Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері (ҚР ҚК) тәрбие құрылымдарының әскери қызметшілері АҚШ-тың әскери базаларында болып қайтты. ҚР ҚК Бас штабы (БШ) бастығының орынбасары – ҚР ҚК БШ тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы, генерал-майор Мұхамеджан Таласовтың басшылық етуімен делегация әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне қолдау көрсету орталықтарының қызметімен танысты, әскери қызметшілер арасындағы өзіне өзі қол жұмсау көріністерінің алдын алуды ұйымдастыру мен АҚШ ҚК-дегі капелландар корпусының тыныс-тіршілігін зерделеді.
Қазақстан армиясында тәрбие жұмысын жетілдіру шеңберінде ҚР ҚК тәрбие құрылымдарының өкілдері әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне қолдау көрсету орталықтарының қызметін атап өтті. АҚШ-тың ҚК-де мұндай орталықтар әрбір әскери гарнизонда құрылған. Орталықтар әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне қолдау көрсету жөнінде әлеуметтік бағдарламаларды әзірлеп, іске асырады, гарнизон аумағында бос уақытты өткізуді, әскери қызметшілердің жұбайларын жұмысқа орналастыруды ұйымдастырады, төмендетілген бағамен әртүрлі тұрмыстық қызметтер ұсынады, отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастарды зерделейді, моральдық-психологиялық, консультативтік және қаржылай көмек көрсетеді.
Өзіне өзі қол жұмсау көріністерінің алдын алу жөніндегі АҚШ-тың ҚК қызметінде ҚР ҚК-нің делегациясы «жауынгерлік жұп» жүйесін атап өтті. Қатардағы жауынгер және кіші сержанттар құрамының барлық санаттағы әскери қызметшілері жұпқа бөлінген және әрқайсысы өзінің серіктесінің моральдық-психологиялық жай-күйін бақылап отырады. «Жауынгерлік қаруластар» атты мұндай ұқсас жүйе Қазақстанның Құрлық әскерлерінде іс жүзінде қолданылып жүр.
«Егемен-ақпарат».