Қазақстан Коммунистік халық партиясының Орталық кеңсесінде партия басшылығы мен облыстық және қалалық комитеттері белсенділерінің қатысуымен электоратты кезеңде Қазақстан Республикасы заңнамасын ұстану бойынша кеңес беретін скайп-семинар өтті.
Жиында сөз алған ҚКХП Орталық кеңсесінің басшысы В. Смирнов: «Заңдылыққа сәйкес, жұмыс жүргізу – біздің негізгі ұстанымымыз. Партия өз кезегінде қазіргі заманғы коммунистік тәрбиенің негізі ретінде қолданыстағы заң талаптарына басымдық береді. Сондықтан, біз үгіт-насихат жұмыстарына дайындықты заңнама бойынша жаттықтыру семинарынан бастауды жөн көріп отырмыз», – деді.
Семинар барысында партия өкілдері үгіт-насихат жұмыстары барлық кезеңде қолданыстағы заң шеңберінде атқарылуы тиіс екендігін жеткізді. Сондай-ақ, сайлау заңнамасы мен тиісті шараларды өткізу ерекшеліктерін талдай келе, қолданыстағы заңнаманы қатаң ұстану қажеттігін, партияның әрбір мүшесі оны қабылдап, қолданып және алған білімін аудандық және бастауыш ұйымдардағы әріптестерімен бөлісуі тиістігін атап өтті.
Шара соңында В.Смирнов семинарда жинақталған тәжірибе облыс орталықтары мен аймақтардағы коммунистерге партияның бағдарламалық мақсаттары мен коммунистік ұстанымдарын іске асыру үшін үлкен мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Бұл күні, сонымен қатар, облыстық және қалалық комитеттерге үгіт-насихат жұмыстарын реттейтін заңға қосымша нормативтік актілер мен заңнан үзінділер жіберілді.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».