• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
13 Ақпан, 2016

Жұмыс, тамақ – тұрақтылық кепілі

275 рет
көрсетілді

Сәрсенбі күні өт­кен Үкіметтің ке­ңейтілген отырысында Мемлекет басшысы дәл қазіргі сындарлы шақтағы ел алдында тұрған маңызды міндеттерді саралап берді. Әсіресе, Елбасы 2016-2018 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы іс-қимыл жос­пары аясындағы басым бағыттағы мін­деттердің бірі – қаржы тұрақ­ты­лығын қамтамасыз етуге баса көңіл бөлді. Дәл қазіргі қаржы дағдарысы кезінде Ұлттық банк ұстанған саясаттың елдегі жағдайды қадағалап отыруға, жедел шешімдер қабылдап, іс-әрекет етуге тигізер ықпалы зор. Бүгінгі күннің шындығына көз жүгіртер болсақ, жуан жіңішкеріп, жіңішке үзілгелі тұр. Осы арада жедел қимылдамасақ – опық жей­тініміз анық. Сондықтан да, Мем­лекет басшысының сыр бере бастаған салаларға қосымша қаражат бөлу жөнінде дер кезінде оң шешім қабылдады деп санаймын. Жалпы, қазіргі тығырықтан алып шығар жолды нұсқайтын «Нұрлы Жол» және индустрияландыру жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларға арқа сүйеген абзал. Ал енді, мұнай бағасы арзандап, шикізатқа деген сұраныс төмендеген кезде алдыңғы қатарға агроөнеркәсіптік ке­шені шығып, Үкі­меттің оған деген қол­дауы бұрынғыдан да арта түскені жөн. Әлбетте, жал­ғыз ғана ауыл шаруа­шы­лығымен ұшпаққа шықпасымыз белгілі. Бұл ретте шағын және орта бизнесті қолдау, экономиканы әртараптандыру ісі де өзінің маңыздылығын жоғалтпайды. Елдің даму көрсеткішінің бірі – тұрғын үй құрылысының барысы екендігі сөзсіз. Бұл саланың өркен жаюы үшін «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша 360 млрд. теңге бөлу жөнінде тапсырма берілді. «Бұл жұмыстардың жауапкершілігі осы қызмет жүргізілетін өңірдің әкімдеріне тікелей жүктеледі. Бас­пана құны әлеуметтік сипатта болуға тиіс екендігіне айрықша назар аудар­ғым келеді», деген Елбасы сөзі баспанаға зар болып жүрген әлеу­меттің жүрегіне үміт отын жақты. Мемлекет басшысы еліміздегі жұмыспен қамту сынды өзекті мәселеге де ерекше тоқталды. Рас, бүгінгі халыққа керегі тұрақты жұмыс, уақтылы еңбекақы. Тұрмыс тұрақтылығының кепілі де осылар. Қуанарлығы сол, біздің елімізде осы бағытта көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Қиыншылықтың өрши түскеніне қарамастан біздегі жұмыс орындарының сақталып, тіпті жаңа жұмыс орындарының пайда болып жатқаны осы сөзімізге дәлел. Дағдарыстың заманы Елбасының кезінде Ұлттық қорды құрып, елдің болашағына төнер қауіптерге ертеден қам жасаған көрегендігін рас­тап отыр. Ұлттық қордан дер кезінде демеудің болғандығы, зей­нетақы жүйесін және жалпы экономиканы реформалау, одан кейін теңгенің еркін бағамына көшу сынды шаруалардың жемісі ел тірлігі мен тыныштығының шайқалмауына игі әсерін тигізгені даусыз. Иә, тұрмыс тұрақты болуы үшін бізге экономикалық әрекеттермен бірге сабыр, бірлік және білім ауадай қажет. Жұмағали МАҒЗИЕВ, Қарағанды қызмет көрсету және технология колледжінің директоры. ҚАРАҒАНДЫ.