Кеше Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болып, оны палата Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібіне бес мәселе шығарылған. Сөйтіп, отырыста екіжақты жасалған халықаралық жаңа келісімдер мен бұрын жасалған келісімдерге енгізілген өзгерістер туралы хаттамаларды ратификациялауға арналған заң жобалары қаралды.
Соның ішінде сенаторлар тарапынан аса үлкен алаңдаушылық тудырған мәселе – Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Ресей қорғаныс министрлігінің біздің еліміздің аумағында орналасқан 929 мемлекеттік ұшу-сынау орталығын (полигон) пайдалану тәртібі туралы 1995 жылдың 20 қаңтарындағы келісім мен Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы үкіметтерінің осы орталықтың объектілері мен жауынгерлік алаңдарының жерін жалдау туралы 1996 жылдың 18 қазанында жасаған шартына өзгерістер енгізу туралы хаттамаларды ратификациялау болды. Алғашқы хаттамаға 2015 жылдың 16 сәуірінде Мәскеу қаласында қол қойылған. Осы хаттамаға сәйкес полигонның Атырау және Батыс Қазақстан облыстары аумағына қарайтын аймақтарынан жалпы алаңы 500 мың гектардан артық жер учаскелері полигоннан босатылып, жалдаудан шығарылады.
Жер учаскелерін қайтару – оның қойнауындағы пайдалы қазбаларды игеру мақсатын көздеген. Атап айтқанда, жалдаудан қайтарылатын Атырау облысындағы Тайсойған және Батыс Қазақстан облысындағы Жамантау учаскелерінен пайдалы қазбалар өндірілетін болады.
Сонымен бірге, жергілікті тұрғындардың жекеменшік құқықтарын қорғау мақсатымен Атырау облысындағы Ақжар ауылында тұрғын үй құрылысын жүргізуге 753 гектар жер полигоннан алынады. Бұлар туралы заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Қорғаныс министрінің орынбасары Оқас Сапаров баяндап берді. Баяндамашыға бірінші болып сұрақ берген сенатор Дулат Құсдәулетов негізгі келісімдегі мәселелерге назар аударды. Соның ішінде полигон басшылығы сынақ өткізілгеннен кейін жердің экологиялық қауіпсіздігі туралы Қазақстанның тиісті министрліктері мен ведомстволарына қажетті деректерді беруге міндетті екенін еске салды. «Іс жүзінде осы талап орындала ма, нақты қанша рет орындалды? Қоғам да, БАҚ-тар да бұл туралы ештеңе білмейтіні қалай?» – деді өзінің бірінші сұрағында сенатор.
Екінші сұрағында да Д.Құсдәулетов негізгі Келісімге сілтеме жасай отырып, онда Қазақстан Қорғаныс министрлігі осында сыналған қару-жарақты бірінші болып сатып алу басымдығына ие екенін айтты. «Осы Келісім іске асырылғаннан бері Қазақстан неше рет Ресейдің ең жаңа қару-жарақтарын алды», – деп сұрады ол. Бірінші сұраққа жауап берген генерал О.Сапаров экологиялық қауіпсіздік үнемі бақылауда екенін жеткізді. Төтенше апаттар туа қалса полигон басшылығы бізге және жергілікті облыстардың тиісті қызметтеріне хабарлап отырады. Нәтижесінде апат салдарын жоюға арналған бірлескен шаралар жасалады, деді ол. Екінші сұраққа да оптимистік тұрғыда жауап беріп, ресейліктердің Қазақстанға өзінің жаңа қаруларын сататынын айтты. Соның ішінде Ресей былтыр ғана бізге ең жаңа Су-30 әскери ұшақтарының төртеуін, сондай-ақ, БТР-82 және т.б. сатқанын жеткізді.
Сенатор Е.Мұқаев осы хаттамаларды Ресей тарапының қашан ратификациялайтынын сұрады. Оған жауап берген Қорғаныс министрінің орынбасары Ресейдің Мемлекеттік Думасы ратификациялау туралы заңды үстіміздегі жылғы 29 қаңтарда мақұлдап, одан әрі Федерация Кеңесіне жібергенін айтты. Сонымен қатар, олар да бізбен бірге осы күндерде ратификациялауға тиісті екенін жеткізді. Жауаптың нақты еместігіне назар аударған Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік Дума заңды қабылдайтынын, ал Федерация Кеңесі оларды қарастыратынын ескертті.
Ал сенатор Қуаныш Айтаханов: «Полигонға берілген аумақтарға геологиялық барлау жүргізіліп, сол жерлерден кен орындары табылып қалса, оны қайтару үшін негізгі Келісімге тағы да хаттама жасауымыз керек пе? Одан да осы хаттамада осындай мәселені бірден жазып қоюға болмас па еді? Кен орындары табылған сайын жаңа хаттама жасай бермей, бір хаттамаға бәрін енгізуге болатын еді ғой?» – деген сұрақ қойды. Генерал сұрақтың өте орынды екенін айта отырып, негізгі Келісімнің мерзімі 2019-2020 жылдары аяқталған соң жаңа Келісім жасайтын болсақ, осы мәселені міндетті түрде енгіземіз. Ал мына хаттама асығыс жасалып, ондай мәселелер енгізілмей қалды деген тұрғыда жауап берді. Бұған палата Төрағасы кейістік білдіріп, хаттаманы ыждағатпен жасау керек екендігін ескертті.
Осыдан кейін заң жобасы бойынша жасалған салыстырмалы кестедегі екі түзету қарастырылып, ол қолдау тапқан соң заң жобасы тұтасымен қабылданды.
Келесі хаттама осы сынақ алаңының жерін жалдау туралы шартқа өзгерістер енгізуге арналыпты. Бұл туралы да генерал О.Сапаров баяндады. Хаттама жалпы алаңы 589,2 мың гектар жер учаскесінің жалдаудан шығарылуына байланысты Ресей Федерациясы төлейтін жалдау ақысын қайта қарауға арналған. Нақты айтқанда, бұл хаттама 2016 жылдың басынан бері бұрын 3 млн. 081 мың АҚШ доллары көлемінде болған жалдау ақысын 1 млн. 373 мың АҚШ доллары көлеміне түсіріп, екі еседен артық азайтады екен. Бұл мәселе заң жобасын комитетте талқылағанда өздеріне белгілі болғанымен, сенаторлар бәрібір алаңдаулы екенін сездірді. Соның ішінде сенатор Мұрат Бақтиярұлы АҚШ дүниежүзінде 800-дей әскери базасы бар ел екенін еске салды. Соның ішінде Германиядағы базасы тұрған шағын ғана жерге жылына 1,5 млн. еуро жалдау ақысын төлейтінін айта келіп, ал Ресей біздің 1 гектар жерге мардымсыз ғана ақша төлейтінін айтты. «Қанша жерден әріптес, дос ел болсақ та біздің экономикалық мүддеміз аяққа басылып тұрған жоқ па, осыған қалай қарайсыз», – деді сенатор. О.Сапаров оған Келісімнің 1996 жылы жасалғанын, ол кезде Қазақстан тарапы осындай шағын ақыға келісіп қалғанын айта келіп, енді 2019-2020 жылдары жаңа Келісім жасайтын болсақ, жалдау ақысын қайта қарайтын шығармыз, деген жауап берді.
Заң жобасы бойынша талқылауға қатысқан сенатор Сәрсенбай Еңсегенов біршама жаңа деректерді жайып салды: Бұл құжаттар мемлекеттік тұрғыдан ғана емес, аймақтық тұрғыдан да өте маңызды. Атырау облысы Қызылқоға ауданы аумағының үштен бірі, нақты айтқанда 749,5 мың гектар жері, Тайсойған ауылдық округінің орталығы да полигон аумағында қалып қойған. Онда тұратын 1 мыңнан астам адамға бұл ыңғайсыздық тудырып келді. Басқасын былай қойғанда, жаңа туған нәрестеге туу туралы құжатты алудың өзі қиындықтар тудырған», – деді сенатор. Осындай әлеуметтік және экономикалық қиындықтарды айта келіп, сенатор қабылданғалы отырған заңдар арқылы полигонға берілген құнарлы жерлер қайтарылса, мамандардың айтуына қарағанда, 50 шаруа қожалығын құрып, 30 мың қой, 10 мың сиыр, 10 мың жылқы өсіруге мүмкіндік туатынын жеткізді. Осының бәрін ескерген депутаттар Үкіметке жоғарыда аталған жер учаскесін қайтару жөнінде депутаттық сауал жолдағанын, бүгінгі күні сол мәселе оңынан шешіліп жатқанына қуанышын білдірді және осы істе өздерінің ұсыныстарын қолдаған лауазымды адамдардың бәріне алғысын жеткізді.
Бұл заң жобасы да енгізілген түзетулерімен қоса бірауыздан қабылданды.
Бұдан басқа палата 2009 жылғы 9 маусымдағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Дағдарысқа қарсы қорын құру туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы және ЕурАзЭҚ-тың Дағдарысқа қарсы қорының қаражатын басқару туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялады. Басқа да заң жобалары бойынша тиісті шешімдер алынды.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».