• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
12 Ақпан, 2016

Тендер тез өтсе, тірлік те тез бітеді

259 рет
көрсетілді

«Жыл басталды дегенше тендер «жыры» басталады» десейші» деген екен біреу... Сол айтпақшы, кеше ғана өткен жылды қорытындылап, қол жеткізген жетістігімізді алақайлап айтып жүргенде тендер деген «тентектің» жыл сайынғы хикаясы басталып та кетіпті. Мемлекеттік сатып алу ісін қанша меңгердік десек те жыл сайын әр нәрсе себеп болып, кей кездері қаңтарда қолға алынған конкурстардың қыркүйекке дейін созылып, адамды салпылдатып қоятыны бар. – Содан болар «тендер тез өтсе, тірлік те тез бітеді. Мемлекеттік сатып алу ісі уақтылы әрі әділетті өтсе, құрылыс та өз мерзімінде әрі сапалы аяқталады», деген Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев қайбір күні осы тендер жұмысын пысықтап, бірқатар басшыларды тығырыққа тіреді. Шынында, сонау қара күзге дейін созылатын құрылыстардың қалай басталып, қалай бітетінін осы конкурстардың қай уақытта өтуінен-ақ біле беруге болатын сияқты. Құрылысы тым ұзаққа созылып кеткен нысанда қайбір сапа болсын?! Биыл Жамбыл облыстық құ­рылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бас­қармасы 11,6 млрд. теңгені құрай­тын 203 лот бойынша сатып алу жоспарын әзірлепті. Оның ішінде 10,1 млрд. теңгені құрайтын 155 лот бойын­ша келіп түскен өтінімдердің бар­лығына конкурстар жарияланды. Бұл 76,4 пайызды құрайды. Өтінімдер ұсынылмаған лоттар саны – 48. Арқаны кеңге сал­ған Жамбыл мен Жуалы аудандары 5 лоттан, Сарысу – 8 және Т.Рысқұлов ауданы 4 лотқа өтінімдер ұсынбаған. – Конкурс өткізу барысында мына кемшіліктер жыл сайын, тіпті жүйелі түрде кездеседі деп айтуға болады, – дейді бұл жөнінде Жамбыл облыстық құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Рахманқұл Байтелиев. – Олар, мемлекеттік сатып алу веб-порталына ақпаратты дұрыс орналастырмау, яғни сомасын, атқарылатын жұмыс мерзімін дұрыс енгізбейді. Құрылыс жұ­мыстары жобаларының электронды нұсқасы толық болмайды және дер кезінде ұсынылмайды. Сондай-ақ, тапсырыс берушінің электронды сандық қолтаңбасы болмайды. Осының салдарынан 2015 жыл­дың желтоқсан айынан бе­рі тапсырыс берушілер, яғни Шу қаласындағы «Балдәурен» балабақшасының және Жуалы ауданы әкімдігінің құрылыс бөлімі басшыларының және бірде-бір маманының электронды сандық қолтаңбасының болмауынан мемлекеттік сатып алу жоспары веб-порталға орналастырылмай, конкурс жарияланбауда. Әрине, бұған аудан әкім­дерінің де айтары бар. Олардың уәждеріне қарағанда Жамбыл облыстық құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен аудан әкімдерінің бұл мәселедегі мәліметтері екі түрлі екен. Басқарма басшысы «конкурстардың әлі біразы жарияланбады» деп, қара аспанды төндірсе, аудан басшылары «құжаттардың бәрін ұсындық, бірді-екілі ғана конкурстар қалды» деп, бұл тірлікті біттіге санап отыр. Әйтсе де басқарма басшысы Р. Байтелиевтің «Құжаттарды жиып әкеп, басқармаға өткізе салумен іс бітпейді. Мемлекеттік сатып алу веб-порталда жарық көрген кезде ғана жарияланған боп есептеледі», дегені сенімді шықты. Осыдан-ақ, аудандық әкімдіктегілердің әлі де мем­лекеттік сатып алу ісін жақсы мең­гермегендіктері байқалады. Қалай айтсақ та, Жамбылдың шаруасын жап-жақсы-ақ дөң­гелетіп келе жатқан облыс әкі­мі К.Көкірекбаевтың бұл са­ланы қам­шылап, тезге салып, тездетуінің жемісін күзде көре­тін боламыз. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.