Аспанасты елінде тәртіп сақшысы болып қызмет ететін қазақ қызы үздік полицейлер қатарынан көрініп, марапатқа ие болды. Қандасымыздың құмырысқаның илеуіндей құжынаған халқы бар Қытайда қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, әріптестерінен оқ бойы оза шығуы – күллі қазақстандықтар үшін үлкен мақтаныш және абырой.
Таслима Дәулетқызы 2010 жылы арнайы емтиханнан өтіп, Шыңжаң қоғамдық қауіпсіздік мекемесінің «ерекше сақшы» деп аталатын бас бөлімшесіне жұмысқа қабылданған. Онда ол 3 жыл бойы абыройлы еңбек етіп, қоғамдағы қауіпсіздікті сақтаудағы қызметін жақсы орындайды. Осылайша қазақ қызының жұмысына адал һәм қырағылығын байқаған басшылық 2013 жылы Үрімжі қалалық қоғамдық қауіпсіздік департаменті Сайбақ ауданына қарасты Хотан көшесінде әлеуметтік халық сақшысы қызметіне ауыстырады.
Таяуда Қытай елі қысқы спорттың 13 түрінен жарыс өткізді. Төрт жылда бір болатын спорт додасы тұңғыш рет Үрімжі қаласында ұйымдастырылды. Осы 15 күнге созылған мемлекеттік деңгейдегі ауқымды шарада қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тікесінен тік тұрып қызмет еткен полиция өкілдерінің еңбегі билік тарапынан бағаланып, тәртіп сақшыларының үздіктері марапатталды. Мұның ішінде, әрине, қандасымыз Таслима Дәулетқызы да болды.
Айта кетейік, Үрімжі қалалық қоғамдық қауіпсіздік департаменті оны «қоғам амандығын қорғаудағы үздік полиция қызметкері» атағымен марапаттады. Бұл Таслиманың алғашқы табысы емес. Ол құқық қорғау саласында қызмет етіп келе жатқан алты жылда халықтың ыстық ықыласына бөленіп, алғысын арқалаған жан.
Төребек ТҰРМАНОВ.