• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
12 Ақпан, 2016

Жол – тіршілік тамыры

359 рет
көрсетілді

Қалаларды тиімді және сапалы көлік қатынасымен сәулелік қағида бойынша байланыстыру мақсатында «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 11 автожол жобаларын жүзеге асыру көзделген. Аталған жобаларды іске асыру мақсатында Ұлттық қордан және Республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, сонымен қатар, қарыз тарту жұмыстары жүргізілуде. Жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде олардың 7 мың шақырымы I және II техникалық категорияға ауыстырылады. 2017-2019 жылдардағы үдемелі кезеңде қайта жаңарту жұмыстарына барлық жобалар бойынша 200 мыңға жуық жұмыс орындары ашылатын болады. Бұл жөнінде Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Инвестициялар және даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков мәлім етті. Оның айтуы бойынша, өткен жылы «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында автожол жобаларын жүзеге асыру бойынша 292 млрд.теңге бөлінген. Оның ішінде 178 млрд.теңге Ұлттық қордан беріліп отыр. Жұмыс негізінен Батыс Еуропа – Батыс Қытай, Орталық – Оңтүстік, Орталық – Шығыс, Орталық – Батыс, Алматы – Өскемен, Астана – Петропавл, Ақтөбе – Атырау және Орал – Каменка, яғни бас-аяғы осы сегіз жобаны жүзеге асыру бойынша қолға алынған. Жол құрылысы жұмыстарына 2 мың шақырым жер тартылса, оларды іске асыру барысында 72 мың адам жұмысқа жұмылдырылып, оның 80%-ы жергілікті халықты құрағаны атап өтілді. Сондай-ақ, аталған жобалар бойынша қолданылған жол-құрылыс материалдарының 93%-ы отандық тауар өндірушілерден алын­ған. Бұл ретте, жол битумын жеткізуде төрт зауытпен, цемент алуда оннан астам зау­ытпен байланыс орнатылды. Амангелді Бековтің сөзіне қарағанда, үстіміздегі жылы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салып, күрделі жөндеуден өткізуге 302 млрд. теңге бөлінген. Ал оның ішінде Ұлттық қордан 123,3 млрд. теңге қарастырылып отыр. Және де жолдардың 1,7 мың ша­қырымы құрылыс және қайта жаңар­ту жұмыстарымен қамтылатын болады. Сонымен қатар, ағымдағы жылы Батыс Еуропа – Батыс Қытай транзиттік дәлізінің Бейнеу – Шетпе, Астана – Теміртау, Алматы – Қапшағай, Қапшағай – Талдықорған учаскелері бойындағы барлық жолдарын ашу және Ертіс арқылы өтетін көпірдің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Ұзындығы 1 мың шақырымға созылған учаскелерде жолдарды ашу көзделуде. Өткен жылы қарыз тарту мәселесі жеке талқыланған болатын. Орталық – Оңтүстік, Орталық – Батыс, сонымен қатар, Жетібай – Жаңаөзен және Ұзынағаш – Отар жобаларын қаржыландыру үшін ХҚДБ, ЕҚДБ, АДБ және ИДБ секілді ірі халықаралық қаржы институттарымен уағдаластыққа қол жеткізілді. Орталық – Оңтүстік, Орталық – Батыс және Ұзынағаш – Отар жобаларына қаражат тарту үшін 2015 жылы техникалық-экономикалық негіздемелер әзірленген. Келесі кезекте сөз алған «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ұлан Әліпов Ұлт Жоспарының 58-қадамы аясында автожол жобаларын орындау барысына тоқталды. Және де республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстау, оларға ақылы жүйені енгізу және жол бойындағы қызмет көрсетуді дамыту мәселелері жөнінде кеңінен айта отырып, компанияның алдында тек жолды салу мақсаты ғана емес, сондай-ақ, барлық салынған жолдарды сапалы түрде күтіп ұстау мақсаты да тұрғандығын көлденең тартты. Ал қазіргі таңда жолдарды күтіп ұстауға 13 млрд. теңге бөлінетін болса, норматив бойынша жыл сайын жол желісін сапалы күтіп-ұстау үшін 45 млрд. теңге бөлу қажет екендігін және ақылы жолдардан жиналған қаражат та жолдарды күтіп-ұстауға бағытталатынын жеткізді. Және де Елбасы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында инфрақұрылымды дамыту мәселесіне басымдық берген болатын. Өткен жылы «Нұрлы Жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасын белсенді түрде жүзеге асыру басталды. Бұл бағдарлама шеңберінде Орталық – Солтүстік, Орталық – Шығыс, Орталық – Оңтүстік, Орталық – Батыс және Алматы – Шығыс бағыттары бойынша автомобиль жолдарының құрылысы қарастырылады. Бүгінгі таңдағы жағдай бойынша еліміздегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 128 000 шақырымды қамтиды. Ал оның ішінде 23 600 шақырымы республикалық және халықаралық маңыздағы жолдар, деп атап өтті Ұ.Әліпов. Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан».