• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
12 Ақпан, 2016

Енжарлықты еңсеру

313 рет
көрсетілді

Бұрындары өңірдегі еңбекпен түзету мекемелерін жұмыспен қамтамасыз ету міндеті «Қы­зылжар-Еңбек» ЖШС-не жүкте­ліп келген. Алайда, серіктестік дағ­­дарыс қыспағына шыдай алмағандықтан банкроттыққа ұшыраған. Осындай қысылшаң тұста Үкімет арнайы қаулы қа­былдап, әріптестікке шағын және орта бизнес өкілдерін тарту, олардың мүмкіндіктерін пайдалану, бас еркінен айырылған жандарды оқыту арқылы қосымша кәсіпке даярлау секілді түйінді мәселелерді реттеп берді. Мұн­дай шешімді тығырықтан шы­ғудың амал-әдістері ретінде қа­былдаған Қылмыстық атқару жүйесі облыстық департаментінің басшылығы дереу іске кіріскен. Жазасын өтеушілерді нарық сұранысына лайық мамандыққа әзірлеу, жүйелі жұмыспен қамту шаралары кең өріс алып, семинар-оқулар ұйымдастырылған. – Өңір аумағында орналасқан 6 еңбекпен түзету мекемелерінде екі мыңға жуық адам жазасын өтейді. Еңбекке жарамдылардың 54 пайызы нәпақаларын адал айырады. Бұл – жаман көрсеткіш емес. 10-ға жуық кәсіпкермен тығыз қарым-қатынас орнатудың арқасында киім тігу, ағаш өңдеу, темір қаңқаларын құрастыру цехтары жұмыс істейді. Алда 400 сотталушы 5 мамандық бо­йынша білімдерін жетілдіретін болады. Ол үшін курстар саны көбейтіліп, кәсіптік-техникалық колледждермен қарым-қатынас нығайтылады, – деді Қылмыстық атқару жүйесі облыстық депар­таментінің сотталғандардың ең­бегін ұйымдастыру жөніндегі бас маман Қанат Сүлейменов. Темір тордың арғы жағында жазасын өтеп жатқандардың қилы тағдырына алаңдап, алғаш қол созғандардың бірі – «Щеголев» жеке кәсіпкерлігі. 2012 жылы ЕС–164/4 түзету мекемесінде моншаға қажетті бұйымдар шығаратын цех ашып, 10 жұмыс орнын құрған. Былтыр жұмысшылар саны 120-ға жеткен. Евгений Щеголевтің айтуынша, оның мұндай қадамға баруына мемлекет тарапынан жасалған қамқорлықтар түрткі болған. Ғимараттарды жалға алу ақысы тегін. Басқадай да жеңіл­­діктер қарастырылған. Енді тігін цехын іске қосуды мақсат етіп, қажетті құрал-жабдықтар Ресейден әкелініпті. Абақты ішінде орналасқан кәсіби лицейде оқып жатқан 25 қыз-келіншек тігінші маманды­ғын алып шығады. Бұдан тыс­қа­ры 10 адам ауылдық жерлерге аң­шы, балықшыларға арнап киім­дер тігумен айналы­сады. Жөке тоқу өндірісі де жолға қойылған. Кәсіпкердің ендігі бір ойы – жылыжай құрып, гүл­дер, ағаш көшеттерін өсіру. Бір қуантарлығы, өнімдер еліміз бо­йынша тарайды. – Әйелдер колониясындағы 200 сотталушының 90 пайызы еңбекпен қамтылған. Бос уақыттарын білім алуға болмаса еңбектенуге жұмсайды. Жыл өткен сайын қол қусырып отырушылар қатары азайып ке­леді. Бостандыққа шыққаннан кейін де бір қажетіне жаратары анық. Маңдай термен тапқан еңбекақылары сот шешімімен белгіленген қарыздарын өтеуге жұмсалады. Қалғандарын отбасына жібере ме, әлде жеке қа­жетіне жарата ма, болмаса есеп­шотта сақтай ма – еркі,– дей­ді бөлімше бастығы Мая Рамазанова. Бүгінде 125 жазасын өтеу­ші кәсіби-колледждердің шә­кірт­тері есебінде тігінші, тас қалаушы, сылақшы, газбен дә­некерлеуші мамандықтарына бау­лынуда. Арнайы кабинеттерді жабдықтауға былтыр 1 миллион 862 мың теңге жұмсалса, биыл 2 миллион 185 мың теңге бөлінген. Департаментте қысқа курс­тарды аяқтаушыларды жұ­мыс­қа орналастыру бірінші ке­зектегі мәселе саналады. Өз­ара келісімшарттарға сәйкес «Са­ликов» жеке кәсіпкерлігі – 26, «Лайф» ЖШС – 10, «Ысқақов» жеке кәсіпкерлігі 7 адамға жұмыс тауып берген. Айыртау ауданында орналасқан түзету мекемесінде 4 жеке кәсіпкер ағаш материалдарын өңдеумен айналысып, 30 адам еңбекке тартылған. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.