• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
13 Ақпан, 2016

Атырауда көзі нашар көретін балалар үшін арнайы коррекциялық сынып ашылды

714 рет
көрсетілді

Қай ата-ана баласының сау-саламат боп ержеткенін қаламайды дейсіз? Десек те, бәрінің бірдей қалауы бола бермейді ғой. Тағдырдың жазуы дегенімізбен, кей сырқаттарды емдеуге болатыны медицинада дәлелденіп келеді. Тіпті, түпкілікті сауықпаса да, сырқаттың одан әрі дендеуінің алдын алу үшін түрлі жаттығулардың өзі жеткілікті емес пе? Осыған дәлел ретінде Атыраудағы арнаулы мектеп-интернатта көзі нашар көретін балалар үшін арнайы коррекциялық сыныптар ашылды. Бұл сыныптардың ашылуына облыс әкімдігі қолдау көрсетіпті. Неге? Өйткені, Атырауда көзі нашар көретін 166 бала бар. Олардың өз қатарластары секілді алаңсыз білім алуына көз жанары кедергі жасайды. Соған кейбірі жалпы білім беретін мектептерге барған. «Менің ұлым Сергейдің жасы 8-де, осы кезге дейін жалпы білім беретін мектепке барып жүрді. Бірақ сабақтан қиналып келетін. Өйткені, көзіне көп күш түсетін еді. Енді мемлекеттің қолдауымен арнайы коррекциялық сыныпта дәріс алатынына қуаныштымын. Ұлым да қуанып отыр», дейді оның анасы Ольга Ғизатуллина. Ал кейбір балалар бұған дейін өз үйлерінде дәріс алып келіпті. Енді сондай балалардың бәріне коррекциялық сыныптарда білім алуға мүмкіндік жасалып отыр. Қазір арнаулы мектеп-интернатта көзі нашар көретін балаларға арналған коррекциялық сыныптың үшеуі бар. Мұнда қазақша және орысша 18 оқушы дәріс алады. Олардың ішінде 8 бала аудандардан келген. Олар үшін арнайы жатақхана, асхана жабдықталған. Балалар төрт мезгіл тамақ ішеді. Қалада тұратын балалар үшін арнайы автобус бар. Әрине, көз жанарында кіреуке бар балалармен арнайы мамандарға болмаса, кез келген мұғалімге дәріс өткізудің қиындығы бар. Сол себептен, дефектолог-типпопедагог Сайрагүл Зайдолла жұмысқа шақырылыпты. Жас маман былтыр Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітіріпті. «Мұндай балалармен дәріс өткізудің өзіндік ерекшелігі бар. Әр дәріс 30-35 минуттен аспауы тиіс. Әр сабақтың арасында көзге арналған жаттығулар жасатамын. Әр баламен жеке жұмыс жасаймын. Көзді түзету сабағын өткіземін. Бұл көз бұлшық еттерінің шынығуына, көздің тынығуына оң әсер етеді», дейді көруі нашарлаған балалармен жұмыс істеудің мәнісін білетін жас маман. Тегінде баланың қуанғанына ештеңе жетпейді. Көзі нашар көретін балаларға арналып ашылған коррекцциялық сыныпта бәрі бар: арнайы парта, қосымша жарық, кітап астына жабдық. Коррекциялық сыныптағы әр баланың ахуалымен танысып, ата-аналарымен сөйлескен облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан «Мемлекеттік саясаттың басым бағыты – халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсарту. Соның бір дәлелі ретінде көзі нашар көретін балалардың алаңсыз білім алуына жағдай жасауды көздедік. Әрине, үйде білім алуын ұйымдастыруға болады. Бірақ мектепке келіп, сапалы білім алғанның жөні бөлек қой. Оның үстіне әр бала ортаға бейімделеді, жаңа таныстар, достар табады. Ой-өрісі дамиды, қоршаған ортаға көзқарасы қалыптасады. Бұл балалар да қатар-құрбыларымен бірге білім алуға құқылы ғой. Осындай балаларымыздың шырағы сөнбесе екен», деген пікірімен бөлісті. Әр балаға әкімнің атынан сыйлық ұсынды. Ал балалар өздеріне арналған концерттік бағдарламаға ризашылықпен қол соғып отырды. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». АТЫРАУ. ––––––––––––– Суретті түсірген Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ.