• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
16 Ақпан, 2016

Көздегеніміз – кәсібилікті кемеліне келтіру

322 рет
көрсетілді

Сонымен, сайлау науқаны қыза бастады. Саяси партиялар белсенді іске кірісіп жатыр. Өмір сүру сапасына оң әсерін тигізуге тиісті заманауи заңдар шығарады деп үміттенетін Мәжілістің сайлауына еліміз ентелей көз тігіп отыр. Әрқашан да одан заман талабына жауап беретін сапалы заңдар, тың бастамалар күтеді. Депутат болудың өзі біздің елімізде зор құрмет, үлкен сый. Халық ондай адамға жарылып жол, жарқылдап қол беріп жатады. Бір сөзбен айтқанда, депутат – халықтың алақанға салып аялайтын, барын төгіп бағалайтын халық қалаулысы. Сол құрметті ақтау үшін депутат та қолдан келген көмегін халықтан аямағаны дұрыс. Оның қолында орталық биліктен бастап, барлық жергілікті атқарушы билік орындарына әсер ете алатын тетіктер бар. Соның ең өтімдісі – халық мүддесін қорғап, жоқ-жітігін толтыруды қолдап, билікке депутаттық сауал жолдау. Сауалдағы орынды талаптар, заңды тілектер сырғытпа жауаппен қайтарылып, орындалмай жатса, Парламенттің биік мінберіне мәселе етіп шығарып, атқарушы биліктің сол саласындағы ең жоғары лауазымды тұлғасын палатаның жалпы отырысында жауап беруін талап етуге дейін құзыреті жетеді. Енді Парламент Мәжілісінің 2004 жылғы үшінші сайланымынан бастап оның жұмысын белсенді көрсетіп жүрген журналистің бірі ретінде сол уақыттан бергі қызметтеріне тоқтала кеткіміз келіп отыр. Үшінші сайланым 2004 жылғы қыркүйек айында жүзеге асты. Бұл өте тартысты, ел назарын тұтасымен өзіне еріксіз аударған саяси науқан болды. Сайлауға барлығы 12 саяси партия қатысып, олардың ішінде 4-уі екі сайлау блогына бірікті. Азаматтық партия мен аграрлық партия өз блогының үздік атау­ын тапқан адамға қомақты жүлде тағайындағаны да есте. Ақырында оларға «АИСТ» деген атауды тапқан адам жүлде алған еді. Бұл жылы Мәжілістің депутаттық орны 77 болатын, соның 67-сі бір мандатты аумақтық сайлау округтерінен, 10-ы партиялық тізіліммен сайланды. Айта кететін жайт, бұл ең соңғы бір мандатты сайлау еді. Келесі сайланымдардың бәрі 2007 жылы Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес партиялық тізіммен сайланатын болды. Осы сайланымда халқы­мыз­дың нелер бір ығай мен сығай адамдары депутаттыққа өткен-тін. Олар заң жобасын талқылау барысында барынша біліктілік танытып, қарапайым жұрт біле бермейтін, тіпті, заң жобасын әзірлегендер де ескермеген дүниелерді ортаға салып, қызу пікірталасқа түсетін. Осы сайланымда Аяш ата­лары­ның тегін алған сирек фами­лиялы екі депутат та болды. Біреуінің аяғы «ов»-пен, екін­ші­сінікі «ев»-пен аяқталатын. Екеуі де белсенді, әсіресе, Райым­бек Аяшов жер қойнауын игеру мәселелері туралы жетік біле­ді. Оларды жиі ауыс­тырып алып жүретін едік. Осы құрамда ақтөбелік инже­нер Марал Итеғұловтың болға­ны да есімізде. Өте білімді, Мәс­кеу­дің энергетика институтын бітірген, ұстанған позициясынан таймайтын табанды әрі батыл депутат-тын. «Эйр-Астана» әуе компаниясының қызметі туралы бірнеше депутаттық сауал жолдап, ақыры компанияның қызмет көрсету жұмыстарын жақсартуға біршама қол жеткізген. Төртінші шақы­ры­лымда ол «Нұр Отан» партия­сының тізімімен қайта сайланды. Үшінші сайланымда Пре­зидент­тің ұсынысымен Мәжіліс Төрағасы болып Орал Мұхамед­жанов сайланған еді. Өте білімді, кез келген мәселені кеңінен толғайтын ұстамды, алды да кең азамат еді марқұм, палатаны да біліктілікпен басқара білді. Бір сөзбен қорытындылайтын болсақ, осы сайланым өмірдің барлық қырларын талдауда да біліктілік көрсетумен қатар, демократиялық мұраттарды жоғары қойып, бел­сенді жұмыс істеді. Өкініштісі сол, ол екі жарым жылдай ғана қызмет етті, өйткені, 2007 жылдың мамыр айында Конституцияға өзгерістер енгізіліп, ендігі жерде Мәжіліске депу­таттар тек партиялық тізім­мен сайланатыны бекітілген болатын. Осы және басқа себептерді басшылыққа алған 50-ге жуық депутат Президенттің атына үндеу қабылдап, өздерін таратуды өтінді. Сөйтіп, Мәжіліс мерзімінен бұрын таратылды. Төртінші сайланым 2007 жылдың 18 тамызында болды. Конс­титуцияға енгізілген өзгеріс­терге сәйкес, Мәжіліс депутат­тарының саны бұл жолы 107-ге жеткізілген. Оның 9-ы Қазақстан халқы Ассамб­леясынан сайланатыны да Конс­титуцияда белгіленген. Жоға­рыда айтқанымыздай, бұл жолы бір мандатты сайлау округі жоқ, депуттардың бәрі (98) жалпы­ұлттық сайлау округтері бойын­ша партиялық тізіммен сайлан­ды. Сайлауға жеті саяси партия қатыс­қан еді, алайда, соның ішінен 7 пайыздық дауыс үлесіне тең болып белгіленген табалдырықты жалғыз-ақ «Нұр Отан» партиясы еңсере алды. Сөйтіп, Мәжілістің орынтағында бір-ақ партияның өкілдері отырды. 20 тамызда ҚХА өзіне тиесілі 9 депутатын сайлады. Құрамында ел мен жердің мүддесін білгірлікпен қорғап, заң жобаларын біліктілікпен жетілдіріп жатқан белсенді депутаттар болғанымен, бір партиялық Парламентте бұрынғыдай қызу пікірталастар, ұтымды ұсыныстар өрбімеді. Оның үстіне, ашықтық, демократия қағидаттары да ішінара бұрмаланып, көзге ерсілеу көрініп тұратын. Палата Төрағасы Аслан Му­син бұрынғы төрағаның кезіндегі демократиялық ашықтықты азайтты. Де­путаттарға қатаң ескер­тулер жасайтынын да көзі­міз көрді. БАҚ-пен жұмыс та бұрын­ғыдай емес, саябырсып қалды. Мысалы, журналистерге депутаттық сауалды алудың өзі үлкен проблемаға айналған еді. Бәлкім, осының да салдары болған шығар, әйтеуір ол бұл қызметте көп істемей, басқа жұмысқа ауысып кетті. Орнына бұрынғы төраға Орал Мұхамеджанов қайта сайланып, Парламент жұмысы қайтадан біршама ашық, демократиялық жолмен жандана түсті. Төртінші сайланым да төрт жылдан сәл ғана артық қызмет етіп, Президенттің 2011 жылдың 16 қарашасындағы Жарлығымен өз жұмысын мерзімінен бір жыл бұрын тоқтатты. Бұл Жар­лық­тың шығуына да депутаттардың өз ұсынысы себеп болды. Онда­ғы негізгі уәж де қаржы-эконо­микалық дағдарыстың жаңа толқынының алдында Парла­ментті жаңадан жасақтап алуға сайды. Бұл уәждің де жаны бар еді, дегенмен, ең басты себеп, біздіңше, Парламенттің бір-ақ партиядан тұрғандығы бол­ған секілді. Осы тарапта бізді әлемдік салмағы бар демо­кра­тиялық ұйымдар мен қайрат­керлер сынап та алатын. Сондықтан үндеудің өзінде де: «Қол­даныстағы заңнамаға сәйкес, сайлау қорытындысына қарамас­тан, келесі Парламент кемінде екі саяси партиядан жасақта­лады. Осыған байланысты көп­партиялы Парламентті жасақ­тауға мүмкіндік беретін осы демо­кратиялық тетікті көп кешік­тірмей іске асырған жөн. Бұл қадам Қазақстанның көппар­тиялық және саяси плюрализм идеяларына адалдығы нышанын білдіреді» деп жазылған еді. Кеше ғана таратылған бе­сін­ші сайланған Мәжіліс 2012 жыл­дың басынан жұмыс­қа кіріскен. 7 пайыздық табалдырықты бұл жолы үш партия еңсерді, соның ішінде «Нұр Отан» сайлау­шы­лардың 80,9 пайыз, «Ақ жол» – 7,47 пайыз, Қазақстанның комму­нистік халық партиясы (ҚКХП) 7,19 пайыз дауысын алды. Соның нәтижесінде нұр­отандықтар – 83, ақжолдықтар – 8, коммунис­тер 7 депутаттық орынға ие болды. 9 депутат ҚХА-дан сайланды. Сөйтіп, Парламент демократиялық қағи­даттарға сай болып жасақталды. Бірден айту керек, Мәжіліс бұрынғыдай емес, бірден жанданып, белсенді жұмыс істей бас­тады. «Нұр Отан» партиясының депутаттық фракциясы қашан­дағыдай белсенділік танытты. «Ақ жол» партиясы қа­зақ­стандық бизнестің мүддесін жан-тәнімен қорғап, өндірісшілерді қолдау жолында орынды ұсыныстар беріп отырды. Өткір пікірсайыстар да көбіне А.Перуашев бастаған солардың та­рапынан шығып жатты. ҚКХП халықтың, шаруаның, жұмысшының мүддесін қорғау жолында белсенділік көрсетті. Ал осындай білікті де бел­сенді депутаттардың Мәжі­лісте көп болғаны Парламенттің тиімділігін арттырары сөзсіз. Біздің болжам бойынша, биылғы Мәжіліске төрт саяси партияның өкілдері өтетін секілді. Олар: «Нұр Отан», «Ақ жол», «Ауыл» және ҚКХП. «Ауылдан» басқалары халыққа әбден танылған партиялар. Әсіресе «Нұр Отанның» беделі зор. Халық оған Президенттің партиясы деп қарап, Елбасына деген сеніммен өз дауыстарын беретіні күмәнсіз. «Ақ жол» да өз электо­ра­тының мұң-мұқтажын шешуге белсене араласып, батыл саяси күш екендігін көр­сете білді. Пленарлық отырыс­тардағы жарыссөздер мен пікірсайыстарда осы партияның дауысы кейде басқа партиялардан қаттырақ шығып кетіп жататын. Үкімет әзірлеген кейбір «бір қайнауы ішіндегі» заң жобалары ақжолдықтар тарапынан сынға ұшырайтын. Олар ашықтық, сөз бостандығы сияқты демократиялық қағидаттарды да еркін пайдаланатын, БАҚ-тарға да жиі шығып, өздерінің ұстанымдарын ашық білдіретін. Біздіңше, бұл жолы «Ақжол» 8-9 пайыздық дауыс үлесін алуы мүмкін. «Ауыл» партиясының мүм­кіндігі де айтарлықтай екені аң­ғарылады. Бүгінгі күнге дейін белсенділігі таныла қоймаған партияның басына бүгін қазақстандық саяси истеблишментке кіретін тұлғалардың өкілдері келді. Үкіметті сынау арқылы ұпай жинауды көздеген бұрынғы басшылықты енді билікпен бірге еңбек етіп, оның ауылдағы ісіне жәрдемдесейік, жоқ-жітігін бірлесіп түгендейік, сөйтіп, жалпыхалықтық істің нәтижелі болуына атсалысайық деген бүгінгі басшылық ауыл электораты тарапынан тиісті дауыс жинайтыны сөзсіз. ҚКХП-ның қарымы да 7 пайыздық табалдырықтан асуға жететін сияқты. Өйткені, олар өткен сайланымда өздерінің қалыптасқан саяси күш екендігін көрсетті. Араларында халықтық іске белсене кірісе алатын қайраткерлер бар екендігі де байқалды. Билікті сын тезіне салып, халықтың сөзін айта білген батылдығы да талай құлақтарды елең еткізді. Сондықтан бұл партияның тағы да парламенттік саяси күш болары сөзсіз. Ал басқа саяси күштердің мүмкіндіктері әлдеқайда төмен, төрт-бес жылда бір оянып, сая­си партия екендерін сайлау науқанының қарсаңында ғана еске түсіретін олардың сөзіне халық бәрібір ермейді. Қанша жерден өтімді сындар айтылса да халық даналығы түптеп келгенде елдің тыныштығы, экономиканың тұрақтылығы, өз әл-ауқатының артуы үшін дауыс береді. Сөз жоқ, негізгі саяси күш «Нұр Отан» болатыны анық. Жаңа Мәжілісте халық­тың барлық әлеуметтік топтары­ның үндері бұрынғыдан жарқы­ны­рақ естілері сөзсіз. Ең бастысы, төменгі палатаға білікті, кәсі­би адамдар келеді деп сене­міз. Кезектен тыс сайлау өткізу­дегі басты мақсаттардың бірі де осы емес пе еді. Және де бұл бар­ша қазақстандықтардың демокра­тиялық құндылықтарды өмі­рімізге сабырмен, салиқа­лы­лықпен ен­гізу жолындағы үлкен табысы болмақ. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».