• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Ақпан, 2016

Қос пойыздың қайырлы сапары

433 рет
көрсетілді

Астанадан асқаралы мақ­саттар арқалап жолға шық­қан «Мәңгілік Ел» үгіт-наси­хат пойызы кеншілер аста­насы Қарағандыға ат шал­дырды. Қазақстан Респуб­ликасы Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығына арналған бұл жал­пы­республикалық акция­ның негізгі мақсаты – Мем­лекет басшысы ұсынған «5 инс­титуттық реформаны жүзе­ге асыру бойынша 100 нақ­ты қадам» – Ұлт Жос­парын ел ішінде егжей-тег­жей­лі түсіндіру. Сапарға сайланып шыққан пойыздың ішінде түрлі ве­дом­стволардың жүздеген мамандары мен сарапшылары бар. Шара барысында пойыз аялдайтын ел­ді мекендердің тұрғындары қо­ғамдық қабылдаулар туралы толыққанды ақпарат алып, түр­лі ведомство мамандарының ақыл-кеңесін тыңдайтын болады. Бұдан басқа, мәдени-бұқаралық және ойын-сауық шараларын өткізу жоспарланған. «Мәңгілік Ел» пойызын қала әкімі Нұрлан Әубәкіров бастаған қарағандылықтар құшақ жая қарсы алды. Вокзал маңында арнайы құрылған сахнада салтанатты митинг ұйымдастырылып, қонақжай қарағандылықтар мүбәрак мақ­сатпен ел ішіне аттанған алқалы топқа сәт сапар тіледі. «Сіздерді Қарағандыда күтіп алғанымызға қуаныштымыз. «Мәңгілік Ел» заманауи жал­пыұлттық идеясын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қалыптастырды. Қазақ­стан­дықтардың жалпыұлттық идеясының құн­дылығы «Қазақстан-2050» Стратегиясының мақсаттарымен сабақтасқан. Онда білім беру, азаматтардың денсаулығы мен әл-ауқаты бас­ты басымдық ретінде айқындалған», – деді қар­сы алу митингісінде сөз сөйлеген Қарағанды қала­сының әкімі Нұрлан Әубәкіров. «Мәңгілік Ел» пойызы штабының басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшесі Әміржан Әлпейісов кеншілер астанасының қонақжай пейіліне ризалық сезімін білдіріп, сапар барысындағы жоспарларымен бөлісіп, алда тұрған міндеттерге тоқталды. Сондай-ақ, ол жаңа реформалар мен маңызды міндеттерді іске асыру барысында еліміздің индустриялық тірегі Қарағанды сынды алып облыстың ерекше рөл атқаратынын да атап өтті. Сол күні «Мәңгілік Ел» пойызының деле­гация­сы Қарағандыдағы «Достық үйінде» этномәдени бірлестіктер басшыларымен дөңгелек үстел басында кездесіп, мәжіліс құр­ды. Кешке қарай облыс орталығындағы Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының сахнасында ұйымдастырылған мерекелік кон­цертті тамашалады. Жалпы, үгіт-насихат пойызына қатысу­шылар Қарағандыдағы бір күннің ішінде сегіз кездесу өткізіп үлгерді. «Біздің пойыздың құрамында 150-ге жуық адам бар, – деді Әмір­­жан Әлпейісов. – Олардың арасында министрліктердің жетекші мамандары, сарапшылар, медицина қызметкерлері, заңгерлер бар. «Мәңгілік Ел» пойы­зы тек Қазақстан Рес­публикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған мерейтойлық шаралармен ғана шек­теліп қалмай, жұртшылықтың әлеуметтік және құ­қықтық жағдайларына да назар аударатын болады». «Мәңгілік Ел» делегациясымен бір уақытта «Саламатты Қазақстан» медициналық пойы­зы да сапарға шыққан. Бұл арнайы кеңес бе­ру-диагностикалық пойыздың құрамындағы дәрігерлер болат жолдың бойында орналасқан стансалардың тұрғындарына медициналық қызмет көрсететін болады. 2010 жылдан бері тұрақты түрде жұмыс істеп келе жатқан бұл жобаны іске асырушылар биыл облыстың 19 стансасына аялдап, қаладан шалғай жатқан ауыл тұрғындарына ем-дом көрсетуді жоспарлаған. Елбасы шақыруымен қанаттанған, ел ті­легімен рухтанған қос пойыз бір ай ішін­де еліміздің 33 елді мекенін аралап шы­ғуды көз­­­­дейді. «Мәңгілік Ел» пойызы жалпы­рес­публикалық акция өз сапарын Наурыз мере­кесі қарсаңында Алматы қаласында түйіндемек. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ.