Жақында Түркияның Ыстамбұл қаласында Дүниежүзі күрес түрлері қауымдастығының (United World Wrestling) форумы өтті.
Осы жиында қазақ күресі жабық ғимаратта өтетін Азия ойындарының бағдарламасына кірді. Бұл жарыс 2017 жылы Түрікменстанның Ашғабад қаласында өтеді. Ал биыл 22-24 маусым күндері осы қалада төл күресімізден сынақ түрінде белдесулер өткізіледі.
Ыстамбұлда өткен форумға Қазақстан атынан Дүниежүзі қазақ күресі федерациясының бірінші вице-президенті, Азия федерациясының президенті Марат Шәмшінұров қатысып, төл күресіміздің тарихы, қазіргі кездегі даму деңгейі туралы баяндама жасады. Жиында Қазақстан өкілінің баяндамасы көптің көңілінен шығып, ұлттық күресіміз бірауыздан жабық ғимаратта өтетін Азия ойындарының бағдарламасына қосылды.
– Форумға 100-ден астам ұлттық күрес түрлерінің федерацияларының өкілдері қатысты. Оның ішінде алыш, татар күресінің, сырым күресінің басқа да көптеген ұлттық күрес түрлерінің өкілдері болды. Сырым – иран күресі. Осы жиында біздің ел тағы бір мақсатына жетті. Қазақ күресі жабық ғимаратта өтетін Азиаданың бағдарламасына кірді. Енді биыл жазда Ашғабад қаласында сынақ жарыстары өтеді. Онда Азия олимпиялық комитетінің президенті әл-Сабах пен Дүниежүзі күрес түрлері қауымдастығының президенті Ненад Лалович бастаған топ қазақ күресінің белдесулеріне бағаларын береді, – деді М.Шәмшінұров.
Оның айтынша, егер қазақ күресі сынақ жарыстардан сүрінбей өтсе, онда Жазғы Азия ойындарының бағдарламасына кіреді. Бұл жарыс 2018 жылы Индонезияның Джакарта қаласында өтеді.
Дастан КЕНЖАЛИН.
«Егемен Қазақстан».