Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Чехияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Элишка Жиговамен кездесті. Кездесуді қысқаша сөз сөйлеп ашқан өңір басшысы елшінің аймақтармен танысып, өзара ынтымақтаса жұмыс істеуге жасап отырған қадамына сәттілік тіледі.
Бердібек Мәшбекұлы Чехия елшілігінің делегациясына өңірдің экономикалық-әлеуметтік даму бағыттарын таныстырып өтті, екі елдің бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндіктеріне тоқталды:
– Ақтөбе – тоғыз жолдың торабына орналасқан, үстімен теміржол, тас жол және әуе жолы өтетін қатынас қуаты мол өңір. Біздің облыс аумағымен «Батыс Еуропа –Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі өтеді. Елбасының тапсырмасымен Астанамен аймақтарды байланыстыратын күре жолдар салынуда, биыл «Ақтөбе – Атырау» тас жолының құрылысы басталады. Міне, мұның бәрі өңірдің көлік-логистикалық мүмкіндігін айғақтаса керек. Бұл қарым-қатынас және жүк тасымалы үшін қолайлы. Сондай-ақ, өңірде шағын және орта бизнесті дамытудың да мүмкіндіктері мол, инвестиция салуға тартымдылығы өз алдына. Біз Чехия кәсіпкерлерінің біздің өңірде өз істерін ашуларына, инвестиция салуларына мүдделіміз. Сіздің елде шыны өндірісі, медицина саласы, автомобиль жасау, су тазарту қондырғыларын шығару жақсы дамығанын білеміз. Сондықтан да осы бағыттарда жұмыс істеу қайтарымды болатынына сенімдіміз. Әсіресе, бізді медицина саласындағы жетістіктеріңіз қызықтырады. Біздің облыста медициналық кластер құруға бағыт ұсталуда. Оған қажетті алғышарттар баршылық. Медицина кадрларын даярлайтын іргелі жоғары оқу орны – Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті, Онкология және «Дару» оңалту орталықтары, осы заманғы озық медициналық қондырғылармен жарақтандырылған облыстық ересектер және балалар ауруханалары тек облыс тұрғындарына ғана емес, еліміздің батыс өңірлеріне сапалы медициналық қызмет көрсетеді. Қазірдің өзінде облыста аса күрделі бүйрек және бауыр ауыстыру оталары жасалады. Жақында Оңтүстік Корея және Түркия мамандарымен осы бағытта жұмыс жасауға байланысты келісімдер жасалды. Бұған Чехия мамандары да қатысса құба-құп болар еді, – деді облыс әкімі.
Өз кезегінде сөз алған Чехия елшісі Элишка Жигова өзі елші болып келгеннен бері Қазақстанға деген қызығушылығы басылмағанын, елдегі тұрақтылыққа тәнті екенін айтты. Ол, сондай-ақ, Президент Н.Назарбаевпен кездесу барысында аймақтармен жұмыс істеу қажеттігіне кеңес бергенін тілге тиек ете келіп, бүгінгі кездесуді осы бағыттағы жұмыстың бастауы ретінде бағалады. Бұл жолы кәсіпкерлік саласында нақты жобалармен жұмыс істеуге келгендерін, осы бағыттағы өзара байланыс пен қарым-қатынасты тереңдетуге қолдау көрсететінін жеткізді.
Чехияның Қазақстандағы және Орта Азиядағы жобаларының әкімшісі Антони Кофштайн нақты кәсіпкерлермен жұмыс істеуге ынталы екендіктерін тағы бір еске салып өтті. Қазірдің өзінде екі ақтөбелік кәсіпкердің Чехиямен жұмыс істеуді бастап кеткенін айтты. Мысалы, «Контакт» компаниясы чехиялық әріптестерімен келіссөздар жүргізуде екен. Ол облыс бизнесмендерімен болатын кездесуде кәсіпкерлік саласындағы іскерлік байланысты дамытудың өзекті мәселелерін талқылап, бірлесіп жұмыс істеуге қадамдар жасалатынын, өз ұсыныстарын ортаға салатынын жеткізді.
Бердібек Сапарбаев кездесу соңында өңірде Чехияның өкілдігі ашылып жатса, қолдау-көмек көрсетуге әзір екенін мәлімдеді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.