• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Ақпан, 2016

Шебер

352 рет
көрсетілді

Жалағаш ауданының 41 тұрғыны «Байқоңыр» ӘКК» ҰҚ» АҚ-тың әлеуметтік бастамасы арқылы «Демеу» гранттарына ие болған еді. Қайтарымсыз несиелер халықтың әлеуметтік тұрғыдағы әлсіз топтарына, көп балалы аналарға, жұмыссыздар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға берілді. Несиеге ие болған жанның бірі – жалағаштық Орынбек Шаймағанбетов. Тағдырдың жазуымен қос аяғынан айырылып, арбаға таңылған І топ мүгедегі Орынбек өмірдің қанша қиыншылығын көрсе де, жалғаннан түңіліп, жазмышына налып отырған адам емес. Еті тірі, мына дүниенің қандай да сынағынан жол табуға ұмтылысының арқасында тіршілік етіп, кәсіппен айналысуда. Мүгедектікке ұшырап, үйде отырғалы бері ол анасынан қалған ескі тігін машинасымен ескі көйлектерді тігіп, құрақ құрауды үйренген. Бүгінгі күні құрақ көрпелер, көрпешелер, ұзатылатын қыздың жасауларын тігіп, тапсырыстарды орындап келеді. Орынбектің сенімді серігі де, күнкөріс көзі де осы тігін машинасы. Әр бұйымға ол бар өнері мен күш-жігерін сарп етеді. Сондықтан болар шебердің қолынан шыққан туындыны аттай қалап әкететіндер көп. Тігінші қыз жасауын 9 көрпе сиятын қоржынымен, көрпе, көрпеше, қоржын, жастық, шымылдық, бесікжапқыш, перде және сырмақ киіздерге тапсырыс қабылдаймын деп талаптанып жатыр. Жұбайы Жеңісгүл Баймұратова да қол қусырып отырған жоқ. Өзі өсіретін бөлме гүлдері шаңырақтағы үйлесімнің ұйытқысы ғана емес, табыс көзі де. Енді кәсіпкер, қайтарымсыз грантқа тігін цехын ашып, жаңадан құралдар алып, бизнесін кеңейтуді ойластырып отыр. Бір жағынан құрақ көрпе тігумен ғана шектелмей, болашақта шағын жылыжай салып, гүл өсіруді де жоспарлап қойған. Яғни, зайыбының сүйікті ісін де өміршең жобаға айналдырмақ. Соынмен қатар, Жалағаш ауданының тағы бір тұрғыны Әлимаш Нұржан кәсібін наубайхана ашудан бастағалы отыр. «Демеу» қорының гранты арқылы аудан орталығында нан пісіріп, кондитерлік өнімдерді сатуды ойластыруда. Бүгінде кәсіпкерліктің алғашқы жұмыстарына кірісіп кетті. Наубайхана арқылы 2-3 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ. Алған қайтарымсыз несиені өз кәсібіне жұмсап, отбасылық бизнесті жолға қойсам деген ниеті бар. Жалпы алғанда, соңғы жылдары кәсіппен айналысамын, әлдебір шаруадан пайда табамын деген адамға мемлекет жан-жақты көмек көрсетіп келеді. Соның арқасында қияндағы ауылдан бастап тіршілігі қайнаған қалаға дейін түрлі деңгейдегі кәсіпкерлер көбейіп, шағын және орта бизнестің дамығанын көріп отырмыз. Ел экономикасының негізгі тірегі – шағын және орта кәсіпкерлік десек, онда Тәуелсіз Қазақстанның өркендеу жолын қалыптастыратын осындай бизнес өкілдері мемлекеттің тікелей қолдауымен аяғынан тік тұрып келеді. Ал мұндай қамқорлықты өзінің келешегін кемел еткісі келетін мемлекет қана жасайды. Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ, журналист. Қызылорда облысы.