• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
11 Ақпан, 2016

Режиссер «шекпені» Студенттерге Ораз Әбішев атындағы шәкіртақы табысталды

349 рет
көрсетілді

Егер орыс әдебиетінде «Бәріміз де Гогольдің шинелінен шықтық» деген қанатты сөз бар болса, қазіргі қазақ деректі киносында еңбек етіп жүрген жастардың барлығы сол Ораз Әбішевтің «шекпенінен» шықты деп айтуға болады. Бұлай дейтінім, бұл кісіден тікелей дәріс алу міндетті емес. Бірақ, негізін қа­лап беріп, ауырға арқасын тосқан Ораз секілді ақсақалға қазақтың жас киногерлерінің барлығы тәнті... Бұл Әкім Таразидің пайымды пікірі. Дегенмен, Ораз Әбішевті танитын исі қазақтың бәрі осы оймен толықтай қосы­лады деп сене­мін. Қазақстан деректі кино­сының іргетасын қалап, негізін салған, Қазақ КСР-нің халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері Ораз Әбішев өзінің бүкіл ғұмырын, саналы өмірін осы салаға арнады. Ол кісі өзінің ғибратты ғұмырында жетпіске жуық деректі фильм мен үш жүзден астам киножурнал­дар шығарып үлгерген. Кеше Қазақ ұлттық өнер университетінде тұ­ғырлы тұлғаны ұмытпау, керісін­ше ұлықтау мақсатында Ораз Әбі­шев атындағы шәкіртақыны табыс­тау рәсімі болып өтті. Іріктеуден іркілмей өтіп, оқуында озат болған үш оқушы осы степендияға ие болды. Олардың қатарында, аталмыш оқу орнының режиссер мамандығының 4-курс студенті Рамазан Халиолла, Анар Мергенбаева және оператор өнері мамандығының 3-курс сту­денті Дәулет Рысқұлов бар. Қанат Әбішевтің демеушілігімен бастау алған бұл шара аясында наурыз айының басында Ораз Әбішевтің шығармашылығына қатысты конференция жоспарланып отыр. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан».