• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
16 Ақпан, 2016

КҮЛКІ КЕРУЕНІ №23

416 рет
көрсетілді

Әзіл-оспақ, сын-сықақ бұрышы   Бөлімді жазушы-сатирик Берік Садыр жүргізеді   ...деген екен Дүниеде не жаман 1991 жылдың қаңтар айында белгілі қолөнер шебері Дәркембай Шоқпарулымен жүздескен едік. Сол мезетте ол кісіге табан асты: – Дүниеде не жаман? – деген сауал қойылғаны. Дәркембай еш саспастан: –  Дүниеде күткен мен қуған жаман, – дегені бар.   «Қазақ беске бөліне ме?» Мұқағали Мақатаев мұражайының салтанатты ашылуына қатысу үшін астанадан бір топ өнер, әдебиет, ғылым қайраткерлері мен журналистер Қарасазға келеді. Оларға қонақасы берілген соң ақын Еркін Ібітанов: –  Енді әр үйге бес-бестен бөлінейік, – дейді оларды орналастырмақ ниетпен.  Сонда жас жазушы Жаңабек Шағатаев: – Бұған дейін қайран қазақ үшке бөлініп кеп еді. Енді беске бөлінетін болған ба? – деген екен.   «Қомағай болмау керек» Арнайы курс сабағы жүріп жатқан. Оқытушымыз – филология ғылымының докторы Темірбек Қожакеев сабаққа келмеген студенттен: – Қайда болдың? – деп сұрады. – Бәлницте. – Е, не боп қалды? – Отрабление. Сонда профессор Темірбек Қожакеев: – Қомағай болмау керек, – дегені бар. Нұрлан Қалқа.   Шойын қара кемпірдің зары («Қара кемпірдің зары» әнімен) О-о-о-о, дүние-ай! Қос ессіз Виноқұлым, Тостығұлым, Бас жарып, көз шығарған қос шыбыным. Қырық жыл аңыраған сорлы анаңның, Зарына құлағыңды тосшы бүгін.   Қырық жыл тасып жүрмін шарабыңды, Бірің де демедіңдер анам мұңды. Спирт ап дүңгіршіктен сақтап жүрмін, Самопал улатар деп қарағымды.   Түрменің сендер жатқан бекеті көп, Мың тәуба бірақ оның рэкеті жоқ. Қылмысты өз қолыңмен жасап алған, Мойныңмен көтерудің сөкеті жоқ.   О-о-о-о, жалған-ай! Виноқұл, Тостығұлым, қарақтарым, Бас жазар табыла ма арақтарың. Қос ұлым ішіп кеткен атау ед деп, Жүремін шөлмектердің санап бәрін.   Сендерсіз мына қу үй қыстай екен, Арақты жұрт ішкенмен құспайды екен. Зәһарды ел секілді іше алмаса, Түрмеге жатпас бұрын құспай ма екен.   Қара шаш аппақ бүгін қырау болды, Теңге жоқ елден қайыр сұрау болды. Әр күнім зона есігін көзбен бағып, Әр түнім сендерді ойлап жылау болды.   О-о-о-о, жалған-ай! Көңілім мұнша неге қоңырлайды. Сен түгіл малды да олай қорымайды. Виноны қайнататын қазандарға Қос қозым неге тегін шомылмайды.   Мен қайда, сендер жатқан қиыр  қайда, Беретін пара орнына сиыр қайда. Рахымы түсіп қетіп тәңірімнің, Ертерек амнистия бұйырмай ма?   Қамауда қос шыбыным бүрге жоқ па, Шығар-ау жегендерің күнде ботқа. Виноқұл, Тостығұлым шығып қалар, Бір барып қайтайыншы түрме жаққа. Ермахан Шайхыұлы.   Сүзеген сөз *Мына шындықты көкейіңе бойтұмардай түйіп ал – « Реті келгенде өтірік айтуға да тура келеді». *Кейінгі кезде туған табиғатқа етене жақындамағанымыздың белгісі – айналамызды қазып-қопарып, қырқып-қырып хайуаннан әрі болып кеттік. *Бұрын бәрі қандай керемет еді: әсіресе алдыда тұрған жарқын болашағымызды айтсаңшы... *Тірлікте – спорттағы сияқты – ең негізгі нысана : деген болып жеңіп шығу емес – көптің бірі болып қара көбейткенің... *Ғұмырыңда сенің жетістігіңе ризашылық білдіріп қол соққандардың алақан ортасына түсе көрме. Сүзгілеген – Берік.   *Әзіл әңгіме Алғашқы айна (Ел аузынан) Айна атаулы алғаш кез келген адамзатқа тосын дүние болғаны белгілі. Балғын шағымызда таңданып таңдай қақтық. Есейе келе күлімдеп қарап көз үйреттік. Ал қазір қажетімізді өтер зат есебінде қараймыз. Ал сіз сол айна деп аталатын заттың алғаш қазақ жұртына келіп сіңген тарихын, болмаса мыңғырған мал айдап ұшы-қиырсыз кең даланы мекен еткен ата-бабамыздың сол бір тосын дүниені қалай қабыл алғанын естіп-білгеніңіз бар ма?! Біз бұл жерде – айна қай жерде, қашан пайда болған, алғаш қай жұрт кәдеге жаратып, қайдан қай жаққа қарай тараған деген мәліметтерге бара қоймаймыз. Бар білетініміз – бұл тосын дүние, қай жұрт, кім болмасын, әйтеуір бір тамсандырып, таңдандырып, кей тұста үрей тудыра шошындырып, не керек өз тосындылығымен ерекшеленеді екен. Сол айна осыдан пәленбай ғасыр бұрын, өзіміздің солтүстік батысымыздан піссіміллә деп қазақ жеріне аяқ басқанда – алғаш Қожекеңнің үй-ішіне тап болыпты. Ол кез Қожанасырдың қылшылдаған қыршын шағы. Аты дүрілдеп, жер-жаһанға жайыла бастаған, ұшы-қиырсыз өз өлкемізді түгел аралап болып, енді-енді шет елдерге шыға бастаған кезі болса керек. Қазіргі Қожекең туралы: «Қожанасыр көшеде келе жатса бір иесіз зат жатқан көрінеді. Жанына жетіп барып, жерден көтеріп алса – ар жағында тура өзі қатарлас бір азамат өзіне тесіле қарап қалған көрінеді. Сонда Қожекең: «Ой, бұл сіздікі ме еді, кешіріңіз» деп айнаны қайтадан орнына қоя салған көрінеді», – деп айтылып жүрген хикая сол алғаш шет елдің бірінде айнаға тұңғыш тап болғанда болса керек. Содан, көп кезіге берген тосын затқа тосырқай бермей, бұл да қолына алып тамсанып-таңданып, одан еті үйреніп, көзі қаныққан соң бұның айна екенін біліп, сиқырын сезінгеннен кейін – онан өз бойымен шамалас біреуін көк есегіне жүк қып артып, еліне оралады. Бұл жапан далада жалғыз отырған өз үйіне арып-ашып жеткенде, қарсы алған ешкім болмайды. Әкелгенін алты қанат ақ үйдің тар босағасынан әрең енгізіп, артын жүкке тіреп қақ төрге орналастырады да , кешкі мал-жайды жайғастырып сыртта жүрген үй-ішіне барады. Амандасып, көрісіп болған соң, өзінің жан дегенде жалғыз қарындасына: – Мен саған үлкен сыйлық әкелдім, үйде, барып көр, – дейді. Ерке өскен қарындасы алып-ұшып үйге келіп, есікті серпи ашып ішке енсе – нақ төрде өзі қатарлас бір қыз сүзіле қарап, сызылып тұр... Көп кідірмей қайта шығып, жақын маңда бие сауып отырған шешесіне жетіп барып: «Шеше, сүйінші, ағам келіншек әкепті»... – деп еркелей тіл қатады. Шешесі «Ой-буй, көтек, не дейді!» – деп бетін бір шымшып, шелегін қызына беріп үйіне жетеді. Босағаны аттай сала, төрге көз салып еді, шынымен-ақ нақ төрде бір елуді еңсерген әйел адам тесіле қарап таңырқап тұр екен... Көп кідірмей қайта шығып, мал шетінде жүрген күйеуіне барып: «Ана балаң келін әкепті...» деп қинала айтады. – Келін келсе қуанбаушы ма едің, – деген күйеуіне: – Сол жетпегірің бет-пішіні әжім-әжім мен қатарлы біреуді алып келген-ау шамасы... – деп мұңын шағады. Көпті көрген көреген әкей: –Қой, қайдағы жоқты айтпа, – деп әйелін тыйып: – Жүріңдер үйге, келіннен ұят болады, – деп бес-алты жан үйге енеді. Әкей алты қанат ақ үйінің қақ төрінде қарсы қарап түрегеп тұрған бір қауым елді көріп: – Өй, келін ғана емес, құда-құдағи, құдаша, құда бала да кеп қалған екен ғой... Ассалаумағалейкум! – деп құшақ жая ұмтылғанда, маңдайы қатты затқа шарт етіп, құшағында өзі қатарлас құрдасы емес – жылтыр темір тұрғанда – шалқалап жығылып, бірер уақыт ес-түссіз есеңгірегені бар... Айна өз тағдырын қазақ жұртында осылай бастап, одан әрі талай-талай тамашаларды жасап барып тез-ақ сіңісіп кеткен болатын. Әкім Қожаұлы. Астана.