• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
11 Ақпан, 2016

Қостанай қаласының кубогі үшін өткен жарыс еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды.

263 рет
көрсетілді

Қостанай қаласы кубогі үшін шаңғышылар жарысы Тәу­елсіздіктің 25 жылдығына ар­­налды. Шаңғышылар қардың ауыр­лығына қарамастан жарыс қызығына түсті. «2030 жылдары халқымыздың 30 пайызы спортпен, денешынықтырумен айналысады» деген Елбасы тапсырмасы үдесінен осындай игі істер шығарса керек-ті. Жарыстың салтанатты ашылуында спорт пен денешынықтыру Мәңгілік Ел идеясын мұрат тұтқан еліміз жастарының серігі екені айтылды. – Тарих тұғырынан қарасақ еліміз Тәуелсіздігін алған 25 жыл көп уақыт емес. Алайда, осы аз ғана жылда Қазақстанда қаншама үлкен істер жүзеге асты. Біздің облысымыздың өзінде қаншама спорт кешендері мен алаңдары жасалды. Аудандар мен қалалардың барлығында спорт бөлімдері белсенді жұмыс істейді, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері қалпына келтірілді. Олардан еліміздің намысын қор­ғаған, атын айдай әлемге әйгілі еткен спортшылар, Олимпиада жүлдегерлері өсіп шықты. Қос­танай еліміздің солтүстік аудан­дарының бірі болғандықтан, қысқы спорт түрлері бізде кең қанат жайған. Соның ішінде шаңғы спортынан атақты Иван Гаранинді, Ольга Селезневаны, Евгений Бондоренконы, атақты жаттықтырушы Иван Вепревті мақтаныш етеміз. Бүгінгі жарыс та өңірімізде шаңғы спортының дами түскенін паш етеді, – деді облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Евгений Вильямс. Мұнан кейін сөреге тұрған үш жүзден астам шаңғышылар төреші бұйрығынан кейін жүйтки жөнелді. Олардың арасында қаладағы Ба­лалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің спортшылары, колледждер мен мектептер оқу­шылары, әуесқой шаңғышылар бар еді. Сонымен қатар, қалалық жарысқа Таран ауданы мен Руд­ный қаласы шаңғышылары да қонақ ретінде қатысты. Айтулы мерекеге арналған шаңғышылар жарысының өзі спорт мерекесіне айналды. Оппа қарда үлкен де, кіші де шаңғы тепті. Қыс қызығы таусылмайтындай, таза ауада қалалықтар серпіліп қалды. Дегенмен, жарыстың аты – жарыс. Бұл жолы ерлер командасында Александр Брейндбах – бірінші, Александр Пархоменко – екінші, рудныйлық Виктор Матиев – үшінші орынға табан тіреді. Ал әйелдер арасында бірінші болып Зарина Букутова, екінші – тарандық Валентина Казанцева, үшінші – Лиза Селезнева келді. Оза шапқандарға сертификат, мақтау қағаздары тапсырылды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.