• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
11 Ақпан, 2016

Ұлт үшін туған ұл

574 рет
көрсетілді

Зиялы – саналы ғұмырында ұлт руханиятына терең тамыр жіберген, жаңа кәсіби білімнің биігіне құлаш ұрған, зерделі ойдың, парасатты пайымның, ірі азаматтық мінездің иесі. Ондай тұлға қашанда еріктіліктің құлы. Олар ешкімнің міндеттемесінсіз-ақ кез келген салада адал да қа­жырлы еңбек етіп, ұлтын әманда өркениеттің өріне сүйрейді. Оның бәрі өзі істеуге тиісті перзенттік борыш екенін шынайы сезінеді. Ғұмыр дариясына тәй-тәйлап аяқ басқаннан тартып, қатепті қара нардай қасқайып, бабалардан қалған аманатты көш жерге болса да алға апаруға атан күшін аямайды. Бір қызығы бұл қасиет кім көрінгенге беріле бермейтіні тағы ақиқат. Ол қасиет өз заманының озық ойлы, нағыз зиялыларына ғана тән. Әне, сондай ардақты тұлға, бекзат болмысты, үлкен жү­ректі азамат, жан-жақты білім иесі шетелдерде өмір сүріп жат­қан қандастарымыздың арасында да аз емес. Солардың бірі һәм бірегейі – ҚХР-дың Үрімжі қаласында тұратын белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы, ғалым, Сұлтан Жанболатов. Сұлтан Рамазанұлы 1936 жылы Қытай Халық Республикасының Тарбағатай аймағына қарасты Шағантоғай ауданында өмір есі­гін ашқан. Аталған аудан біздің Шығыс Қа­­зақстан облысының Үржар ау­данымен шекаралас. Ежелде олар қойы қоралас, ыдыс-аяғы аралас бір елдің көрші ауылдары еді. Тағдырдың тарпаң жылдарында ауыл арасы темір тормен бөлініп, туған ағайынның аралас-құраластығы арманға айналған замандар болғаны белгілі. Ол заман да келмеске кетіп, Тәңі­рі сыйлаған Тәуелсіздіктің ар­қасында халқымыздың сан ға­сырлық арманы орындалып, елге ел қосылып құтымыз асып, берекеміз тасып жатқан жайымыз бар. Әсіресе, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы саясатының нәтижесінде шеттегі қандас бауырларымыз да тәуелсіз Қазақ елінің арқасында еңселері көтеріліп, рухани серпіліп қалғаны жасырын емес. Осынау шексіз бақытты алғашқы күннен мықтап сезініп, сол жолда жан аямай тер төгіп келе жатқандардың бірі тағы да осы Сұлтан Жанболатов ағамыз. Ол былай атүсті қараған адамға шет жайлап, қиыр қонып жүргендей көрінгенімен, ширек ғасыр бойына азат Қазақ елі іргесінің бекемделуі, көрші ел­дердің өзара түсіністігі мен дос­­тығының нығаюы, ол елдегі ағайын­дардың тілі мен ділінің сақ­талып қалуы жолында «күндіз отырмай, түнде ұйықтамай» еңбек етіп келеді. Қарап отырсаң табиғат шынында да жомарт-ақ. Біреуге дарын, талант берсе, кейде үйіп-төгіп бір-ақ береді. Сұлтан Жанболатов ағамыздан да Жаратушы ештеңесін аяп қалмағандай көрінеді. Дене-бітімі, пошымы қандай мол болса, Құдай дарынды да солай молынан сыйлапты. Ол шынында да жан-жақты талант иесі. Физика-электроника ғылымдары бойынша Қытай қазақтарынан шыққан тұңғыш доцент (1982 жыл), ағар­тушы-ұстаз, мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы, аудармашы, тарихшы, фольклорист-ғалым. Сұлтан Рамазанұлының осы айтылғандардың ішіндегі бір ғана қырына сәл ғана шұқшиған адамның өзі кемінде бір кітаптың басын қайыратынына еш күмән жоқ. Бұл қасиеттерге оның өне бойы­нан төгіліп тұрған сырбаз мінезді, бекзат болмысты, тектілікті қосыңыз. Өйткені, ұлт көсемі Ә.Бөкейхан «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» дегенді жайдан-жай айтпаса керек. Сондай-ақ, ол Қытайдағы қа­­бырғалы елдің, қаймағы бұ­зылмаған қалың қандастың рухани ту ұстаушысы, мәйекті ұйыт­қысы. Миллиард халқы бар елде осындай мәртебелі биікке көтерілу, әрине, бірер жылдағы бірер тамшы тердің бодауы емес. Қаршадайынан-ақ, қашанда үлкен ізденіс пен тынымсыз еңбекті серік еткен Сұлтекең иісі жас ұрпаққа ісімен де, мінезімен де үлгі. Жастарға қажырлы болудың, ізденімпаз болудың, бесаспап болудың не екенін көрсеткен ұлағатты ұстаз. Ғылымның сан тарау жолына түсіп, бәрінде өз қолтаңбасы мен бө­генайы бөлек із қалдырған ға­лым. Тарлан тарихтың тереңіне сүңги жүріп, қазақ әдебиетіне қайталанбас шығармалары арқылы ауқымды ол­жа салған қаламгер. Ел ісіне елпек жан қатепті қара нарлардай қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, нар жолында жүк қалдырмаған қайраткер азамат. 1956 жылы Шыңжаң инс­ти­­тутының физика-математика факультетін үздік нәтижемен тә­мамдаған жалынды да талапты жасты сол оқу орнының басшылары физика кафедрасына оқытушылыққа алып қалады. Болашақ ғалым өз білімін тер­ең­дете түсу мақсатында 1957-1961 жылдар аралығында Қы­тайдың Чанчунь қаласындағы Зилинь университетінің физика факультетінде радио-электрони­ка мамандығын оқиды. Ой қа­зынасын, парасат қоймасын жаңа, озық білімге толтырған Сұл­тан Рамазанұлы қазіргі Шыңжаң уни­верситетіне оқытушылық қызмет­ке қайтып оралады. Еңбек жолын елдің білім іздеген жастарына бар білгенін сарқа жұмсаудан, яғни, ұстаздықтан бастайды. Осылайша ұлт жастарын бі­лім нәрімен сусындатып, ғы­лым жолына біржола түсіп, оған құлай беріліп келе жатқан Сұл­тан Рамазанұлының арман көгі саясаттың ылаңымен тұманданды. Қытай тарихындағы «мәдени төң­керіс» жас Сұлтанды да айналып өткен жоқ. 1963 жылы күзде оған әртүрлі саяси жалалар жабылып, басына қара бұлт үйіріледі. Атап айтқанда, оған «қашқынның баласы», «шетпен астасқан», «ақлақан», «буржуазия маманы» деген сорақы айдарлар тағылып, қақ-соққа ұшырап, жауапқа тартылады. Бұл саяси науқан 1966 жылға келгенде тіптен өршіп, жағдай тіптен ушыға түседі. 1966 жылы тамызда хунвэйбиндер Сұлтан Ра­мазанұлының басына қағаз қалпақ кигізіп, өзіне «ұлтшыл», «өзгертімпаз», «қанды балақ» деген айдар тағып, ел алдына шығарып, көше аралатып масқаралайды. Қарапайым халық алдында ар-намысын аяққа таптап, қорлық пен қинаудың сан түрін көрсетеді. Осындай ауыр күндерді басынан өткерген зия­лы қауым өкілдерінің ішінде қорлық-зорлыққа шыдамай өзіне өзі қол жұмсап, о дүниеге аттанып кетіп жатқандар да аз болған жоқ. Бірақ табиғатынан текті, рухты, қайсар Сұлтанды қатыгез қорлық-зорлық, қинау жасыта алған жоқ. Түнек түннен соң, жарқырап таң атпаушы ма еді. Сол секілді 1976 жылы «мә­дени төңкеріс» аяқталып, саясат оңалып, Сұлтан Рамазанұлы өзінің сүйікті қызмет орнына – универ­ситет аудиториясына қайта оралды. Бақандай бір мүшелінің мағынасыз қуғын-сүргінмен өт­іп кеткеніне ашынған ғалым уа­қытқа кеткен есесін қамтып қа­лу мақсатында түнде ұйқыны, күн­­діз күлкіні қайырып қойып еңбектенді. Соның арқасында 1982 жылы «Бүкілқытайлық ғы­лыми атақ-дәреже беру» заңы қа­былданғаннан кейін, Сұлтан Рамазанұлы Шыңжаң қазақтары арасынан тұңғыш доцент атағына, одан кейін тағы да тұңғыш рет (Үрімжі кәсіби университетінен) профессор атағына ие болды. Сұлтан Жанболатов 80-жылдардан кейін қоғамдық жұмыстарға белсене атсалыса бастады. Өйт­кені, Қы­тай өкіметі осы кезеңдерде «ре­­форма жасау, сыртқа есік ашу» саясатын кеңінен насихаттап, екпінді түрде жүзеге асыруға кірісіп кеткен болатын. Тап осы мезгілде Сұлтекең сияқты кәсіби мамандардың еңбегі ғана емес, ой-пікірі мен ұсыныстары да ауадай қажет болды. Осылайша, ол 1983 жылы Шыңжаң университетінің проректоры, ҚХР Электроника қоғамының бас алқа мүшесі, ҚХР аз ұлт жазуындағы ақпараттарды компьютермен өңдеу қоғамының төрағасы, ШҰАР Ғылым және техника қауымдастығының тұрақты жорасы, ШҰАР ЖОО ғылыми атақ­тар беру жөніндегі аттестаттау комиссиясының төрағасы, т.б. қызметтерге тартылды. Ол қандай биік лауазымды қызметтің тізгінін ұстамасын, туған халқына адал қыз­мет ету деген жауапты міндетті ешқашан да есінен шығарған емес. Атап айтқанда, сол тұста ол аз ұлт­жастарының да жаратылыстық ғылым салалары бойынша жан-жақты білім алып, заман талабына сай тірлік етуі үшін жаратылыстық ғылымдар бойынша Шыңжаңдағы жоғары оқу орнына қабылдана­тын студенттердің үлес салма­ғы­ның артуына мұрындық бол­ды. Сұлтан Жан­болатовтың осы ең­бегінің нәтижесінде, қазақтың қара көз ұлдары мен қыздары қат мамандықтар бойынша да білім алып, заманауи ғылым-тех­ни­каның нәрінен сусындай бастайды. Сұлтан Рамазанұлы сан-са­лалы мемлекеттік және қоғам­дық салада қызмет ете жүріп, жас ұр­паққа пайдалы ғылыми ең­бектер жазуды да ұмытқан жоқ. Оның ғылыми саладағы із­денісінен туған «Компьютер принциптері», «Жартылай өткіз­гіштік радиоқабылдағыш», «Маг­нитофонды радиоқабылдағыш», «Калькулятор», т.б. ғылыми-тех­никалық саладағы кітаптары замана сұранысын қанағаттандырған бірегей еңбектер еді. Сонымен бірге, ол электроника саласындағы мол білімінің арқасында, өзі басқарған мамандар тобымен бірге аз ұлт жазуларын компьютерге ыңғайлау жүйесін ойлап тауып, ШҰАР-дың «Техникалық прогресс» сыйлығын еншіледі. Сұлтан Жанболатов ұлтыма пайдам тиеді-ау деген жұмыстың қандайынан да қашқан емес. Осы жолда ол шығармашылық жұмысына кесірі тиетінін бі­ле тұра, үлкен мемлекеттік қыз­меттерге саналы түрде барды. 1986-1996 жылдары ШҰАР Оқу-ағарту ко­митеті төрағасының (ШҰАР Бі­лім министрінің) орынбасары, 1988 жылы Оқу-ағартуды зерттеу институтының, кейіннен Үрімжі кәсіби университетінің профессоры, ЖОО-ларда білім беруді зерделеу институтының директоры һәм аға зерттеушісі, 1993-2003 жылдары 8-ші және 9-шы рет шақырылған Мемлекеттік Халық Құрылтайының (парла­мент) депутаты, оның ұлт істері Комиссиясының мү­ше­сі болды. 2005 жылы Дүние­жүзі қазақтарының ІV құ­рыл­тайында Дүниежүзі қа­­зақ­тары қауымдастығы Төр­алқа­сына мүше болып сайланды. Қазірге дейін Сұлтекең ШҰАР телеуниверситеті мен Үрімжі кәсіби университеттерінің профессоры, Қазақстандағы Мұх­тар Әуезов атындағы Семей университеті мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситеттерінің құр­метті профес­соры. Сұлтан Жанболатов ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері ғана емес, қазақ әдебиетіне олжа салған аса дарынды суреткер-жазушы. Әдебиеттің қақпасын 1979 жылы «Аруақтар ара­сын­да» атты повесімен ашты. Қа­зір есеп­теп қарасақ, ол кезде Сұлте­кең­­нің жасы 43-те екен. Әрине, бұл қаламгер үшін кештеу болса да, оның қаламынан әлде­қан­дай тосырқауды байқай алмайсыз. Керісінше, осы алғашқы шы­ғармасынан-ақ қаламы төселген, арғы-бергі әдебиеттен мағлұматы мол, ұлттың рухани топырағына терең тамыр жіберген кәнігі жазушылардай-ақ еркін көсілген шеберлікті байқауға болар еді. Жазушының «Аруақтар арасында» повесі тақырыптық жаңалығымен, жанр­лық сонылығымен, көркемдік шеберлігімен жариялана салып-ақ ШҰАР-дың «Бірінші дәрежелі әдеби сыйлығын» еншіледі. Өйт­кені, Сұлтан Рамазанұлы осы шы­ғармасымен Шынжаң қазақ әдебиетіндегі бір айтулы ақ­таң­дақтың орнын толтырды. Ол – фан­тастикалық проза жанры болатын. Жазушы осы шығармасын­да тарихтың терең қатпарларына сүңгумен қатар, болашаққа болжал жасайды. Келешек ғылым-техника саласында болуы мүмкін жаңа­лықтар туралы батыл ой айтады. Сұлтан Жанболатовтың ғы­лыми-фантастикалық шы­ғар­малары 1985 жылы «Қас Сақтар» деген атпен Пекиндегі «Ұлттар бас­пасынан» жарық көрді. Осы кітап туралы ғалым, жазушы Жақып Мырзахановтың: «Сұлтан қазақ әдебиеті тарихындағы ғылыми-фантастикалық әдебиеттің туып-қалыптасуына кең жол ашқан ғалым һәм жазушы... «Қас Сақтар» атты ғылыми-фантастикалық әңгімелер жинағы оның өзіндік стиль, өзіндік оймен жаза­тын талғамды да тынысты жазушы екендігін көрсетті», – деген пікірімен толықтай келісуге болады. Осыдан кейін Сұлтан Жан­болатов жазушы ретінде он­да­ғы қазақ, хань, ұйғыр оқыр­ман­да­рының іздеп жүріп оқитын қаламгеріне айналды. Әрине, одан кейін де жазушы қаламынан неше ондаған повестер мен әңгімелердің оқырман жүрегіне жол тартқаны белгілі. Дегенмен, қаламгер ре­тінде Сұлтан Жанболатовтың әде­биеттегі ас­қар биігі – «Үйсін хикаясы» три­ло­гиясы. Трилогия жеке-жеке «Елжау Күнби», «Саншора Күн­би», «Оңғай Күнби» атты бөлімдерден тұрады. Бұл трилогия 1994 жылдан жарық көре бастады. Артынша бұл кесек туынды ҚХР Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Сондай-ақ, еліміздің ХХ ғасырдағы «Қазақтың 100 романы» атты бағ­дарламасына енгізілді. «Үйсін хикаясы» трилогиясында жазушы тарихи деректерді молынан пайдаланады. Мұнда автор жалаң қытай мұрағаттарымен ғана шектелмей, сонымен бірге, грек, араб, парсы тілдеріндегі тарихи материалдарды да молынан пайдаланғаны шығарманың өн бойынан айқын аңғарылады. Соның арқасында автор һәм қан­ды-сөлді һәм көркем, һәм тарихи һәм жанды образдар жасап, ұлттың сан ғасырлық көркем ше­жіресін көз алдыңызға әкеледі. Сондай-ақ, жазушы аталған трилогиясында тек Үйсін елінің көсемі Елжаудың ғана көркем образын жасаумен шектелмей, нанымды тарихи фактілерге негізделе отырып, бүгінгі қазақ ұлты мен ежелгі үйсін арасындағы тектік-генетикалық сабақтастықты да дәлелдеуге тырысады. Бұның өзін жазушының осы шығармадағы ең үлкен ұтысы, керемет жетістігі деп бағалаған жөн. Қысқасы, бұл трилогия бүгінгі қазақ оқырманына Ұлы Дала елінің тарихи көркем шежіресін шертумен бірге, Ел­басымыз Н.Назарбаев ылғи айтатын «тарихта озған кезіміз – берекелі кезіміз, тозған кезіміз – берекесіз кезіміз» екендігі жөнінде тарихтан құнды сабақ береді. Сұлтан Рамазанұлының бұ­дан өзге, әр жылдары жарық көрген «Таластағы жанталас», «Атлах-Талас шайқасы» секілді повестері мен романдары, сегіз­томдық ғы­лыми-зерттеулер топтамасы, сондай-ақ, очерк, әңгіме жинақтары оқырманға етене таныс. 2008 жылы «Біз» атты автобиографиялық трилогиясы оқырманға жол тартқан болатын. Ол да «Ес кіру», «Ес шығу», «Ес жию» атты романдардан тұратын, автордың өмір жолының орайында тұтас ХХ ғасырдағы қытай елінің, дәлірек айтқанда, ондағы қандастарымыздың тыныс-тіршілігін қамтып жатқан іргелі туынды. Бұл трилогия Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы тарапынан жарық көрді. «Ежелгі ұлыс тарихы» («Үйсіннама») ат­ты монографиясы да Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы тарапынан жарық көріп, Қазақ елі оқырмандарының қолына тигеніне де көп бола қойған жоқ. Бұл ертедегі Үйсін мемлекетінің тарихын баяндаған ғылыми еңбек. Сұлтан Жанболатовтың ғы­лым, білім, әдебиет саласында қол жеткізген жетістіктері әр жылдары ҚХР өкіметі тарапынан лайықты бағасын алып отырды. Оның бас­тылары ретінде ҚХР Мемлекеттік сыйлығы, ШҰАР-дың «Ерекше үлес қосқан маман» сыйлығы, әдебиет пен өнер саласындағы ең жоғарғы «Үлес» сыйлығы қатарлы марапаттарын атауға болады. Сұлтан Рамазанұлының айтпай кетуге болмайтын тағы бір елеулі еңбегі – Қазақстан мен Қытай елдері арасындағы дос­тықты, өзара түсіністікті ны­ғайту жолындағы тынымсыз ізденісі. Бұл тұрғыдан келгенде, Сұлтекеңді Елбасымыз ұстанып отырған саясаттың сол елдегі белсенді насихатшысы десек те артық емес. Сұлтекең­нің бұл бағыттағы еңбектері де елен­­­бей қалған жоқ. Ол 2001 жылы Елбасының Жарлығымен «Қазақстанның Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен, 2007 жылы «Достық» орденімен, 2015 жылы «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» және «Қазақ хандығының 550 жылдығы» ес­телік медальдарымен марапатталды. Сондай-ақ, өткен жылы Сұлтан Рамазанұлы қазақ ғылымына қосқан зор үлесі үшін ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті, академик М.Жұрыновтың алғыс хатымен марапатталды. Сексеннің сеңгіріне ентікпей көтерілген Сұлтекең әлі де тынымсыз еңбек пен терең ізденістің үстінде. «Жазарымды жаздым, болдым» деп қарап отырмай, Қазақ хандығының 550 жылдығына шашу ретіндегі «Қазақ тарихынан сауат» дейтін еңбегін аяқтап, шығармаларының 20 томдық жинағын реттеп баспаға ұсынды. Ұлтының бақыты үшін жаралып, ұлтының намысы үшін қа­жы­май еңбек етіп, тұтас ғұ­мырын ұлтының рухани түлеуі мен жаңғыруына арнап келе жатқан ұлтының адал ұлы, Алаш жұртының аяулы ақсақалы – Сұлтан Рамазанұлына енді өмір бойғы бейнетіңіздің зейнетін ұзақ жылдар жеуге жазсын деген тілек айтамыз! Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылым­дарының докторы. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ кафедра меңгерушісі. Астана.