Жамбыл облыстық өңірлік телекоммуникация қызметінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар сайлауларына арналған брифинг өтті. Оған Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның аймақтық филиалының басшысы Парида Мамедова қатысып, саяси науқан – сайлаудың заң аясында өтуі демократиялық үдерістердің ашықтығын көрсететінін атап өтті.
– Биыл Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар сайлаулары өткелі отырғандықтан, дайындық шаралары да қызу қолға алынды. Комиссия барлық кандидаттарға теңдей жағдай жасалуын қамтамасыз ету үшін жұмыс істейтін болады. Комиссияның міндеті – сайлауда кездесетін құқық бұзушылықтардың алдын алу. Комиссия мүшелері байқаушыларды арнайы оқыту семинарлары мен тренингтер өткізеді. Облыстың барлық сайлау учаскелерінде 400-ден астам байқаушы жұмыс істейтін болады. Басты қойылатын талап – «Cайлау туралы» Заңды білу. Сонымен қатар, арнайы әдістемелік құралдар, жаднама және хаттама үлгісі келтірілген байқаушы күнделігі дайындалды. Байқаушы қойын кітапшасы дауыс беру басталысымен және аяқталғанда толтырылатын хаттамадан тұрады. Филиал кеңсесі жұмысты үздіксіз жүргізеді. Демалыс күндері арнайы кезекшілік ұйымдастырылады, – деді П.Мамедова.
Одан әрі ол қоғамдық комиссияның аймақтық филиалы жұмысының үш кезеңнен тұратынын еске салып, барлық қоғамдық ұйымдармен және азаматтармен әріптестік қатынас орнататындарын жеткізді. Сайлаудың әділ және халықаралық талаптарға сай өтуін қадағалап, ақпараттандыратын көрінеді.
Брифинг барысында Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның облыстық филиалының мүшесі Альбина Тапаева да саяси науқанды өткізу туралы өз ойымен бөлісті. Комиссия Тараз қаласы, Сүлейменов көшесі №7 үйдегі Тараз мемлекеттік университеті бас ғимаратындағы 3-қабаттың 302-бөлмесіне орналасқан. 50-17-21 сенім телефоны жұмыс істейді.
Ел өміріндегі аса зор саяси науқанға байланысты журналистер өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, жауаптар алды.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.