Қытайда мәйітханада Цельсий бойынша минус 12 градустық суықта 23 сағат жатқан нәресте тіріліп кетті. Бұған дейін дәрігерлер қайтыс болды деген үкім шығарып қойған бөбек өртеу рәсімі басталуға санаулы минуттар қалған кезде өзінен өзі оянған.
Шақалақ Чжэнцзян провинциясында 8 қаңтар күні өзінің мерзімінен екі ай бұрын туылған екен. Дәрігерлер оны инкубаторға салып, 23 күн бойы қолдан тыныстандырған. Алайда, мұнан кейін сәбидің ата-анасы балаларын дәрігерлердің қарсылығына қарамастан, үйлеріне алып кетіпті. Олар Қытай жаңа жылын отбасымен қарсы алмақ болған көрінеді.
Бірақ арада екі күн өткенде нәрестенің жағдайы күрт нашарлап, ерлі-зайыптылар оны ауруханаға қайта жеткізген. Ал 4 ақпан күні бала қайтыс болыпты. Осыдан кейін оның денесі мәйітханаға қойылған.
Келесі күні дәрігерлер нәрестенің денесін өртеу камерасына салып жатқан тұста ол жылап жіберіпті. Мамандар дереу оны жансақтау бөліміне жеткізіп, қайтадан тыныс алу аппаратына қосып қояды.
Баланы өлді деп санаған доктор Чен әлі күнге дейін бұған қайран қалып отыр. «Мен шынында да не болғанын түсіне алар емеспін. Бұл бір ғажайып оқиға болды», – дейді дәрігер. Ал аурухана басшылығы болған жайтты дәрігерлердің салғырттығынан көріп отыр.
Дамир ҚОЖАМҚҰЛ.