• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
13 Ақпан, 2016

Ешкілі бай

573 рет
көрсетілді

Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлік, индустриялық-инновациялық және туризм басқармасы жыл сайын жаңа технологиямен жұмыс жасауға талаптанып кәсіп ашқысы келгендерге мемлекеттік грант бөледі. Бір миллионнан үш миллион теңгеге дейін тегін берілетін ақша. Комиссиясының бір мүшесіміз. «Тегін беріліп жатқан ақша ғой, берсе алдым, бермесе бетімнің сорпасы төгіле ме, нем кетті?» деп келетіндер де өте көп. Біреу ауылда фитнес орталығын ашыпты, ақшасы жетпей жатыр. Біреу құрақ көрпе тігіп жатыр, ақша керек. Біреу қаланың бір-біріне керек-жарағын сататын инфоагенттік ашпақ. Енді бірі астауға балық өсіріп, шайынды суымен жылыжайын суармақ. Тыңайтқыш есебінде. Былайша айтқанда, жеке бизнес. Жаңашылдықтың, шағын және орта бизнестен талап етіліп отырған инновацияның иісі де шықпайды. Бір жолы ешкі асырап, сүтін өңдеп сатуға шығарамын деген кентаулық кәсіпкерге грант бөлдік. Ешкі сүті мың бір ауруға ем. Ана сүтіне жақын. Ағзаға жеңіл сіңеді. Қалай болғанда да халықтың денсаулығына пайдасы бар. Ал, бір жігіттер ешкімге қол жаймай-ақ мыңғыртып ешкі асырап отыр. Қазақтың «айдағаның бес ешкі, ысқырығың жер жарады» мәтелі бұл жігітке жүрмейді. Ордабасы ауданына қарасты Төрткүл ауылындағы Арыстан Омаров жоғары білімді маман. Бірақ, айлығы шайлығына жетпеген. Тепсе темір үзетін намысты жігітке мүсәпір халде жүру түк те ұнамайды. Табысы тәуірлеу жұмыс іздеп Астанаға да кетпекші болған. Ата-анасының кесігі тоқтатады. Бірақ, туған ауылымнан тамырымды үзбеймін деп уәде берген Арыстан алғашқы кәсібін ашуға жетерлік қаржы жиналған соң өзінің Төрткүліне қайта оралады. Қаржысын қайтарымы мол қай кәсіпке саларын ойдан өткізіп, төрт түліктің ішінен ешкіні қолай көреді. Рас, құлағы селтеңдеп, желөкпеленіп бір орнында тұрмайтыны бар. Аязға да шыдамсыз. Бірақ, өсімтал. Қоңды болса бір жылда екі рет лақтайды. Жалқы туатыны сирек. Екі немесе үш лақ туады. Ешкі еті – жеңсік ас. Әсіресе, жаз айларында лақ етіне сұраныс жоғары. Түбіті де пайдалы. Осының бәрін ойда екшеген Арыстан мал базарынан лағымен 100 ешкі сатып алады. Қора-жай бар, ауылдың сырты қара от. Бірер жылда Арыстан баққан ешкілер иесіне құт болып кіріп, қора-қопсысын төліне толтырып тастайды. Мың басқа жуық көбейеді. Арыстанның өз есебі бар. Жылына екі жүз ешкі сатқанның өзінде қалтаға үш миллиондай табыс түседі. Жүнінің келісі бес жүз, мың теңге аралығында сатылады десек, әр ешкіден кем дегенде сегіз жүз грамдай жүн қырқылады екен. Бұл да қып-қызыл ақша. Қазақ көкпар десе ішкен асын жерге қоятын халық. Әншейінде монтаны, қой аузынан шөп алмайды деген жігіттің өзі атқа қарғып мінгенде әруақтанып, екі көзі от шашып, бүркіттей түйіле қарайды. Көкпарға керегі – ешкі. Көкпар берушілер Арыстанға қиылып келіп, серке сұрайды. Ерте көктемнен қоңыр күзге дейін осы маңдағы ауылдарда қанша көкпар тартылғанын шотқа салар болсаңыз, Арыстанның да қалтасы қалыңдайтынын ұмытпаңыз. Арыстан ешкі өсірумен шектелмеген. Үш миллион теңге несие алып атақты қисары қой тұқымынан үш жүз бас аналық сатып алған. Асылдандырылған бұл қойдың тұрқы биік, еті мол. Жақсылап бақсаң, құйрығы тегенедей болып, шайлап қалады. Асыл тұқымды қошқар әкеліп, малын ірілендіріп жатыр. Сарыағашта Отан соғысына қатысқан Дәумен деген ата бар. Әлі күнге дейін бір табақ етті жалғыз өзі соғып алады. Сол ақсақал «Жігіттер, майы жоқ деп жасық етті жемеңдер. Ол – ауру малдың еті. Семіз мал – ауру-сырқаудан таза мал. Соны же», деп өнеге айтады екен. Арыстан баққан мал қоңды. Қисарының жонынан кене тайып жығылады. Семіз етке сұраныс та жоғары. Қазақ «көз қорқақ, қол батыр» дейді. «Тәуекел ет те, тас жұт» дейтіні тағы бар. Ер жігітті үлкен іске қайрағаны ғой. Қазір көп жастар ауылда жұмыс жоқ деп қалада қаңғырып жүр. Халық ауызында «Құлбазар» деп аталған жерді жағалап, машина тоқтаса аш қасқырдай бүлкілдеп жүгіреді. Жақында өткен брифингте ОҚО кәсіпкерлік, индустриялық-инновациялық және туризм басқар­масының басшысы Марат Қарабаев ауылдағы кәсіпкерлерге төрт пайыз мөлшерінде несие берілетіндігін айтқан. Бұдан артық қандай мем­лекеттік қолдау керек. Ал, атадан арыстан болып туған, малы қорасына толған, өз бейнетінің зейнетін көріп жүрген Арыстан Омаровтан үлгі алсаңыз, қанеки. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.