге танымал металлургтер болуды, Теміртау қаласында тұруды армандадық. Өз болжамымызда жаңылған жоқпыз. Біз үміттендік және біздің үздіксіз еңбекқорлығымыз бен се­німнің арқасында арманымыз орындалды. Комсомолдық жолдама бойынша 700-ге жуық қазақстандық жасөспірімдер іргесі жаңа қаланып жатқан Теміртауға келді. Бізді зауыт цехтары бойынша ор­наластырды, жұмыс мамандығын анық­тап, өндірістік нұсқаулықтан өткен­нен соң бірнеше күннен кейін бізді та­ғы­лымдама іссапарына, елдің металлургия орталықтарына – Магнитогорск, Новокузнецк, Нижний Тагил, Запоро­жье, Днепропетровск және тағы басқа қалаларға бекітілген мамандықтарды иге­руге жіберді. Металлургиялық зауыт цехында уақыт өткізіп, жұмыс орындарында қызмет атқару кезінде біз үшін барлығы жаңа және қызықты көрінді. Бірінші рет арнайы науалар арқылы шойын тасымалдаушы шөмішке су сияқты ағатын жалынды металды көрдік, барлық металл кремниймен ұшқындайды, төбеде ауыр салмақты крандар қозғалады. 1960 жылдың 3 шілдесінде домна пешінен тарихта бірінші рет қазақстандық шойын шықты. Бұл тарихи оқиға болды, халық шаруашылығына шойын беретін жаңа металлургиялық зауыт ашылды. Біз зауыттың іске қосылуында, бірінші шо­йынды шығаруда, кәсіпорын ұжымының үлкен еңбегінде белсене қатысқанымызға мерейлене қараймыз. Патриотизм рухы жас металлургтерді қамтыды, олардың тарихи оқиғаға қатысқанын байқатты. Бұл сезім өмір бойы жүрегімізде қалды. Бұл маңызды оқиға әрқайсысымызда өз халқымызға деген мақтаныш сезімін тудырды. Зауытта қызмет ету, ауыр еңбек біздің мінез-құлығымызды қатайтты, біз жауапты өндірістік тапсырмаларды орындауға, бар ынта мен күшімізді аямай жұмыс істеуге үйрендік. Ұлы істі ұлы адамдар жасайды деп дұрыс айтылған. Бұл сөздер қара метал­лургия алыбы – Қазақстан Магниткасын құрастырған және жалпақ прокатты жылына 5 миллион тоннаға дейін тоқтаусыз шығаруды қамтамасыз еткен жастарға тікелей қатысты. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев өз Жолдауында Үкіметке 2017 жылдан бастап «Жалпыға бірдей тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын жүзеге асыруды тапсырды. Жастар бұл шақыруға үн қатып, біздің экономика қажетсінетін мамандықтарды игеруге техникалық оқу орындарына көптеп түсетін болады. Алдыңғы қатарлы ма­ман­дықтарды меңгере отырып, жастар зауыттар мен фабрикаларда белсенді жұмыс істей бастайды және әрі қарай кәсіби шеберлік пен білімді жетілдіруге мүмкіндік алады. Жас ұрпақтың алғашқы жұмысшы мамандығын алуға деген талабы өзімізге де өте маңызды. Қазіргі таңда жұмыскер мамандықтарының қоғамдағы рөлі артып, оларға мемлекет тарапынан арнайы жеңілдіктер мен артықшылықтар жасалынатын болады. Мемлекет жастар үшін өте жақсы мүмкіншіліктер ұсынады. Бұл үлкен жетістіктерге алып келеді. Жастар саналы түрде ел азаматы болу жолын таңдайтынына сенімдімін. Мұнда қазақстандық патриотизмді ескермей өтуге болмайды. Жастарға экономиканың инновациялық дамуы­на қажетті жұмысшы мамандығын игеруді түсіндіру бойынша тиянақты жұмыс жүргізу қажет. Қазіргі таңда өнер­­­кәсіп жаңа технологиялармен, ав­томаттандырылған желілермен жаб­дықталған. Сондықтан, қазіргі жұ­мыс­кер, оператор сәйкес тетіктерді, агрегаттарды, көліктерді басқару үшін аса білімдар болуы керек. Біздің жағдайда патриоттық сезімі бар жас азамат бұл шақыруға саналы түрде үн қатуы және 2016 жылдың жаз айынан бастап өздеріне есігін айқара ашқан кәсіптік-техникалық училищелерге түсуі қажет. Бұл игілікке үгіттеу жұмысы отбасы мен мектептен басталуы тиіс. Дөңгелек үстелдерді, соғыс ардагерлерімен, ең­бек қайраткерлерімен кездесулерді, жұмысшы табы туралы деректі фильмдер түсірілуін жиі ұйымдастырғаны жөн. Бұдан басқа, кәсіби бағдарлау мақ­сатында мектеп оқушыларының Тұңғыш Президент Музейіне, Тұңғыш Президент кітапханасына, ұлттық музейлерге және Н.Ә.Назарбаевтың қарапайым жұмыскерден Ұлт басшысына дейінгі өмір жолы, онымен қоса, қазіргі Қазақ­станды құрудағы оның зор үлесі мен тарихи рөлі көрсетілген басқа ұйымдарға жиі­рек баруы ұйымдастырылса, нұр үстіне нұр. Жастар назарын ел Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында Президенттің отаншылдығы мен патриоттық рухының қаншалықты қуатты екендігін паш еткен бірегей оқиғаға аударғым келеді. 90-жылдардың басы. Президент Н.Ә.Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапары. Жоғары деңгейлі келіссөздер табысты өтті, бірқатар маңызды екі­жақты келісімдерге қол қойылды, Аме­рика жағынан сауда-экономикалық ынтымақтастықтың дамуына қолдау көрсетілді. Іссапар жоспарына сәйкес Қазақстан Президентінің құрметіне барлық дипломатиялық корпус, экс-президенттер, министрлер, сенаторлар мен конгрессмендер, АҚШ саяси қайраткерлері мен қазақстандық делегация шақырылған салтанатты қабылдау болды. Жалпы алғанда, 1000-ға жуық адам қатысты. Қабылдау салтанатпен ашылды. Бір кезде АҚШ вице-президенті Альберт Гор Нұрсұлтан Әбішұлына қазақтың ұлттық әнін айтуын сұрап өтініш білдірді, өйткені ол Елбасының вокалдық қабілеті туралы білетін. Біздің Президент қысылып-қымтырылған жоқ, керісінше, Сара Алпыс­қызы мен Дариғаны ертіп шықты. Олар екі халық әнін қазақ тілінде, Дариға біреуін ағылшынша орындады. Дуылдаған қол шапалақ жауып кетті. Ұлы державада, барлық америкалық элита алдында, 120-дан астам мемлекеттер өкілдерінің алдындағы ән сын­ағынан абыроймен өткен өз елінің, туған халқының нағыз патриотының батыл өнегесі еді бұл! Сол кезде жанымда отырған америкалықтар: «Министр мырза, мұндай Президентпен істің жөні үйлеседі! Қазақстан биіктен көрінеді», деп разы көңілден дауыстады. Бұл сөздер шындыққа айналды – Қазақстан өз дамуында үлкен жетістіктерге жетті. Жас ұрпаққа Н.Ә.Назарбаевтың «Қа­зақстан жолы» кітабын оқуды ұсынған дұрыс. Бұл кітап жас ұрпаққа арналған. Онда Президент жастарды көшбасшылыққа ынталануға шабыттандырады, білгірлікке, сабырлық пен ақыл-парасаттылыққа шақырады. Бұл қасиеттер даму мен қалыптасу дә­уірінде жастарға әсіресе қажет. Осы та­ғылымды кітапты оқу арқылы жастар патриотизм­ге баулынып, өз Отанын сүюді үйренеді. Кітап ыстық бауырмалшыл сезімге, өз бастауы мен түп негізіне деген сүйіспеншілік пен мейірімге толы. 11 килолық сүйменмен, ені 40 см, ұзындығы 60 см күрекпен металлургиялық зауытта домна пешінде көрікші болып жұмыс істеген Н.Ә.Назарбаев сөздерінің көрікті ұшқынын жоғалтып алмау қа­жет. Ол өзінің мамандығы туралы мақ­та­нышпен айтты: нағыз жұмысшы ретінде шыңдалды, әрі қарай қаншама қиыншылықтарды жеңді. Бұл оқиға бозбалалар мен бойжеткендерге қатардағы қарапайым жұмыскерден Елбасына дейін өту жолын көрсететін айқын үлгі болып келеді. Дәл осыны оқытушылар, мұғалімдер, еңбек ардагерлері мен ұстаздар жастарға үлгі-өнеге етіп, жұмысшы мамандығына шынайы ықылас тудыруды, ересектермен бірге ел болашағын ойлауды насихаттап тапсыруы қажет. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында жастарға қаратып айтылған үндеуіне орайлас «Серпін-2050» бастамасы инновация мен жаңа технология кезеңінде маңызды орын алатынын айтқымыз келеді. Мұны Елбасы саясатын қолдаудың жарқын көрінісі десек те болар. Қазақстан аймақтары бойынша өндірістік күш пен еңбек ресурстарын орналастыру туралы болжамды ста­тистикаға сүйенсек, таяудағы бес жылда экономика жағдайы тұрақсыз болады. Қарағанды облысы сияқты өн­дірістік аймақтарда орналасқан ірі зауыттар мен фабрикалар жұмыс күшінің жетіспеушілігіне ұшырайды. Бұл өз кезегінде еңбек өнімділігі мен шығарылатын өнім көлеміне кері әсерін тигізері сөзсіз. Мұндай жағдай көбінесе, экономиканың мұнай-газ секторында қалыптасады. Себебі, бұл салада 100 мыңнан аса техникалық жұмыскерлер қажет етілмек. Сондықтан, білікті кадр­ларды мамандар аса қажет аймақтарда даярлауы қажет. Мұндай көрініс Ақтөбе, Батыс Қазақ­стан, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында байқалады. Бұл жағдай, біздің ойымызша, орта мектепті бітірген және еліміздің жоғары оқу орындарына түсуге ықыласты жастар арасынан ұлттық кадрларды даярлау орайындағы мемлекет стратегиясының тез арада қайта қаралуын қажет етеді. Тәжірибе екі жыл бұрын бастау алды. Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарынан 400 жасөспірім Қарағанды мемлекеттік техникалық университетіне, Теміртау қаласындағы индустриалдық университетке және басқа жоғары оқу орындарына түсу үшін таңдалды және ұсынылды. Ұсынылған барлық қыздар мен ұлдар осы университеттердің студенттері атанып, қазіргі уақытта жап-жақсы оқып жатыр. Аталған арманшыл жастар бұл аймақ экономикасында келесі 5 жылда қажет етілетін мамандықтарды таңдады. Осылайша, алдағы уақытта аймақ нысаналы бағыт бойынша жоғары білімді мамандармен сенімді әрі кепілді түрде қамтамасыз етіледі. Әрине, бұл бастаманы Қазақстанның барлық аймақтарына тарату қажет. Осыған байланысты Үкімет тарапынан, салалық министрліктерден және ведомстволардан, бизнес орталықтары мен өзге де қоғамдық қорлардан қолдау табудың маңызы зор. Сонымен қатар, өткізу нарығының конъюнктурасын ескере отырып, ғылыми-техникалық өрлеуге сәйкес орталық мекемелер тарапынан техникалық және кәсіби білім сапасын нығайту да ұдайы назарда болмағы ләзім. Ірі мемлекеттік компаниялар өз тарапынан оқу үрдісі өндірістегі жағдайға сәйкес өтуін көздеп жастар үшін осы замандық оқу орталықтарын құру бо­йынша қосымша шаралар қабылдауы тиіс. Осынау мәселеге кешенді түрде келгенде ғана маңызды мемлекеттік тапсырманы ұтымды шешуге болады. Оқуға түскен студенттердің сапалы білім алуына көмек көрсету, болашақ мамандығына қызығушылықты арттыру орайында көптеген жұмыстар жүргізілуі қажет. Бұдан басқа, олардың туған ауылдарында өзі оқып жүрген жоғары оқу орнына түсуге шақыра алатын туған-туысқандары, таныстары, мектептес дос­тары қалғандығын ескерген де дұрыс. Сөйтіп, университеттерге түсуге ынталы жас талапкерлермен қамтамасыз ететін кері байланыс орнағаны тіптен жақсы емес пе. Осы тұрғыдан пайымдағанда, Қара­ғанды техникалық университетінің оңды жұмыс тәжірибесіне тоқталғанымыз жөн. Оның қызметі әлемдік білім саласы ауқымында бәсекелесуге, халықаралық стандарттарға сәйкес экспорттық өнім шығаруға қабілетті мамандарды даярлау мен тәрбиелеуге бағытталған. 2008 жылдан бастап ҚР ҰҒА академигі А.Ғазалиевтің жетекшілігімен әлем­дік деңгейдегі заманауи техникалық уни­верситеттің жаңа бренді жасалды. Оның айрықша жауапкершілігін, талапшылдығын, көрегендігін және болашақты алдын ала жоспарлауын атап өткім келеді. Университеттегі барлық болып жатқан жағымды өзгерістер осыны айғақтайды. ҚарМТУ базасында Қазақстанның, Германияның, Қытайдың, Ресейдің, Белоруссияның және Өзбекстанның 86 өнеркәсіп кәсіпорындарын және ғылыми орталықтарын біріктіретін «Корпоративтік университет» инно­вация­лық білім беруші консорциумы құрылып, өз қызметін бастады. Бә­секеге қабілетті мамандар даярлау­да және ғылыми технологияларды трансферттеуде ҚарМТУ серіктестері әлемдік деңгейдегі университеттер болып табылады. Сонымен қатар, TOTAL (Франция), ERSAI (Италия), FESTO (Австрия-Германия), Leica Geosystems, (Швейцария), ЕРАМ Systems пен FLUOR (АҚШ), Қытай энергетикалық компания­сы ЦИНХУА, БелАЗ, МТЗ, Амкодор (Белоруссия), АРСЕЛОР МИТТАЛ, ҚАЗАҚМЫС, ИМСТАЛЬКОН, KEGOC, ССГПО, «Шұбаркөл-Көмір» сияқты ұлтаралық және ұлттық компаниялар да осы құрамға кіреді. Нұрсұлтан Әбішұлының тапсырмасымен еліміздің жетекші уни­верситеттерінің ғылыми базасын дамыту бойынша орын­далған ҚармТУ Инженерлік бейінді зерт­ханасы технологияны коммерция­лау көлемдері бойынша Қазақстанда ең үздігі болып танылды. «Әлемдік банк гранты» республикалық байқау нәтижесі бойынша университет базасында Материалтанудың халық­аралық орта­лығы құрылды, ол ұлттық иннова­ция­лық жүйенің өзекті интеграторы болды. 2010 жылдың қазан айында ел Пре­зидентінің қатысуымен Уни­вер­ситет базасында мұнай-газ кешені­нің қазақстандық кәсіпорындары үшін дәнекерлеуші-инженерлердің үшінші буы­нын оқытып шығаратын Қазақстандық дәнекерлеу институты құрылды. Түлектер әлемнің 56 мемлекетінде мойындалатын халық­аралық үлгідегі диплом алады. Университет еліміздің ин­дус­­трия­лық-инновациялық дамуы­ның мемлекеттік бағдарламасының жобаларын іске асыру үшін мамандар даярлау бо­йын­­ша базалық жоғары оқу орны болып табылады. Қарағанды облысы­ның Индустрияландыру картасының 96 кәсіпорны үшін халықаралық стандарт бойынша кадрларды даярлау «Кор­­­­поративтік университет» инно­вациялық білім беруші консорциумы құрамындағы кафедралардың 60 филиа­лында оқытудың дуальды жүйесі бойынша жүргізіледі. Қарағанды облысының Индус­трия­ландыру картасына 11 000 жаңа жұмыс орнын құру бойынша 519 млрд. теңгеден аса сомаға 95 жоба енгізілді. Университет барлық кәсіпорындармен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің 29 мамандығы бойынша 2019 жылға дейін 1682 маман даярлауға келісімшарт жасасты. ҚарМТУ Ин­дустрияландыру картасының әрекет­тегі 61 нысанына 1096 маманды даярлап, жұмысқа орналастырды. Кадрларды даярлау бойынша мем­лекеттік маңызды тапсырманы орындау үшін университетте Қазақстанның тау-кен, металлургиялық және мұнай-газ, сонымен қатар, көлік-коммуникативтік, құрылыс және отын-энергетикалық кешендері сияқты өнеркәсіп салалары бойынша студенттерді оқыту үрдісінде Жаңа қазақстандық патриотизмді тәр­биелеу концепциясы әзірленіп, сәтті іске асырылып жатыр. Университет ректоры Арыстан Газа­лиевтің бастамасы бо­йынша студенттер келісім негізінде тиіс­ті мамандықтары бойынша нақты кәсіпорындарға және ұйымдарға тір­келеді, онда олар оқу үде­­рісі ке­зін­де тәжірибеден өтеді, өндіріспен, жетекшілермен танысады. Мұндай байланыс жұмыс берушіге түлекті жұмысқа алуға мүмкіндік береді. Бұл ретте түлек те жұмыспен қам­тыл­ғанына сенімді болады, бұдан әрі жұмыс іздеудің қажет еместігіне, кепілдіктің орнында екендігіне көзі жетеді. Егер бұл бастама өз жалғасын тапса, ал менің оған күмәнім жоқ, онда біздің болашаққа деген жоспарымыз толық іске асады деуге болады. Осындай таңдау жасап университетке түскен студенттермен кездесулер өтті. Кездесу барысында біз олардың көңіл-күйімен танысып, болашақ пен бүгінгі күн туралы ойларын, армандарын сұрастырдық. Өзара үнқатысу қызықты өтті. Олардың патриоттық рухы мен үздік болуға деген құштарлықтары, берілетін білімді меңгеру, оқуда көшбасшы және озат болу, барлық жақсылықтар мен пайдалы іске үйрену орайындағы ынталары таңғалдырды. Әсіресе, көптеген студенттердің өз армандарын айқын да ашық білдіргенін атап өту қажет: Президентке ұқсас болу, мемлекет және қоғам қайраткерлері болу, жоғары білікті, бәсекеге қабілетті маман атану, Президентіміз сияқты Теміртауда жұмыс жасап, өмір сүру. Біздің жастардың арман-мақсаттары осындай екен. Бұл бізді сүйсіндірді! Біз жастардың оптимистік көзқарасына, олардың мақсатқа талпынушылығына айтарлықтай қанаттандық. Біздің бола­шағымызды осындай патриоттық құл­шыныстағы жастардың қолына сеніп тапсыруға болатындығына көзі­міз жеткендей. Иә, олар бізді ұятқа қал­дырмайды, еліміздің көркеюі үшін асқақтаған армандарымызды орындайды. Ел бойынша бұл қозғалыстың кеңі­­нен таралуы үшін осы жұмысты үйлестіретін қоғамдық штаб құру тиімді болар еді есептеймін. Оған осы студенттер арасындағы белсенділер, қоғам қайраткерлері, білім беру жүйесінің жұмыскерлері, бизнесмендер және белгілі академиктер, профессорлар кіруі тиіс. Штаб қызметіндегі маңызды жайт жастардың қазақстандық патриотизмін нығайту бағытында жұмыстар жүргізу, әлемнің озық елдерінің отыздығына кіруі жолындағы мемлекетіміздің жос­парларын жүзеге асыру болып табылары да күмәнсіз. Штаб жұмысының бағдарламасы кездесулер, алқақотан әңгімелер, жастардың патриоттық рухын көтеретін ойын-сауық мерекелерден тұруы тиіс деп ойлаймыз. Осы игі іске бұқаралық ақпарат құралдарын қосу орынды болар еді. «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» республикалық басылымдарында, телеарналарда «Қазақстан патриоты» айдарын ашу, Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапаттау, өзге де шаралар жасау. Одан басқа, қазақстандық патриотизмге байланысты жастар саясаты туралы Заңға өзгертулер енгізу де – уақыт талабы. Осынау шаралар жастардың патриот­тық тәрбиесін нығайтуға мүмкіндік береді. Жастар біздің болашағымыз екендігін әрдайым есте сақтауымыз керек! Олар аға буынның үмітін, Елбасы сенімін ақтайды деп білеміз. Қазақстандықтарды Ұлт Жоспарын және реформаларды жүзеге асыруға бел­сенді қатысуға шақыра отырып, Елбасы көп этносты қоғамымыздың биік жетістікке жетуі үшін халықтың ынтымағына, қазақстандық патрио­тизмнің ұйытқылы түрде көрінуіне назар аударады. Бұл орайда жастар өз армандары мен сенімдерін, асқақ мұраттарын Ұлт Жоспарын орындауға бағыттайды, азаматтық белсенділігін танытады деп тағы да кәміл сенім білдіреміз. Өйткені, жаңа қазақстандық патриотизм жастарды қазақстандық арманға бастайды. Төлеутай СҮЛЕЙМЕНОВ, 1991-1994 ж.ж. Қазақстанның Сыртқы істер министрі, Төтенше және өкілетті елші, саяси ғылымдар докторы, профессор. Астана.