• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
11 Ақпан, 2016

Бірлесе атқарған іс жеңіл

292 рет
көрсетілді

«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-тың жаңа кеңсе ғимаратында Астана қаласы әкімдігімен бірлескен жиналыс болып өтті. Күн тәртібі бойынша «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін ұйымдастырудың дайындық мәселелері қаралды. «Өткен жылдың күзінде біз Бір­лескен іс-шаралар жоспарына қол қойған болатынбыз. Соның негізінде инженерлік жүйе, жол құрылысы, транспорттық инфрақұрылым, қала­дағы қоғамдық көлік, туризмнің дамуы, тағы да басқа көптеген мәселелер бойынша міндеттер белгіленген болатын», – деді ұлттық компания басшысы А.Есімов. Бірлескен іс-қимыл жоспары аясында тараптар 2017 жылы өтетін көрмеге дайындық және оны өткізу бойынша өзекті мәселелерді жұмыс бабында талқылап, шешіп отырады. Одан әрі өз сөзінде А.Есімов ұлттық компания атқарған негізгі жұмыстар­ға тоқталып, іс-шаралардың кестеге сәй­кес жүргізіліп жатқанын, барлық бағыттар бойынша жұмыстардың кү­шейтілгенін және Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың бәрі орындалып жатқанын атап өтті. Бүгінгі таңда 74 мемлекет пен 14 халықаралық ұйым ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысатындарын ресми түрде растады. Сонымен бірге, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ бас­қар­ма төр­­ағасы көрменің ашылуы кезінде қатысушы мемлекеттердің саны 100-ге жететініне нық сенім білдірді. Келесі кезекте Астана қаласы әкімі­­нің орынбасары Нұрәлі Әлиев қаланы аталмыш маңызды шараға дайындау жөнінде толығырақ айтып берді. Оның айтуынша, ЭКСПО өткен кезде басты салмақ көлік басқару жүйесіне түседі. Астана әкімдігі көр­ме­ге дайындық аясында қаланың көлік-логистикалық инфрақұрылымын қамтамасыз ету бойынша үлкен жұмыс атқаруда. Атап айтқанда, бірыңғай диспетчерлік қызмет пен көліктік бақылау қызметі құрылды, Қазақстанда алғаш рет Көлік ағынын басқару орта­лығы енгізіліп, нақты қызмет атқарып жатыр. Тұрақ кеңістігін басқару жүйесін кешенді жүргізу мәселесі қаралуда интеллектуалды көлік жүйесін (ITS) енгізу жұмыстары қолға алынды. Нұрәлі Әлиевтің сөзіне қарағанда, осы мәселені кешенді түрде шешу елорданың көлік-логистикалық же­лісін халықаралық стандарттарға сәй­кес құруға мүмкіндік береді. Қа­ла әкімінің орынбасары өз сөзінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, денсаулық сақтау, көрме қонақтарын орналастыру мен тамақтандыруды ұйымдастыру, іс-шаралар күнтізбесі, волонтерлар жұмысын ұйымдастыру және басқа маңызды шараларды атап көрсетті. Қала әкімдігі қызмет көрсету сала­­сында сапаны арттыру бойынша жұмыстарға айрықша басымдық беріп келеді. Бүгінгі таңда ұлттық компания­мен бірлескен «ЭКСПО ұсы­нады» атты Астана қаласының серіктестік бағдарламасы жүзеге асырылуда. «Қазіргі кезде серіктестік бағдарламаға қатысуға 50-ден астам өтінім келіп түсті», – деді Н.Әлиев. Оның айтуынша, бағдарламаға қонақүйлер, қоғамдық тамақтану объектілері, көлік қызметтерін ұсынатын компаниялар мен турфирмалар қатысады. Кеңес барысында елорда әкімі бірлесіп жұмыс істеудің және барлық бағыттар бойынша өзара әрекет етудің маңыздылығын атап өтті. «Қала үшін ЭКСПО халықаралық көрмесі маңызды емтихан болып табылады, оның үстіне бұл елордамыздың тыныс-тіршілігінің барлық саласының дамуына қосымша серпін береді. Көрмеге де, Астанаға да қызығушылықтың ұдайы артып отырғаны байқалады. Бүгін­де барлық қалалық құрылымдар­дың басты міндеті – қаланы ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындау» – деді сөзі­нің қоры­тындысында Әділбек Жақсы­беков. «Астанада көптеген маңызды ха­лықаралық шаралар өткізілді, бірақ олар 2-3 күнге ғана жалғасатын. ЭКСПО көрмесі 93 күн бойы өте­ді және бұл қаланың барлық инфра­құрылымына салмақ түсірмек, бәрі­міз де бұған дайын болуымыз керек», – деді отырыс қорытындысында Ахметжан Есімов. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан». Астана.