• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
12 Ақпан, 2016

Отандық бизнестің өзекті мәселелері талқыланды

476 рет
көрсетілді

  «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев пен Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің қатысуымен Алматы қаласы кәсіпкерлерінің дәстүрлі ІІ конференциясында бизнестің жүйелік проблемаларын шешу мәселелері талқыланды. Отандық бизнестің сан түрлі мәселелерін сөз еткен бұл жиынға Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев, Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин, «Ата­мекен» Ұлттық кәсіпкерлер пала­тасының төрағасы Абылай Мыр­захметов, сондай-ақ, «Бәйтерек» ұлттық холдингі, қаржы және даму институттары мен Алматы қаласының шағын және орта бизнес субъектілерінің басшылары қатысты. Алқалы кеңесте бүгінгі таң­да бизнес әріптестік үшін ең өзек­ті проблемалардың бірі – эко­но­миканың даму инфрақұрылымына қосылу және қолжетімділік мәсе­лелері кәсіпкерлер үшін әлі де алынбас қамал боп тұрғандығы айтылды. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев кәсіптік-техникалық білім берудің дамуы мен бизнестің сатып алудағы рөлі туралы, палата басшысының орынбасары Юлия Якупбаева қазіргі нарық жағдайындағы бизнесті же­ке­шелендіру мен заң­дастыру тақы­рыбында баяндамалар жасады. Өз сөзінде Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Юрий Тілеумұратов кәсіпкерлердің қалалық палатасы Алматы қаласы бойынша үнемі бизнестің жүйелі мәселелеріне сараптама жүргізіп отыратындығын айта келіп, отандық бизнестің алдында тұрған негізгі кедергілерді атап көрсетті. Оның айтуынша, осы жылғы мониторинг жүргізу барысында қала бойынша 3 мың­нан астам бизнес субъектілер қамтылып, қорытындысында 1139 кәсіпорындардың нақты мәсе­ле­лері анықталған, кәсіпкер­лік саласында жиі кездесетін жүйелі мәселелер – отандық өндіру­шілердің өнімін өткізу, қаржы ресурстарының қолжетімділігі, сатып алулар мен жергілікті қамту жұмыстары, әкімшілік кедергілер, бизнесті қолдауға арналған мем­лекеттік бағдарламалардың қол­же­тімділігі, нарық қатынасында болып тұратын өзге де мәселелер, салық жүйесінде кездесетін мә­селелер деп нақты 7 топқа топ­тастырылған. Анықталған мәселелерге орай Ұлттық кәсіпкерлер палатасының осы проблемаларды шешу бойын­ша бірқатар ұсыныстар әзір­легенін жеткізді. Бауыржан Байбек Алматы қа­ласы еліміздегі бизнестің орта­лығы және отандық кәсіп­кер­лерге қалада мейлінше жайлы жағдай тудыру күн тәртібінен түс­пейтін мәселе екендігін айта келе, қазіргі таңда республика бо­йынша жүргізіліп отырған жеке­шелендірудің екінші легі бизнесті дамытуда үлкен рөл атқаратындығын да жеткізді. Бұдан өзге аталмыш жиында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тарапынан басқа да ұсыныстар айтылды. Олардың ішінде шағын және орта бизнестің айналымдық қаражатын қаржыландыру және валюталық қарыздарын қайта қаржыландыруды ұсыну, Ұлттық банкке екінші деңгейлі банктерге бірыңғай мөлшерлеме бойынша қысқа мерзімді өтімділікті жүзеге асыру мүмкіндігін беру, сонымен бірге, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша бөлінетін бюджеттік қаражат көлемін арттыру жағы ұсынылды. Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.