С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде студенттер мен оқытушылардың Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Халық қаһарманы, ғарышкер, «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ вице-президенті Айдын Айымбетовпен кездесуі өтті.
Іс-шара мақсаты жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеп, азаматтық жауапкершілікті сезіндіру, тәуелсіз Қазақстан жетістіктерінің бірі – ғарыш кеңістігін игерудің бесінші ғылыми бағдарламасымен таныстыру болды.
Университет ректоры Ақылбек Күрішбаев құттықтау сөзінде оқу орнының табыстарына тоқталып, қазақ ғарышкері өз сапарын жаһандық сауалдарға жауап іздеп, еліміздің ғарыш саласын дамытуға арнағандығын атап өтті.
А.Айымбетов өз әңгімесінде ғарыш сапарының қалай өткендігін сөз етіп, Қазақстан ғалымдары дайындаған ғарыштық технологиялар мен тәжірибелерге тоқталды. Ғарыштық технология жетістіктерінің күнделікті тіршілігімізге қалай ене бастағанын, Қазақстанның ғарышкерлер саны жағынан әлемде тоғызыншы орынға шыққандығын, еліміздің ғарыш кеңістігін игеру мүмкіндіктері зор екенін, болашақта да өзінің бар күшін соған арнайтынын айтты.
Кездесу барысында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, түрлі жайттарға қанықты. Кеш соңында ғарышкер университеттің сыйлы қонақтарға арналған Алғыс кітабына қолтаңбасын қалдырды.
«Егемен-ақпарат».