«Нұр Отан» партиясы Көкшетау қалалық филиалында «Партиялық мониторинг» партиялық акциясы өткізілді. Кездесуге «Нұр Отан» партиясы Көкшетау қалалық филиалының төрағасы, Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев, партияның Көкшетау қалалық филиалы Саяси кеңесінің бюро мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, партияның облыстық және қалалық филиалдарының қызметкерлері қатысты.
Е.Маржықпаев баяндамасында бүгінгі таңда Елбасы тапсырмасымен аймақта әкімдердің есеп беру кездесулері өткізілгені туралы хабардар етті. Ол есеп беру кездесулері сындарлы үнқатысу негізінде тұрғындардың өзекті мәселелерін айқындап беретін маңызды құрал, деп атап көрсетті. Е.Маржықпаев өз сөзінде Көкшетау қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының өткен жылғы негізгі көрсеткіштеріне де тоқталды.
Барлық салалардағы оңтайлы өзгерістерден хабардар еткен ол өзекті мәселелерді де ортаға салып, партия белсенділерін алға қойылған мақсаттармен таныстырды. Оның бастылары – «Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт Жоспары, Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» бағдарламалық мақаласы және «Нұр Отан» партиясының съезінде Елбасы алға тартқан стратегиялық тапсырмаларды орындау болып табылады. Сонымен қатар, ол қала тұрғындарын толғандыратын кез келген мәселеге талдау жасалып, нақты шешімдер қабылданатынын және бұл жайт нұротандықтардың айрықша бақылауында болатынын айтты.
Кездесуде «Нұр Отан» партиясы Көкшетау қалалық филиалы жанындағы партиялық мониторинг тобының төрағасы Асқар Ақбаров сөз сөйледі. Ол: «Партиялық мониторинг» партиялық жобасы – барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындар тарапынан көтерілетін көкейкесті мәселелерді шешуде партиялық ықпал мен көмекті күшейту болып табылады. Бұл ретте ешбір сұрақ ескерусіз қалмайды. Партияның тұрғындардың сұрақтарын шешуде қажетті әлеуеті мен жұмыс тәсілдері бар. Сонымен қатар, азаматтар үшін партияның іс барысындағы қоғамдық қабылдаулары да зор жәрдем мен демеу көрсететін тірек», – деп атап көрсетті.
Көкшетау қаласының әкімі, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының төрағасы Е.Маржықпаев кездесуге қатысушылардың бірқатар сұрақтарына жауап қайтарып, қазіргі күрделі кезеңде Елбасы Жолдауында міндеттелгендей, қоғамдық өмірдегі партиялық ықпалды барынша арттыру қажеттігін алға тартты.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.