Бұрнағы күні бұған дейін көктемнің күйін кешкендей болып тұрған Шымкентке қыс қайта келгендей болды. Қысқа мерзім ішінде аймақты ұлпадай аппақ қар басты да қалды. Бұл қоянның құйрығындай бұлаңдаған қыстың қайта үйіріліп соққанын көрсетті.
Ал биыл жаңа жылды оңтүстік өңірінің жұрты жылы жаңбырмен қарсы алған. Арқада арқыраған боран қарға адым жерді көргізбей, аспан мен жер көк мұзға оранып жатқанда Шымкентте бәйшешек бүр жарған, шие гүлдеген. Есік алдындағы алаңқайымызда қаулап өскен балауса орақпен орарға кеп қалғандай еді.
«Ақ киімді, денелі, ақ сақалды, соқыр, мылқау танымас тірі жанды» қысыңыз Шымкент деген жерде де қыс болу керектігін ұмытып кетті ме деп жүргенімізде, ақпанның екінші аптасы қармен басталды. Қыламықтап жауды, жерге түспей еріп жатты. Болмаған соң жапалақтап жауып, қабағын түкситіп еді, қыс түсті.
Түнде бес градус, күндіз үш-төрт градус аяз бар. Балалар рахаттанып қалды. Үлкендер тауға барып шаңғы теуіп жүр. Бірақ, қоянның құйрығындай шолтаң ете қалатын Оңтүстік қысының аяғы осы қар болатын сыңайлы.
12 ақпаннан бастап ауа температурасының жылылығы 2-3 градусқа артады деп күтілуде.
Қыс осылайша сыр беріп тұр.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.