• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
12 Ақпан, 2016

Семейдің киізіне мәскеуліктер қызығып отыр

372 рет
көрсетілді

Қазақстанның аязды, боранды күнінде далада еңбек ететін жұмыскерлерге, құрылысшыларға пима ауадай қажет. Сыртта жү­ре­тіндердің әсіресе, аяқтары тоң­бауы аса маңызды. Аяқтары тоңса денсаулықтарынан айрылып, бере­келері кетеді. Сол үшін де олар кө­біне «Роза» ЖШС жасайтын пиманы сатып алып жатады. Бүгінде кәсіпорынның жасаған пималары сұранысқа ие болған. Кәсіпкерлер Еуразиялық экономикалық одақ аясында тауарларын тиімді бағамен сатып, пайдаға кенелуге мүмкіндік туып отырғанын айтады. Жергілікті киіз басу комбинаты мемлекеттің қолдауымен қайта жаңғыртылды. Жақында кәсіпорын озық құрал-жаб­дық сатып алып, өнімнің сапасын ха­лықаралық деңгейге жеткізді. Семей­дің киіз басу комбинатының өнім­дері елімізде ғана емес, шетелдерге де кеңінен танылған. 20 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Роза» жауапкершілігі шектеулі се­рік­тестігінің пималары мен аяқ ки­ім­­деріне сұраныс бір бәсеңсіген емес. – Біздің киізден жасалған аяқ киімдер тұтынушылардың көңілін баяғыда-ақ жаулап алған, – дейді тігін цехының шебері Алена Че­реже­динова. – Өйткені, таза жүн­нен жасалады. Пималарымыз қыс­тың қақаған аязына төтеп берсе, етіктер мен тәпішкелеріміз де жоғары талғаммен жасалған, өте ыңғайлы. Соңғы жылдары кәсіпорын мемлекеттің қолдауымен ауқымды жаңғыртудан өтті. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан алынған қаржыға заманауи қондырғылар сатып алыныпты. Қазір еңбек өнімділігі артып, өнім сапасы әлдеқайда жақсарды дейді мұндағылар. Жақында Семей киіз өнімдеріне Ресей астанасы – Мәскеуден сұраныс түсіпті. Алғаш­қы келісімшарттар да жасалған. Ком­бинат көрші мемлекетке 100 тон­на­дан артық киіз жіберуге келі­сіпті. «Роза» ЖШС жетекшісі Ха­рис Сай­футдиновтың айтуынша, олар семейлік өнімдер туралы ғалам­тордан білген екен. Біз жарты орам киіз жібергенімізде мәскеуліктер зертханалық тексерулер жасап көріп, сапаның өте жоғары екендігіне көз жеткізген. Ресейге киіз өнімдерін бізден алған тиімді, өйткені, Семей­дегі шикізат қоры өте мықты. Жергілікті тұрғындар да комбинат өнімдерін жоғары бағалайды. Пималар мен етіктер аяққа жұмсақ әрі жылы. Отандық тауарлар жа­қында «Қазақстанның үздік тауары» облыстық байқауында да биік тұғырдан көрінуі тегін емес. Осыдан он жыл бұрын жүн жетпей жататын. Бұл күндері облыста мал басы өскендіктен, шикізаттан кедергі жоқ. Барлық ауданнан мал жүні әкелініп тапсырылады екен. Раушан НҰҒМАНБЕКОВА. СЕМЕЙ.