• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Ақпан, 2016

Өтеусіз грант – 20 млн. доллар

473 рет
көрсетілді

Өтеусіз грант – 20 млн. доллар, оны өңірлердегі жастардың қызметіне беру жоспарлануда. Таяуда ҚР Білім және ғылым минис­трлігі «Жастар корпусын дамыту жобасы бойынша келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңы­ның жобасын ҚР Парламенті Сенатында ұсынды. Грант туралы Келісім жастарды ын­таландыруға, әсіресе табысы аз, жұмыссыз, мүгедек жандар және осал топтардан шы­ққан жастарды әлеуметтік жобаларды іске асыруға және табыс табуға мүмкіндік беру мақсатын көздейді. Келі­сім аясында 18-29 жас аралы­ғындағы жастарға ұсы­нылатын қоғамдық пайдалы қызметті іске асыратын жобалар қаржы­ландырылады деп болжамдалуда. Бұл жастардың бос уақытын дұрыс ұйым­дастыруға, мүгедек жандарға көмек көрсетуге, білім беруге және үйретуге, жас­тарға кеңес беруге, жергілікті жерді абат­тан­дыруға, жануарларды қорғауға және т.б. жұ­мыстарға арналған жобалар болуы мүмкін. Жалпы, грант бойынша 8,5 мың жасты қамтитын 1 700-ден астам жобаны қаржыландыру (жастардың басым бөлігі отбасы аз қамтылған, жұмыссыз және басқа жастардың осал топтары), сонымен қатар, 100 жастар ұйымын қамту жоспарлануда. Осы жобаны іске асыру үшін қанатқақты өңірлер ретінде Алматы, Қарағанды, Павло­дар және Оңтүстік Қазақстан облыстары айқындалды. Әр жобаға 4 мың АҚШ доллары бөлінеді, ол 6 ай бойы іске асырылады. Бұдан басқа, жобаларға қатысушылар ай сайын әлеуметтік стипендия алады (140-тан 325 АҚШ долл. дейін). Жобаға қатысуға ниет білдірген жастар­дың (5 адамға дейін) топтары өз жобаларымен әкімдіктің жанында жұмыс жасайтын Жастардың ресурстық орталықтарына барады. Ұсынылған жобаларды ҚР БҒМ құрған қоғамдық қайрат­керлерден, үкіметтік емес ұйымдардың және мемлекеттік органдардың өкілдерінен тұратын арнайы Комиссия іріктейді. Жас­тар конкурсқа ынталы топтар­дың құрамында және жастар (қабылдаушы) ұйымдары арқылы қатыса алады. Келісім ратификацияланғаннан кейін, барлық ұйымдастыру жұмыстарын жүзеге асыратын Үйлестіру агенттігін тарту үшін халықаралық конкурс жарияланады. Жобаны іске асыру мерзімі 2016-2017 жылдар болып белгі­ленді. Назар ҚАСЫМ.