Хромтау қаласында өткен 1999-2000 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы допты хоккейден Қазақстан Республикасының біріншілігі мәреге жетті. Дөң тау-кен байыту комбинатының сауықтыру-денешынықтыру кешенінде төрт күн бойы еліміздің өңірлерінен келген бес команда ел біріншілігінің алтын жүлдесін сарапқа салды. Осы кешеннің жанындағы допты хоккей секциясының тәрбиеленушілері финалда Орал қаласының командасын, 4:2 есебімен жеңіп, ел чемпионы атанды.
«Горняк» командасының алты ойыншысы еліміздің құрама командасына шақырылды. Енді олар 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Ресейдің Архангельск қаласында өтетін әлем біріншілігінде ел намысын қорғайтын болады. Олар – Азат Бектұрғанов, Әмір Қадыржанов, Никита Марусич, Андрей Семин, Талғат Рамазан және Дмитрий Бодиш.
– Біздің балалар өте жинақы және шебер ойнады. Қарсыластарымыз да осал емес. Шәкірттерім, әсіресе, финалда әдемі ойын өрнегін көрсетті, – дейді жаттықтырушы Амансерік Ұстабаев.
Допты хоккейден ел біріншілігі Дөң тау-кен байыту комбинаты сауықтыру-денешынықтыру кешені базасында 2008 жылдан бері өткізіліп келеді. Үстіміздегі жылы наурыз айында мұнда ең жас хоккейшілердің арасында ел біріншілігін өткізу көзделуде. Комбинат директоры Марал Бекеев допты хоккейден Қазақстан чемпионатын Хромтауда өткізу дәстүрге айналғанын айта келе, бұл үрдістің алдағы уақытта да жалғасын табатынына сендірді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.